Фото: Tengrinews.kz
Алматыда 24 адам қамауда заңсыз болған. Бұл туралы Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Бүгінде прокуратура органдарына полиция қызметкерлеріне қатысты 91 шағым түсті. Әрқайсына жауап бердік. 19 өтініште заңбұзушылық расталмады. 56-сы әлі тексеріліп жатыр.
Расталған жағдайлар да бар. Мысалы, 12 қаңтарда Алматы прокуратурасы заңсыз ұсталған 24 қала тұрғынын босатты. Сондай-ақ, ұсталған адамдардың өлімі, азаптау және билікті асыра пайдалану деректері бойынша істер тергеліп жатыр. Республика бойынша барлығы осындай 16 қылмыстық іс қозғалды", - деді Елдос Қилымжанов ОКҚ баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, зорлық-зомбылық жасау және медициналық көмек көрсетпеу жағдайларын тәуелсіз тексеру үшін адам құқықтары жөніндегі уәкілге және құқық қорғау ұйымдарына ұсталғандар мен қамауға алынғандармен байланысуға рұқсат берілді. Бұдан басқа, Республикалық адвокаттар алқасымен бірлесе отырып, заң бойынша уақтылы білікті көмек көрсету, сондай-ақ қорғаушылардың мекемелерге қол жеткізуі мәселесі шешілді.