ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Phizer вакцинасы неліктен бәріне қолжетімді емес?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеше әлеуметтік желіден оқып қалдым, Phizer вакцинасын салу үшін азаматтарымыз Қырғызстанға барып жатыр. ТМД елдерінде Өзбекстанда Phizer егуге мүмкіндік қарастырылған. Неге біздің Үкімет ресейлік Sputnik-ке жабысып қалып Phizer барлық азаматқа бірдей қолжетімді етпей отыр?», - деп сұрақ қойды журналист Премьер-Министр орынбасарына.
«Неге Phizer-ге жабысып отырсыз? Қазақстанға 4 млн Phizer дозасы жеткізілді. Оны 12-18 жастағы балаларға, жүкті әйелдерге береміз деп отырмыз. Неге десеңіздер, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының арнайы шешімімен сол азаматтарға салуға рұсқат берілген кейін әкеліп отырмыз. Phizer-дің бізге берген арнайы шешімі бойынша, бүгінде Phizer-ді сатуға жол жоқ, олар осындай өздерінің шешімдерін шығарған. Ал егер кей адамдар басқа мемлекеттерге тығылып барып, басқа құйтырқы жолдармен шешіп жатса, мен оған жауап бере алмаймын. Бірақ Қазақстан бойынша Phizer компаниясына байланысты біздің қарым-қатынасымыз осындай. Сондықтан, Sputnik-ке жабысып отырған ешкім жоқ. Ең алдымен ДДСҰ рұқсаты берілген Sinopharm туралы айтып отырмыз, онымен кез келген мемлекетке баруға болады. Олардың да 2 млн астамы бар. Өзіміздің QazVac бар. Сондықтан пайдалануға мүмкіндік бар ғой, соның бәрін ескерейік те», - деп жауап берді Ералы Тоғжанов.
Өз кезегінде тілші азаматтардың жалпы вакцина салдырмауының себебі – ресейлік Спутник пен қазақстандық Қазвакқа сенбеуі екенін айтты.
«Көп адамдар Phizer-ді пайдаланғысы келеді. Phizer бәріне қолжетімді болса, азаматтар екпе салдырудан қашпас еді ғой. Неге осыны сіздер әу баста ескермедіңіздер?», - деді журналист.
«Сонда Қазақстанға тек Phizer-ді әкелуіміз керек пе, сіздің ойыңызша? Қалай деп ойлайсыз?», - деп қарсы сұрақ қойды Тоғжанов.
Журналист таңдау мүмкіндігі болу керектігін айтты.
«Таңдау мүмкіндігі бар. Азаматтардың бәріне мүмкіндік беріп отырмыз, 60 жастан асқан 1 миллион адамның да мүмкіндігі бар», - деді Ералы Тоғжанов.