12 там, 2016 сағат 22:36

Путин сенімді серігін қызметтен алып тастады

Ресей президенті Владимир Путин мен бұрынғы әкімшілік жетекшісі Сергей Иванов (оң жақта).

Кремльдегі күтпеген кадрлік ауыс-түйіс кезінде Ресей президенті өзінің саяси серігі, әкішілік жетекшісі Сергей Ивановты қызметінен босатып, елеусіз орынға ауыстырды.

Тамыздың 12-сі күні Кремльдің баспасөз қызметі президент Владимир Путиннің жарлығын жариялап, әкімшілік жетекшісі Сергей Ивановтың қызметінен босатылғанын хабарлады. Бұрынғы КГБ офицері Сергей Иванов бұрын Путиннің қол астында қорғаныс министрі және вице-премьер болып қызмет атқарған еді. 

Путиннің сөзінше, Иванов әкімшілік басшысы болып тым ұзақ отырып қалғасын қызметтен кету туралы өзі өтініш берген. 2011 жылғы желтоқсаннан бері Кремль әкімшілігін басқарып келген Иванов Қауіпсіздік кеңесіндегі мүшелігін де тапсырып берді.

Көп ұзамай Ресейдің мемлекеттік телеарналары президент Путиннің Кремль әкімшілігінің жаңа басшысы Антон Вайномен кездесіп отырғанын көрсетті. 

Бұл кадрлік ауыс-түйіс Ресей экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқан тұста, парламент сайлауына бір-ақ ай қалған кезде жасалды. Бұған дейін шілдеде аймақ губернаторларының біразы жаңадан тағайындалған еді.

2008 жылы Ресей президенті үшінші мерзімге сайлана алмайтын болғанда Иванов оның мұрагері ретінде атала бастаған. Бірақ Путин Дмитрий Медведевті таңдап алған. 

Тамыздың 12-сі күні Путин кеше ғана Ресейдегі ең ықпалды шенеуніктердің бірі саналған Ивановты көлік және қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша арнайы уәкіл деген елеусіз қызметке тағайындады.

Антон Вайно, Ресей президенті әкімшілігінің жетекшісі

Антон Вайно, Ресей президенті әкімшілігінің жетекшісі

Телеарналар көрсеткен видеода Иванов Путинге "17 жыл бойы жасаған қызметіне жоғары баға бергені үшін" алғыс айтады. 2001 - 2007 жылдар арасында қорғаныс министрі болған Иванов Путин 2012 жылы үшінші президент мерзімін бастаған тұста әкімшілік жетекшісі болып тағайындалған еді.

Иванов - Путиннің маңынан қуылған саяси серіктердің алғашқысы емес. Бұған дейін Ресей темір жолдарының басшысы Владимир Якунин, есірткі саудасымен күрес саласын басқарған Виктор Иванов қауіпсіздік қызметінің басшысы Евгений Муров та шетке ысырылған.

Бірақ Сергей Ивановтың қызметінен түсуі мәскеуліктерді таң қалдырды. 
Саясаттанушы Михаил Троицкий dpa ақпарат агенттігіне "Ивановтың денсаулығы нашарлаған сияқты, Путин "ескі гвардияны" өзінен алыстатып, жас мамандарды тартып жатыр" деп пікір айтқан. 

Ивановтың орнына келген Вайно Ресейдегі көпшілікке белгісіз тұлға. 

Саяси сарапшы Валерий Соловей Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Вайноны "Путиннің сүйікті кадры" деп сипаттайды. 

"Путин Вайноға қатты сенеді. Ол өте сенімді бұйрық орындаушы әрі менеджер ретінде танылған" дейді Соловей. 

Тамыздың 12-сі күні әлеуметтік желіде жарияланған ескі фотолардың бірінде Вайно Кремльде өткен бір шарада Путинді жаңбырдан қорғап қолшатыр ұстап тұр. 

44 жастағы Вайно ағылшын және жапон тілдерінде еркін сөйлейді деп сипатталады. Ол Ресейдің Жапониядағы елшілігінде қызмет істеген. 2012 жылдан бері президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып келген. Вайноның атасы Карл Вайно 1978 - 1988 жылдары Эстония Коммунистік партиясын басқарған. 

Кейбір сарапшылар Кремльдегі бұл ауыс-түйістің қыркүйекте болатын парламент сайлауына қатысы бар деп ойлайды. Ресейдегі келесі президент сайлауы 2018 жылы өтеді. Көпшілік Путин төртінші мәрте сайлауға түседі деп санайды.