«Президенттік институт: Қазақстандық модель». Осы тақырыпта елімізде бірнеше жыл қатарынан халықаралық парламенттік конференция өтіп келгені белгілі.
2019 жылы өткен бұл конференция жұмысына ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Әзербайжан, Болгария, Түркия, Татарстан, Қырғызстан, Моңғолия, Сербия, Франция парламентарийлерінің өкілдері қатысты. Тәуелсіз Қазақстан туралы халықаралық деңгейде диалог құратын айтулы форумда 2020 жылы біздің елімізде президенттік басқару институтының құрылғанына тура 30 жыл толатыны атап өтілген. Бұл біздің егемен еліміз үшін айтулы белес және тарихи кезең. Осыған орай, елге белгілі тұлғалардың пікірін білген едік.
СЕРГЕЙ ТЕРЕЩЕНКО, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемелекет және қоғам қайраткері:
Осы 30 жылда барлық реформалар жоғары деңгейде орындалып, біздің Қазақстанымыз аз уақыттың ішінде саяси, экономикалық және әлеуметтік табысты елге айналды. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының, батыл қадамының және бірлігі жарасқан халқымыздың ерен еңбегінің жемісі екендігі сөзсіз. Сол жетістіктерді Елбасының бастамаларын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып, еліміздің стратегиялық жоспарларын әрі қарай жүзеге асыруда.
Өзімнің еңбек жолым мен өмірбаяныма арналған «Туған жерім – менің алтын бесігім» кітабымда сол көзбен көргендерімді жан – жақты баяндап шыққанмын. Тәуелсіздік жылдары президенттік басқару жүйесімен өмір сүріп келе жатқан Қазақстан әлемге өзін тек жақсы жағынан көрсетті. Бұл жүйе даму мен алға басудың кепіліне айналды деуге де болады. Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағы тарағаннан кейін өз тәуелсіздігін жариялады. Ал өзінің іргелі мемлекет ретінде даму жолында президенттік басқару жүйесінің тек жемісін жеді. Бұл Қазақстан үшін ең дұрыс, ең үздік таңдау болғаны сөзсіз. Әлемде президенттік басқаруды таңдаған көптеген дамыған елдер бар. Ол елдер де қарыштап дамып барады. Осы уақыт ішінде республикалық басқару формасына көшкен мемлекеттердің басым көпшілігінде Президент лауазымы енгізілуі оның өміршеңдігін және институттық-саяси жетілгендігін көрсетеді. Менің ойымша, бұл жердегі мәселе елді басқаратын адамға көп байланысты. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған еңбегі ерекше. Біріншіден, Қазақстан басшысы – мемлекеттің негізін құраушы тұлға. Ол өз елін Кеңес Одағының күйреуі, Азиялық дағдарыс және соңғы жылдардағы жаһандық құлдыраудан аман алып шыққан көшбасшы. Мысалға, 2007-2008 жылдардағы жаһандық дағдарыстан Қазақстан бірінші болып шықты. Екіншіден, Қазақстанның барлық көршілері азамат соғысы мен тұрлаусыз төңкерістерді бастан кешсе де, Н.Ә.Назарбаев қанды қақтығыстарға жол берген жоқ. Керісінше, көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан бейбітшілікті сақтап, халқының өмір сүру деңгейін көтерді. Қазақстанда президенттік институт КСРО-ның құлауынан біраз бұрын қалыптаса бастады. 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-інің Президенті лауазымын белгілеу және Қазақ КСР-інің Конституциясына тиісті өзгерістер енгізу туралы Заң қабылдады. Заң мемлекеттік биліктің жоғары органдарының жүйесінде Президенттің мәртебесін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін белгіледі.
1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан халқы бірінші рет бүкілхалықтық сайлауда ел президентін сайлады. Сайлаушылардың 88,2% келіп, 98,7% дауыспен Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев жеңіске жетті. Қазақстан жалпыға бірдей сайлау барысында Тұңғыш Президентті сайлап, жоғары билікті ұйымдастыру мен оның іс-қимылының жаһандық тәжірибесін үйлесімді қабылдады. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланған сәттен бастап президенттік институт қалыптасуының екінші кезеңі басталады. Бұл кезеңдегі басты нәрсе – Президент тәуелсіз мемлекеттің басшысына айналды. Мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі принципінің орнықтырылуына байланысты Президент мемлекеттің Басшысы ғана емес, сонымен бірге республиканың атқарушы билігінің де Басшысы деп танылды.
Тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық татулық мемлекеттік саясаттың басты қағидатына, Елбасының өмірлік ұстанымына айналды. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты. Ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.
Елбасының белсенді сыртқы саяси қызметінің арқасында Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартты, Семей ядролық сынақ полигоны жабылды, Қазақстан өз жерін ядролық қарудан азат деп жариялады, ядролық державалардан кепілдік алды. Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту – Қазақстан халқын ажал құшағынан құтқарып, бейбітсүйгіш Ел ретінде халықаралық қоғамдастықта беделін көтерді. Полигонды жабу арқылы Президент, ең алдымен, халықтың басқа жұрттардан кем емес жағдайда өмір сүре алатынына көз жеткізді. Көптің рухын көтерді. Бір жағынан, Кеңес Одағы кезінде тек шикізат көзі ретінде ғана қарастырылып келген Қазақстан туралы ұғымды өзгертті.
