Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және ұлттық экономиканы күшейтуге бағытталған. Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жәмила Нұрманбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және ұлттық экономиканы күшейтуге бағытталған. Жолдаудағы басымдықтар мен негізгі ережелер «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыруға, Елбасының стратегиялық бастамалары мен Президент тапсырмаларына қол жеткізуге бағытталған. Әлеуметтік бағдарланған мемлекет – еліміздің 30 жылдық дамуының негізгі көрсеткіші. Бұл Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік бөлімге, денсаулық сақтауды дамытуға баса көңіл бөлді. Пандемия жағдайында биологиялық қауіпсіздікті болжаудың ұлттық жүйесін құруға ерекше назар аударылды. Қазірдің өзінде біз зертханалық базаны құру мен жетілдіруге, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша материалдық-техникалық жарақтандыруға бағытталатын биологиялық қауіпсіздік туралы заңды қабылдайтын боламыз. Жалпы алғанда, бұл биологиялық қауіпсіздік бойынша бірыңғай ақпараттық жүйені құру, дәл осы салада кадрларды арттыру және даярлау», - деді депутат тілшілерге берген сұхбатында.
Сонымен бірге, Президент медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді сараптау жөніндегі ұлттық орталықты құруға ерекше назар аударды.
«Бұл азаматтарымызды сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және отандық фармацияны дамытуға мүмкіндік береді. Бүгін Жолдауда дәрі-дәрмектің 18%-ы ғана отандық өндіріс екені айтылды. Бұл көрсеткішті 2022 жылға дейін 50%-ға көтеру тапсырылды. Осы себептен елімізде дәрі-дәрмек қымбат, өйткені олар шетелден жеткізіледі. Президент Жолдауында сапалы білім беруді қамтамасыз етуге де көңіл бөлінген. Мемлекет басшысы білім қарқынды дамып жатқан ақпараттық дәуірде оқу бағдарламаларын да бейімдеу қажеттігін атап өтті. Бұл үшін әрине, мұғалімдер дайын болуы керек. Біздің педагогтардың біліктілігін арттыру мерзімділігіне ерекше назар аударылды. Бұрын біліктілікті арттыру бес жылда бір рет өткізілсе, енді әр үш жыл сайын біліктілікті арттыру міндеті қойылды», - дейді Нұрманбетова.
