06 қар, 2018 сағат 17:00

"Парасатты өмір"


Ақтөбеде Мүгедектер күніне орай, «Парасатты өмір» атты аймақтық форум өтті. Форумға облыстағы мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік мекемелер басшылары, аудандар әкімдерінің осы салаға жауапты кеңесшілері қатысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та осы форумның қонағы болды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл шарада мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларымен айналысатын ұйымдар өздерінің жыл бойғы жұмыстарын қорытындылайды. Бұл жолы да осы бағытта жүргізіліп жатқан ауқымды істер жөнінде баяндалды. Мүмкіндігі шектеулі болғанмен, қоғамға он екі мүшесі сау адамнан да артық жанашырлық танытып, облыс және қала өміріне белсенділікпен араласып келе жатқанжандар бар. Сондай жандарға, сонымен қатар, мүгедектерді қолдау мақсатында көп еңбек сіңірген азаматтарға салтанатты түрде марапаттар табысталуы — жиындағы жарқын сәттердің бірі болды.

— Менің пікірім бойынша, әр адамның аз қамтылған, көпбалалы және, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмекке келуге қаншалықты әзір екендігі арқылы, оның білімі мен тәрбиелілігінің деңгейін бағалай аламыз. Біздің мемлекетіміздің саясаты аталған топтардағы жандарды қолдауға бағытталған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда халыққа жолдаған Жолдауында әлеуметтік жаңғырудың негізгі басымдықтары айқындалған. Жолдау, ең алдымен, әр қазақстандықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталып отыр, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев форумға қатысушыларға арнаған сөзінде.

Облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі азаматтардыңөз күштерімен өмір сүруге деген талпынысына мемлекет пен қоғам тарапынан барынша қолдау көрсетілуі керек екенін атап өтті. Сондықтан да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар мүгедектерге қандай да бір мамандық алуға мүмкіндік ұсынатын жобалар мен бастамаларды алдыңғы орынға қояды. Мысалы, Ақтөбеде мүгедектерге массаж жасаушы мамандығын игеруге мүмкіндік ұсынылған еді, қазіргі күні, оған қоса, стоматолог мамандығына оқыту ісі қолға алынып отыр. Сондай-ақ, мекемелер мен кәсіпорындарда мүгедектерге жұмыс орындарын бөлу — заң талабы. Бүгінгі күні мекемелер мен кәсіпорындар басшылары алдына осы мәселе де қойылып жатыр. Облыс әкімінің айтуынша, биыл мүмкіндігі шектеулі 800 адам жұмысқа орналастырылған.

Сөзінің соңында облыс әкімі форумға қатысушыларға сәттіліктер тіледі.

«Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова өз сөзінде мүгедектікке ұшыраған жандардың мүдделері мен құқықтарын қорғау, оларға қолдау көрсету ісіне қосқан үлесі үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа шынайы алғысын жеткізді. Сондай-ақ, ол басқа қоғамдық ұйымдардағы бірлесе жұмыс істеп келе жатқан әріптестеріне деген ризашылығын да жеткізіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды тағдырдың ауыртпалығына мойынсынбай, барынша ашық-жарқын, белсенді өмір сүруге шақырды.

— Біздің форумымыздың тақырыбы, форматы жыл сайын өзгеріп отырады. Алайда, мақсатымыз ешқашан өзгермейді, ол — күніне кем дегенде бір адам біздің қамқорлығымызды, мейірім-шуағымызды сезінсе деген ниет. Бүгін сіздер «Zhas Project» жобасы жеңімпаздарының шеруін көрдіңіздер. Мұның ерекшелігі — өзінің идеясы бар, оны жүзеге асырғысы келетін адам миллион теңге қаржыға қол жеткізеді. Байқауға мыңнан астам адамнан тапсырыс түсіп, 543-і жеңіп шықты. Мен барлық тапсырыстарды оқыдым. Олардың ішінде, әсіресе, біреуін оқып отырып, көзіме жас келді. Хат Хромтау ауданында тұратын отбасынан келген. Балалық шақтары өте ауыр, тіпті орта мектепті бітіру де мүмкін болмағанына қарамастан, бұл жастар музыкант болып шыққан. Өкінішке қарай, олардың жобалары үшінші іріктеу турынан өтпеді. Сонда да біз, әріптестерімізбен бірге, оларға көмектесу керек деп шештік. Олар музыкалық аспаптар алып беруді ғана сұрап отыр. Менің астаналық әріптестерім бұл тілекті орындады. Біз аспаптарды хат авторларына табыстадық, олардың енді өздерінің сүйікті істерімен айналыса алатынына қуанамын, — деді Құралай Бәйменова.

Форум барысында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғауға бағытталған ұзақ жылдар бойғы еңбектері үшін, үкіметтік емес бес ұйым жетекшісіне облыс әкімі атынан марапаттар табысталды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың арасынан ең белсенді он адам Алғыс хаттарға ие болды.

«Инватакси» қызметін жетілдіру үшін, «Халық» қайырымдылық қоры Халық банкімен бірлесе отырып, Құралай Бәйменоваға микроавтобустың кілтін табыстады. «ГАЗ 32212» маркалы автомобиль Ақтөбе қаласы мен оның айналасындағы ауылдардағы арбаға таңылған жандардың жүріп-тұруына пайдаланылмақ.

— Осы көлік мүмкіндігі шектеулі адамдардың күнделікті өмірге араласып, ойлаған мақсаттары жолында неғұрлым белсендірек болуларына септігін тигізеді деп үміттенеміз, — деді «Халық» қайырымдылық қорының директоры Лариса Коковинец.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровтың деректері бойынша, бүгінгі күні облыста 25 мыңнан астам мүгедек адам бар, оның үш мыңы — балалар. 2018 жылы олардың қажеттіліктері үшін бюджеттен 1,8 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржы техникалық-қосалқы құралдар сатып алуға, шипажайда емделуге, т.б. мұқтаждықтарға жұмсалған. Бірқатар үкіметтік емес ұйымдар тарапынан да мүгедектердің тұрмысын жеңілдету, денсаулығын қалпына келтіру бағытындағы қызметтер көрсетіліп отыр.

 Алина СУЛЕЙМЕНОВА