ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы Әсел Назарбетова Мемлекет басшысының жаңа Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Қазақстан халқына Жолдауы ҚР Парламенті сессиясының жаңа маусымының ашылуында жариялануы дәстүрге айналып отыр. Бұл өз кезегінде жаңа саяси маусымды жаңа міндеттер күтіп тұрғанын, олардың жүзеге асырылуына биліктің барлық тармақтары жауапты екенін аңғартады және халықтың орталық мемлекеттік органдар жұмысын бағалауы көп жағдайда Жолдаудағы тапсырмалардың тиісті деңгейде орындалуымен тікелей байланысты. Биылғы Жолдаудың басты өзегі былтырдан бері өршуін тоқтатпай тұрған пандемиядан кейінгі экономикалық даму, халықтың әл-ауқатын ары қарай да жақсарту болды, жаңа жағдайдағы Қазақстанның іс-қимылдарына жан-жақты көңіл бөлініп, дамудың бір-бірімен тығыз байланыстағы басым бағыттары ұсынылды», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының еліміздің стратегиялық мақсаты ретінде Орталық Азия аймағындағы көшбасшы рөлін нығайту, әлемдік экономикада өз орнын айқын бекіту деп атап өтуі – осы бағыттағы тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктерді одан әрі жетілдіру, қазіргі жаһандық саясатта қалыптасқан ахуалға уақытылы, жедел және кәсіби түрде тойтарыс беру қажеттігін көрсетеді.
«Ауғанстандағы жағдай және жаһандық шиеленістің жалпы артуы қорғаныс-өнеркәсіптік кешен мен әскери доктринаны қайта жүктеу міндетін қойды. Қорғаныс қабілетін нығайту, тиімділікті арттыру, қатерлерге қарсы әрекет ету де мемлекеттік маңызы бар басымдықтарға айналуы тиіс «, - деді Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында. Осыған дейінгі Әскери доктрина 2017 жылы бекітілген болатын. Ауғанстандағы қазіргі ахуал жалпы әлемнің, соның ішінде қазақстандық қоғамның да алаңдаушылығын тудыруда. Бұл елде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауына Орталық Азия аймағындағы елдер мүдделі. Айта кетерлігі, болып жатқан оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді, бірақ, әрине, олар белгілі бір тәуекелдерді тудырады. Бұл өз кезегінде еліміздің жағдайдың күрделі сипатта өрбуіне дайын болуын талап етеді, Қазақстанның және аймақтың қауіпсіздігіне сыртқы сын-қатерлерді модельдеудің өзектілігін байқатады», - дейді Ә. Назарбетова.
