Форумның ресми шараларынан кейін Мемлекет басшылары бір-біріне естелік ретінде сыйлық жасаған. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәрмәр мен малахиттан жасалып, күміспен күптеліп, алтынмен апталған шахмат тарту етті. Қазақстан президенті ресейлік әріптесіне ұлт ұстазы, халқымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай арнайы тарту-таралғы ретінде шығарылған Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романының екі томын сыйлады, - деп жазды ол.
Сондай-ақ, Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Омбы әуежайына дейін келіп, әріптесін өзі арнайы шығарып салған еді.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбыға барған болатын.