Н.Ә.Назарбаев өзін халықтық Президент ретінде ғана емес, сонымен бірге «семсерден соқа соққан саясаткер» атанып, бүкіл әлем қол соққан дүниежүзілік деңгейдегі басшы ретінде де көрсете білді. Ал Қазақстан болса ядролық қаруды таратпау және ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа қосылып, антиядролық қозғалыстың танымал көшбасшыларының біріне айналды.
Президенттік институт Қазақстанның сыртқы саясатын жүргізудің басты құралына айналды. Алғашында, сыртқы саясат бағытында кадрлар тапшы болған кезде бұл жұмыс Президенттің мойнына жүктелді. Көпвекторлы, көп бағытты дәйекті де болжамды саясаттың негізін салуда халықаралық деңгейдегі басты тұлға Елбасы болды. Президенттің беделі Қазақстанның беделіне жұмыс істеді.
ӘМІРХАН РАҚЫМЖАНОВ
Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор
2019 жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік саясатта да жаңғырық туғызған маңызды Үндеуін жариялады. Елбасымыздың өз өкілеттігін тоқтату туралы тағдырлы шешімі – әлемдік тарихтың күнпарағына озық саяси мәдениеттің, нағыз патриотизм мен терең кемеңгерліктің жарқын үлгісі ретінде жазылары сөзсіз.
Осы арада, Елбасымыз өз өкілеттілігін тоқтатып қана қоймай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жеткен жетістіктерді әрі қарай жалғастыратын сабақтастықтың да негізін қалады. Ол елімізде болып жатқан процесстердің барлығымен жан-жақты хабардар, барлық жағдайды білетін білікті де тәжірибелі мемлекеттік қайраткер Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарынан қосу міндетін жалғастыратын тұлға ретінде ұсынды. Сол жылғы 9 маусым күні өткен сайлауда Қазақстан халқы Қ.К.Тоқаевты президент етіп сайлады. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламаларында да, Қазақстан халқына арналған Жолдауында да Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың сапалы кезеңіне шығаратынын атаған болатын.
Осы орайда, Елбасы Н.Ә.Назарбаев та еліміздің алдында тұрған міндеттерді жүзеге асырудан тыс қалмайды. Жоғарыда атап өткен Үндеуінде Елбасымыз Қазақстан халқына «... өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді», - деген болатын. Елбасының осы сөздерінің нормативтік-құқықтық негізі бар екенін де атап өткім келеді. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға сәйкес Тұңғыш Президентке, оның бірегей тарихи миссиясына орай, Қазақстан халқына және мемлекеттік органдарға міндетті түрде қарастырылуға тиіс бастамалар жолдауға, Парламент алдында, Үкімет отырыстарында сөз сөйлеуге, Қауіпсіздік Кеңесті және Қазақстан халқы Ассамблеясын басқаруға, Конституциялық кеңес құрамына енуге өмірлік құқық берілген. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздегі ең ірі саяси күш – «Нұр Отан» партиясының төрағасы болып табылады.
Тәуелсіз мемлекет құрудағы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев стратегиясының ерекшелігі ол азаттықтың алғашқы күнінен бастап елдегі экономикалық күрделі жағдайға қарамастан жастарды қолдау саясатына баса назар аударды.
Қазақстан халқы бүгінгі жетістіктеріне, ең алдымен, қастерлі Тәуелсіздігіне Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізді. Сондықтан, қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған Елбасының жолын жалғастыру – жастардың парызы. Осыны Елбасымыздың 2020 жылдың 19 наурызындағы үндеуінде жастарға арналған мына сөздері дәлелдей түседі: «Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер. Бұл – біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері. Отанымыз да, жеріміз де бір. Халқымыздың достығы мен бірлігін, бір-бірімізге деген сенімді сақтап, еліміздегі әрбір азаматтың төл мәдениеті мен дәстүрін құрметтей біліңіздер». Елбасымыздың осы сөздерін әрбір жас ешқашан ұмытпауы тиіс деп есептеймін.
Тағы бір айта кетер жайт, кезінде ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінде қабылданған Астана декларациясы мен «Астана рухы» ұғымы сенім, келісім, толеранттылық пен алуантүрліліктің бірлігі қағидаттарына негізделген әлемдік құрылысқа баршаның бірлесе ұмтылысының рәмізіне айналып, халықаралық саяси лексиконға сенімді түрде енді. Елдің сыртқы саясаты оның ішкі саясатының жалғасы деп есептесек, онда 2017 жылдың басынан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болу, ал 2018 жылдың қаңтар айында оған төрағалық ету, дүниежүзілік ЭКСПО көрмесін өткізудің өзі еліміздің әлемдегі орнын көрсетеді.