24 там, 2016 сағат 11:57

Путиннің маскасын киген белсенді Украинаға қашты

Ресей президенті Владимир Путиннің резеңке маскасын киіп, үнемі жалғыз наразылық шарасын өткізумен танылған мәскеулік белсенді Роман Рословцев Украинадан саяси баспана сұрады.

Рословцев тамыздың 20-сы күні түс әлетінде Мәскеудегі жалдамалы пәтеріне заттарын тастап кетіп қалған. Тамыздың 22-сі күні Киевте Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ол өзі киіп жүрген Путиннің маскасы да сол пәтерде қалғанын айтты. Белсенді Ресей ішінде ғана жарайтын паспортын, ақшасын және бір қабат киім-кешегін ғана алып кеткен. Ресейдің қауіпсіздік қызметі телефонын тыңдайды деп күдіктенген ол қашып бара жатқанын тіпті анасына да айтпаған.

Бұдан соң оны досы автокөлікпен Беларуське алып барады, түнгі 12-лер шамасында ол жүк көлігінің артына жармасып, Украина шекарасына жетеді. Онда ол Украинаның шекара және қауіпсіздік қызметі офицеріне саяси баспана сұрайтынын айтады.

Украинаның шекара қауіпсіздігі қызметінің баспасөз хатшысы Олег Слободян Азаттықтың Украин қызметіне Рословцевтің тамыздың 21-і күні солтүстік Украинадағы Новые Яриловичи шекара бекетінде саяси баспана сұрағанын растады.

Роман Рословцев

Роман Рословцев

Белсендіні Украина аумағына өткізген шекарашылар оған кофе беріп тынықтырып, сосын Киевке баратын автобусқа отырғызып жіберген. Рословцев Украина астанасына келесі күні таңғы сағат 10-да жетті.

Мәскеуде туып-өскен 36 жастағы есепші Роман Рословцев 2013 жылы Украинада «Еуромайдан» көтерілісі басталғанға дейін саясатпен айналыспай, бейқам жүрген. Жемқорлық пен шексіз билікке наразы жұрттың Киевтегі шеруі оған қатты әсер етсе керек. Осыдан бірнеше ай бұрын Ресей жиын өткізу еркіндігін шектейтін қатал заң қабылдағанда ол да өз елінің үкіметіне ашық наразылық білдіру керек екенін түсінеді.

Путиннің маскасын киіп, «Мен 212.1-ден қорықпаймын» деген жазуы бар транспарант алып көшеге шыққан ол Қызыл алаңда тұрып, одан ары Кремльге қарай бармақ болады. Ресей қылмыстық кодексінің 212-бабы 1-тармағы бойынша жиын өткізу туралы заңдарды бұзып, митингіге шыққан адам бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Арада бірнеше минут өткенде оны полиция ұстап әкетеді.

Дегенмен оның бұл әрекеті интернеттегі жұрттың назарын аударды. Содан бастап ол қайта-қайта шеруге шығып, полицияның тұтқынына түсе берді. Тәртіп сақшылары оны 21 рет қамаған, соның 13-інде ол Путиннің маскасын киіп жүрген жерінен ұсталды.

2011-2012 жылдардағы «Болотный көтерілісі» сияқты ірі наразылық шараларын ұйымдастыруға жол бермеу үшін 2014 жылдың шілде айында Ресейдің қылмыстық кодексіне біраз қатаң өзгеріс енгізілді. Адам құқықтарын қорғаушылар бұл заңды сынайды. Human Rights Watch ұйымы заңды «саяси сынды қылмыстық әрекетке теңестірді» деп айыптады.

 

ҚАШУ ЖОСПАРЫ

Рословцев маусымның 10-ы күні болған соңғы қарсылық шарасынан соң елден қашу туралы жоспар құра бастаған. Сол жолы ол әкімшілік құқық бұзғандарға тағайындалатын ең ауыр жазаға кесіліп, 30 күн абақтыда отырды. СССР КГБ-сының орнын басқан ФСБ-ның аңдуынан шаршаған ол «Ресейде қарсылық білдіру мүмкіндігі сарқылды» деп, кетуге бел байлағанын айтады.

Белсенді өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалады деп ойлаған. Ашық сот болған жағдайда бұл мәселеге қалың көпшіліктің назарын аудартуға мүмкіндік туатын еді. Ол сотта жаңа заңның «ақылға сыймайтын» құжат екенін дәлелдегісі келген. Алайда, қылмыстық іс қозғалмады.

Есесіне ФСБ өкілдері оған жалғыз наразылық шараларын жалғастырған жағдайда «не жындыханаға жібереміз, не 30 тәулікке қамаймыз» деп ескерткен. Рословцев «мен мақсатыма жете алмайтынымды ұқтым – қылмыстық іс қозғалмады» дейді.

Роман Рословцевті (маска киген) тұтқындап жатқан полиция. Мәскеу, Қызыл алаң, 14 мамыр 2016 жыл.

