14 қар, 2018 сағат 10:59

Премьер-Министр Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды

Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Президенттің Қазақстан халқына Жолдауларында, мемлекеттік бағдарламаларда және Қауіпсіздік кеңесінің жуырда өткен отырысында алға қойған міндеттерінің орындалу барысымен танысу үшін Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Білім беру, денсаулық сақтау, ТКШ салаларындағы көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру, баға белгілеу айқындығын қамтамасыз ету және өңірде тарифтерді төмендету бойынша қабылданып жатқан шараларға баса көңіл бөлінеді. 

Облыс орталығында Премьер-Министр білім беру, денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлермен, өңірлік бизнес қауым өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізеді. Күн тәртібінде — медициналық қызметтер сапасын жақсарту, облыста көрсетілетін қызметтер мен дәрі-дәрмектер бағасының қалыптастырылу үрдісінің ашықтығы, білімнің қолжетімділігін арттыру, білікті кадрлар даярлау сапасы және одан әрі жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу арқылы өңдеу секторының бәсекеге қабілеттілігін ұлғайту және т.б.

Сапардың басты мақсаттарының бірі — тариф саясатының ашықтығы мәселелері және Жамбыл облысында тарифтерді төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар, аталған мәселелер облыстық монополияға қарсы ведомствоның, өңірлік электр желісі компаниясының, монополия компанияларының, коммуналдық кәсіпорындардың және прокуратураның басшыларымен өтетін кеңес барысында қарастырылады.  

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Премьер-Министр бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралайды, олардың мысалында өңірде «Нұрлы жер» және «7–20–25» тұрғын үй бағдарламаларының жүзеге асырылуымен, медициналық қызметтер сапасымен, сумен жабдықтау жүйесінің жаңғыртылуымен, цифрландыруды енгізу, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларының даму барысымен танысады.

Облысқа келген бойда Б. Сағынтаев «Көкжиек–2030» ЖШС сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорнының жұмысын тексеріп, АӨК дамуымен және Президенттің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Бүгінгі таңда кәсіпорын 40-тан астам сүт өнімдерінің түрлерін шығарады. Жыл басынан бері 200 тонна сары май, 500 тонна құрғақ сүт және басқа да сүт өнімдері шығарылды. «Көкжиек–2030» ЖШС басшысы Ә. Бегімбетовтың айтуынша биыл кәсіпорынды жаңғырту аясында FRAU Impianti италиялық компаниясының заманауи жабдығы сатып алынып, іске қосылды. Бұл зауыт қуаттылығын жылына 25 мың тонна сүтке дейін ұлғайтуға жол ашты.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары М. Шөкеев, өз кезегінде, өңірде ауыл шаруашылығын дамыту көрсеткіштері мен перспективалары туралы баяндады. Мәселен, қаңтар–қыркүйек айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім шығарылымы 190,5 млрд теңгені құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2% жоғары. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар өткен жылы 63,9%-ға өсіп, 19,3 млрд теңгені құрады, оның ішінде азық-түлік өнімдері өндірісіне инвестициялар 26,5%-ға артып, 5 млрд тг құрады.

Азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру жұмыстары аясында 54 әлеуметтік дүкен арқылы арзан бағамен 1,2 млрд теңгеге 810 тонна тауар сатылды. Жыл басынан бері тұрақтандыру қорынан облыстың барлық аудандарына 398 млн теңгеге 296 тонна тауар сатылды. Облыста 169 ауылдық жәрмеңке өткізілді. 2019 жылы тауарларды тікелей өндірушілерден тұтынушыларға сату үшін 20 киоск және коммуналдық нарықты жаңғырту көзделген.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, Жамбыл облысында қабылданып жатқан шаралардың арқасында осы жылдың қаңтар–қыркүйек айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты мәнінде өсімдік майының өндірісі 2,2 есеге, кептірілген нан мен печенье — 93,3%-ға, шоколад — 2,7 есе, макарон — 0,8%, шұжық өнімдері 2,6%-ға, өңделген сүт 17,3%-ға, қышқыл сүт өнімдері 0,6%-ға, ірімшік пен сүзбе — 17,2%-ға, балмұздақ 54%-ға артты.

1 қазандағы жағдай бойынша облыста ІҚМ басы санының өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,5%-ға өсіру үрдісі байқалды. Ет өндірісі 3,8% артып, 44,1 мың тоннаны, сиыр сүті 2,8%-ға 246,5 мың тоннаға дейін, тауық жұмыртқасы 5,5%-ға 99,5 млн данаға дейін өсті. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша сиыр етінің экспорт көлемі 640,9 тонна құрады. Биыл Жамбыл облысында малды қыстауға 1502 мың тонна шөп дайындалды, 107% қамтамасыз ету, пішіндеме — 44,4 мың тонна (95%) және сүрлем — 56 мың тонна (125%).

2018 жылы облыста егістік алқабы 669,1 мың гектарды құрады, бұл өткен жылғыдан 38,9 мың гектарға артық. 9 қарашадағы жағдай бойынша облыс дәнді дақылдарды толық жинап алған. 299,2 мың гектар немесе егіс алқабы 100%-ға жиналған. 26,5 ц/га өнімділігімен 791,7 мың тонна астық бастырылды. 12 қарашадағы жағдай бойынша облыстың фермерлеріне 20 мың тонна субсидияланған тыңайтқыш үлестірілген, бұл 2017 жылдың көрсеткіштен 2,9 мың тоннаға (немесе 17%-ға) артық.


Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев соңғы апталарда Жамбыл облысында сәбіз және пияздан басқа барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің шамалы өскенін атап өтті.

Осыған байланысты, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорлары құру қолға алынып жатыр. Биылғы жылдың 8 қарашасындағы жағдай бойынша, Тұрақтандыру қорындағы азық-түлік өнімдерінің балансы 5 459 тоннаны құрайды, оның ішінде 1445 тонна көкөніс, 448 тонна бірінші сұрыпты ұн, 60 тонна қарақұмық, 55,48 тонна өсімдік майы бар. Сонымен бірге, АӨК салымдары мен шоттарында 392,837 мың теңге көлемінде қаражат бар.

Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Осыған дейін Бақытжан Сағынтаев Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында жұмыс сапарларымен болды.