Айт-Манның қосбасардан қосарқаға ауысар сәтіне орай бір емеурін
Ай мерт болды қанатын қудай қағып,
Енді мұндай Ай қайтып тумайды анық.
Таңғы әлемге жайменен тарап жатты,
Шықпен бірге сәулелер буға айналып.
Осы жолдардың авторы, әркім тарих сахнасына өз әлінше келеді, кетеді. Ал, күллі адамзаттың ақыл-ойын жасыл мүк басып кетуден қоғайтын жаңғырыққа қалай жолығатынын ешкім ойлап жетпеген дүние.
Жұмекен ақынның «Жаңғырық» атап отырғаны, ол санаға сілініс тудыратын бір күштің бар екенін тек ишаралай келе, оқырманға өзің тауып аларсың тақылеттес ой қалдырғаны әмбеге аян.
Жоқшылар жоғын тапқан жоқ. Бір адамның мынау екен деп ұртын бұлтыңдатып, көпіріп көбік шашқанын әліге көре алмадық. Тура осы «Жаңғырық» сан ғасыр бойы оқтын-оқтын ғана түс беріп, ғайыпқа айналып отырады. Ендеше, ол жұмбақ ақын мен базғалам арасындағы кері ағыс десек қателескен болар едік. «Өмірмен бетпе-бет» деп кез келген қызыл ауыз айта салуы бек мүмкін. Оған да біздің ар сотымыз шүбә келтірері анық. Ал, төрелік сізден...
Тегіңді сенің таратып айта аламын ба? –
Руың жоқ-дүр түріктің тайпаларында.
Екі жолға үңілсек, Алаштың тұрқына төркін, Түркіге серпін берген әулие Яссауи мен Фарабилердің құтханасынан тараған шүлен шұғыланың сәулесі болмаса, осы сағатқа дейін, үсті–басын түк басқан қызылкөз банан жегішті «ата» көріп келген болар едік. ЖАР өзі сақтады. Ал біз қашан ақтаймыз?
«Жаңғырық пен Ар рухтың» мағынасы екі. Сізбен біз осы ортада қаңғырып жүрсек ешқандай бақыт таппасымыз анық. Тылсым аят аталатын ұлы кітаптағы мағынаға қауышу тек әулиелерге ғана бұйырған қасиет. Ал, оңгеміздік мүміндік бақ-талаймен ғана шектелетін күн кешу. Ғаламға құбылыс болып кететін ешнәрсе қалды ма, барлығы дерлік шешілген. Көбінің сыры ашылған. Ал, ақын жанын ашып оны математикалық өрнекке иә болмаса химиялық элементке, сағаттық жылдамдыққа үделестірген жан жоқ. Болмайды да. Ол тек жаратушының өзіне ғана аян. Сондықтан өлең ешбір формуламен өлшеп, пішілмейді. Ол өзінің тылысымы арқылы шымырлап бойға құйылып, қағазға қаз тұрады. Осы арада да бір ғасырлық уһлеу тағы бар.
Мен кешкен ғажап ғұмыр осы-ай, жалған!
Бақыттан бұл бір дәурен бас айналған.
Жыр емес, көмейімнен нұр тамады,
Жұлдыздар сиқырына масайғаннан.
Лапылдап тамырымда ұшқалақ қан,
Сәулеге ілесердей тұстан аққан...
Сусылдап естілердей,
періштенің
Дыбысы қанатының қысқа қаққан.
Бұл екі шумақта, өскелең рухтың жез бұйдасы адамзаттық ғұрыптың көшіне жалғанып жатқандай әсер қалдырады. Ақынның «Мен кешкен ғажап ғұмыр» деп атауының өзі тоқсан тоғыз нарға жүк болатын ойдың бір күлтесі ғана.