Роман Рословцевті (маска киген) тұтқындап жатқан полиция. Мәскеу, Қызыл алаң, 14 мамыр 2016 жыл.

Мұнан соң, шілденің 10-ы күні қамаудан шыққан бетте ол Ресейден қашып кетудің жоспарын жасап, достарымен ақылдаса бастайды. Тамыздың 20-сы - қашатын күн жеткенде Роман Рословцев өзі тұратын үйдің ауласында жүрген күдікті екі адамды көріп, кідіріп қалады.

- Олар көршілердің кейпіне еніп, темекі тартқан болып, есік алдында тұра берді. Түрлері бейтаныс, мен бұл үйде тұратындарды тегіс білемін, - дейді Рословцев.

Оны алып кетуге мәшинемен досы келгенде Рословцев әлгі адамдарға сыр білдірмес үшін чемодандарын тастап кетуге мәжбүр болыпты.


«БЕЛСЕНДІ КҮРЕС»

Украина «Путин режимімен белсенді күресіп келе жатқандықтан», осы шараға өз үлесін қосу үшін ол Киевтен баспана сұрауды ұйғарыпты.

- Украина армиясында қызмет еткім келеді. [Осындай мүмкіндік берілсе] алғысым шексіз болар еді, - дейді ол.

Украина қарулы күштері елдің шығысында ресейшіл сепаратистермен 2014 жылдан бері соғысып жатыр. Бітім шарты жасалғанына қарамастан, содан бері 9 мың 500-ге жуық адам қаза тапты.

 

Алайда, оның бұл арманға қол жеткізуіне мүмкіндік бермейтін бір кедергі бар. Роман тромбофлебит науқасына шалдыққан, аяқ қан тамырларында тромб тұрып қала береді.

- Бұл – ауыр дерт, сонда да шыдаймын. Осымен-ақ қызмет ете аламын, - дейді ол. Оның үстіне Рословцевтің көзі дұрыс көрмейді, астигматик болғаны үшін оны Ресейде де әскерге алмаған.

УКРАИНА АХУАЛЫ

Қатал заңның кесірінен қудаланған ресейлік екі белсенді Шығыс Еуропадан саяси баспана алып үлгерді. Мамыр айында Ирина Калмыкованы Литва паналатса, тамыздың 15-і күні жиын өткізу туралы заңмен сотталған алғашқы белсені, 79 жастағы Владимир Ионовқа Украина саяси баспана берді.

Жалпы, Украина - саяси баспана сұрағандардың талабын көп ескере бермейтін ел. Оның үстіне мұнда бас сауғалап келгендерді қорғауға да айтарлықтай көңіл бөлінбейді.

2015 жылы Украинаның көші-қон қызметі қуғыннан қорқып, Киевті паналаған ресейліктердің көбіне «саяси босқын» статусын бермеді. ВВС-дің Украин қызметінің қаңтардағы мәліметтеріне қарағанда, былтыр өтініш берген 86 адамның тек жетеуі ғана Украинадан саяси баспана алған. Саяси баспана сұраушыларға құқықтық қолдау көрсететін Without Borders адам құқықтарын қорғау ұйымы өкілі Максим Буткевич ВВС-ге берген сұхбатында:

Киев көріністерінің бірі.

Киев көріністерінің бірі.

- Олар Украина енді ғана қалыптасып келе жатқан пост-революциялық, демократиялық ел деп үміттеніп келеді. Оның орнына ескі пост-советтік бюрократиялық жүйеге тап болады, - дейді.

БҰҰ Босқындар агенттігі (UNHCR) 2013 жылы Украинаны «саяси баспана сұраушыларды лайықты түрде қорғау үшін» саяси баспана беру жүйесін жетілдіруге шақырған.

«Саяси баспана сұрағандардың өтініштерін ашық та әділ түрде қарастыруға, тәуелсіз шешімдердің қабылдануына жағдай жасалуы керек» деп жазады БҰҰ Босқындар агенттігі.

Ал Харьковтағы Адам құқықтарын қорғау тобы мүшесі Халия Койнаш «Алайда, одан бері көп ештеңе өзгермеді» дейді.

Президент Петр Порошенко 2015 жылы сәуірде ресейлік журналист Екатерина Сергацковаға украин паспортын беріп тұрып парламентті қуғын көріп жатқан азаматтарға, әсіресе ресейліктерге саяси баспана беруді жеңілдететін заң қабылдауға шақыратынын айтқан.

Алайда парламентке әлі мұндай заң жобасы түскен жоқ. Роман Рословцевтің өтініш жазуына көмектесіп жатқан заңгер Юрий Шулипа ресейлік белсендінің өтініші дұрыс шешілетініне сенімді.

«Рословцев Путин режимімен ашық күресіп жүргендіктен әрі мұның алдында да осы заң аясында қудаланған адамның саяси баспана алғанын ескерсек, оның өтініші қанағаттандырылатынына шүбә жоқ» дейді Шулипа.

Кристорфер Миллердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Мұхтар Екей, Азаттық