
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» еліміздің өңірлерінде пиар шаралар өткізуге қомақты қаржы бөлуінің заңдылығы тексеріледі. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алулар заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Сәбит Ахметовтен: «20 шілдеде «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» өңірлерде пиар шаралар өткізу үшін шамамен 15 млн теңгеге жеткізушілерден өтінім қабылдауды бастады. Дегенмен, Мемлекет басшысы мұндай шараларға мораторий енгізуді тапсырған еді. Сондықтан бұл қаншалықты дұрыс?», - деп сұраған еді.
Осы орайда департамент директоры бұл сауалға жауабы жоқ екендігін жасырмай, алдағы уақытта тексеру жүргізіп, нәтижесін жариялауға уәде берді.
«Орталық коммуникациялар қызметінде сөз сөйлер алдында бұл сауалды алған едім. Дәл қазір оған менің еш жауабым жоқ. Дегенмен, біз бұл жағдайды қарастыруға дайынбыз және тексеру нәтижелері туралы хабарлайтын боламыз«, - деді ол.
