Павлодар облысында су құбырын салуға бөлінген 1,2 млрд теңгенің жымқырылғаны анықталды.
Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Комитет таратқан ақпаратқа қарағанда, аталмыш орган өкілдері жымқырылған қаржыны Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Павлодар облысы прокуратурасының бастамасымен құрылған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы шеңберінде облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, «Қазына» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында анықтаған.
Күдіктілердің іс-әрекеттері ҚР ҚК 189-бабының 4-б. 2-т. (аса ірі мөлшерде жасалған, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе талан-таражыға салу) бойынша сараланды.
Аталған бап санкциясында мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, оларға қатысты Павлодар қаласының Мамандандырылған тергеу соты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
«Қылмыстық іс бойынша қылмыстың барлық мән-жайын және жасалған құқық бұзушылыққа қатысы бар басқа да адамдарды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде»,-делінген хабарамада.