01 қыр, 2021 сағат 22:51

Президент инфляцияны 4-6% дәлізіне қайтаруды тапсырды - Ольга Булавкина


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстанның одан әрі экономикалық дамуының нақты мақсаттарын қойды. Бұндай пікірді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттың айтуынша, мемлекет өзіне алған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету қажет. Заң шығарушы және атқарушы билік пандемияға байланысты қиын уақытта азаматтардың мүддесі үшін жұмыс істеуі керек, халық пен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуі керек. 

«Бұл ретте «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын, «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен кредит беру бағдарламасын ұзарту маңызды құрал болып табылады», - деді спикер. 

Сенат депутатының айтуынша, инфляцияның жоғары деңгейі, бағаның негізсіз өсуі қазақстандық кәсіпорындардың даму әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін шектейді, ұлттық экономиканың осалдығына алып келеді. Осыған байланысты Президент инфляцияны 4-6% дәлізіне қайтаруды тапсырды. 

Ал агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау проблемалары ауыл шаруашылығы саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алып келеді. 

«Субсидиялардың қолжетімсіздігі, қаражатпен толық көлемде қамтамасыз етілмеуі, бопсалау, ақпараттық жүйелер жұмысындағы тұрақсыздық заңнаманың бұзылуына әкеп соғады. Парламент мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қысқа мерзімде субсидиялау саясатының заңнамалық негізін нығайту туралы заң жобасын әзірлейді», - деп мәлімдеді Ольга Булавкина. 

«Бизнесті ынталандыру, жалақыны көтеру, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу, экологиялық мәселелерді шешу - осы шаралардың барлығы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталатын болады», - деп атап өтті сенатор.