Аждаһалардың тілінің астынан бір күнде ғана гейзер суындай бұрқылдап, жанартаудай атылып шыға келген жоқпыз. Арқамызды ыңршақ, мойынымызды қамыт қажап сүйекке сары таңба сала берген де, бір адуын күш жаңғыртты бізді. Ол - қастерлі руханият болатын. Руханият - рух пен ниеттің қосындысынан шыққан сөз. Ортадағы «А» қарпі - ол жасаған иеңнің аты. Ананың есімі, әліппеңнің бастауы, ардың алғашқы әрібі болып келеді. Сана сілкінісі осылардың терең ойлаған да ғана пайда болатынын дәлелдеген жершарын мекен еткен тұрғындардан күллі түркі жұрты ғана десек асылық болмас. Себебі сөз басына көк тұр, ол көктемнің, адамзат көктемінің, рух патшалығының түлежіуін көрсетеді. Біз сөзге арқау еткелі отырған даңғайырдың мына өлең жолы сөзімізді нықтап, іргесін бекітері сөзсіз:
Жер ұғысып жаныммен,
көк тілдесіп,
Жасыл дария үстінен өттім көшіп.
Сансыз сурет,
қисапсыз қиқулы әнге
Көз талдырып,
даусымды кеттім қосып.
Міне, қараңыз, бұл шумаққа біздік ойдың тіміскілеп жанұшыра іздеген дүниесі сыйып тұр. Оны біреу баудан, біреу таудан іздеп ақтабан болмай-ақ қойсын!..
Өктемдер салтанат құрып тұрғанда ділімізді уға, кеңсірігімзді сары жалқын суға толтырды. Толтырып қана қойған жоқ, омыртқамыздан бір буынды опырды...
Оның жүрегі кітаптағы қылуетке жасырынып қалғаны қашан?
Даланың тірі болса төбелері,
Ұмтылар қанатынан демегелі.
Ғасырлап аңсап жеткен бәйгісінен
Дәл бүгін – не өледі,
не келеді!..
Пырақтың тұяғынан үн шығып бір
Кеткенде,
қалды неге күрсініп қыр?..
Беу, тұлпар –
қыршын-арман сапарында
Күйбеңін теуіп кетті-ау тіршіліктің!..
Осы екі шумақта шулаған тағдырлардың көзі тұрғандай. Содан да болар, әулиелердің қасиетті топырағын да қырқында мінген «Тұлпарынан» ауып қалмауға қам жасап жатыр. Ой, Алла-ай! «Шынжыр балақ, шұбар төс» деген сөзді ширатайықшы. Балалығы қалған Шынжырда, кіндігінен арқандалып, көкжиек биігінен ұлы далаға ыдырстана қарап бір мүмін жатыр.
Ақын ажалдан қашпайды, ол соған дайын болуға әзірленеді. Ол мұсылмандықтың әйдік бейнесі.
Бақ жимадым, бал жидым – Ділге сордым,
Ділсіз, нұрсыз мен қалай күн кешермін?!
Тастағасын жүрекке із Сүлде солғын,
Қауызында жұлдыздың түнде сөндім...
Фазылы кең Бар уә Бірге сендім,
Онсыз жібін тірліктің күрмесер кім?! –
...Әзірейіл келген күн өкінбей-ақ
Ағаш атқа еркіммен мінгесермін.
Біз ақын шығармасына шілдесу тілегеннен аулақпыз, текті бекзада болмысын құратпай болашақ бекетінде соғылармен тілдесу үшін оқырманын күтіп көкірек күймесін де отыра бергенін тілейміз. Аллаға шынайы итағат етіп, күнәдан бойын аулақ алып қашқан ақынның ғазиз жүрегі тек нұрға қанық.
Шынжырға хат
Ақ кептер ұшты кеудемнен,
Айшылық жолға артынып.
Жүректе ойлар сөнгенмен,
Қайышылық қалды артылып.
Үш белең екен баспалдақ,
Түспеген екен қасқалдақ.
Кеудемді менің келмепті,
Абжылан тағдыр босқа арбап.
Ұйықтасам болды, сол жылан,
Оянып кетсем сол жылан.
Ағатай мизам сөнген де,
Бөрідей жортып болдырам.
Кеудемді тырнап сол бір ән,
Шайқалып кетті сары құман.
Рельс екен қос ішек,
Құба дөң болды домбырам.
Тазалық, ақыл, арымда,
Ойымды бермес қарынға.
Махамбет мені тартады,
Түсімде ылғый Нарынға.
Үш белең орта жолымда,
Алланың сөзі қолымда.
Түнейтін болдым қорымға,
Білмеймін бақ па, сорым ба.
Санамның сырлы сағаты,
Алакеуімде оятты.
Таусылып сабыр тағаты,
Самайды нұрлар бояпты.
Көгедай ШӘМЕРХАН