Фото: Pexels.com
Өзіңді өзгелерден кім сезіну, яғни «комплекс неполноценности» терминін ең алғаш психоаналитик Альфред Адлер сипаттаған. Ол бұл сезім адамның өзін басқа адамдармен салыстырып, кемшіліктерін үнемі байқап тұруынан туындайды деп тұжырымдаған. Бір сөзбен айтқанда, бұл адамның өз мүмкіндіктері мен қабілеттеріне сенбеуі, өзін басқалардан төмен сезінуі.
Әлбетте, бұл құбылыс адам өмірінің әртүрлі аспектілеріне, соның ішінде әлеуметтік, кәсіби, және жеке қарым-қатынастарға әсер етпей қоймайды, ересек өмірде депрессияға алып келуі ықтимал.
Жалпы, бұл теріс құбылыс болғанымен, кейде адамды өмірде жақсы жетістіктерге жетуге ынталандыруы да мүмкін.
Түбірі неде?
Өзін өзгелерден кем сезіну балалық шақтағы тәрбиеге, ата-ананың баланы қолдау деңгейіне, және қоршаған ортаның әсеріне байланысты туындауы мүмкін. Тәрбиелеу барысында балаға үнемі сын айтып, кемшіліктерін баса көрсету, немесе басқа балалармен салыстырып, олардың жетістіктерімен баланы төмендету оның бойында осы кемшіліктің пайда болуы әкеледі. Сонымен қатар, мектептегі немесе әлеуметтік ортадағы буллинг (қорлау) сияқты жағдайлар да өзін төмен сезінуге алып келуі мүмкін.
Сондай-ақ Альфред Адлер бұл сезім физикалық кемшіліктерден (мысалы, бойдың қысқалығы немесе дене мүшесіндегі қандай да бір жетіспеушілік), ата-ананың шамадан тыс қамқорлығынан, болмаса мүлдем елемеуінен болуы мүмкін екенін айтады.
Өзін кем сезінудің белгілері
Өзін кем сезінудің белгілері келесідей болуы мүмкін: өз мүмкіндіктері мен қабілеттеріне сенбеу, өзін тым төмен бағалау, өзін қадірлемеу және айналасындағыларды өзінен қарағанда мықты әрі басым сезінуі.
Өзін кем сезіну әрі қарай өрби берсе, әртүрлі психологиялық бұзылыстар мен психикалық ауруларға әкелуі мүмкін. Мысалы, адамда суицидтік ойлар пайда болуы, басқа адамдарға психологиялық тәуелділік, невроздардың әртүрлі көріністері, тұлғаның деградациясы байқалуы мүмкін. Осындай жағдайда адам созылмалы депрессияға ұшырап, өзін-өзі айыптау, өзіне аяушылық сезіну секілді жағдайларды бастан кешіреді. Сонымен қатар, осындай күйдегі адамдардың айналасындағы адамдармен қарым-қатынаста қиындықтар туындауы ықтимал.
Өзін төмен сезінудің тағы бір көрінісі — адамның айналасындағылардың назарын өзіне аудартуға тырысуы. Басқа көріністеріне тұйықтық, қателік жасаудан қорқу, тұрақты күйзеліс кіреді.
Қорыта айтқанда белгілері мынадай:
- - Өз-өзіне сенімсіздік: Адам үнемі өз қабілеттерін төмен бағалайды, жетістіктерін елемейді, оларды түкке тұрғысыз деп есептейді.
- - Қорқыныш пен мазасыздық: Әлеуметтік ортада өзін жайсыз сезініп, сәтсіздікке ұшыраудан қорқады. Сондықтан жалғыздықты таңдайды немесе керісінше, бір адамға тәуелді болуы мүмкін.
- - Тәуелділік: Басқалардың пікірі мен бағасына тәуелді болу, өз бетінше шешім қабылдаудан қорқу.
- - Өзін басқалармен салыстыру: Әрдайым басқа адамдардың жетістіктерімен салыстырып, өзін төмен санау.
Өзін кем сезіну тек психологиялық факторлармен ғана емес, демографиялық, әлеуметтік, саяси, діни, этникалық және тіпті жыныстық факторлармен де өрбуі мүмкін. Көп жағдайда сексуалдық азшылық өкілдері, кемсітушілікке ұшырағандықтан, өздерін төмен сезінеді. Сондай-ақ кедей отбасыларда өскен адамдар арасында әлеуметтік теңсіздікке байланысты мазақтау немесе буллинг болған жағдайда таптық төмен сезіну қалыптасуы мүмкін.
Әсері мен салдары
Өзін төмен сезіну әр адамда әртүрлі байқалуы мүмкін. Кейбір адамда бұл билікке құмарлық арқылы көрініс табады — олар отбасында немесе жұмыс орнында басқаларды төмендетуге тырысады. Ерлер мен әйелдер бұл кемшілікті әртүрлі жолмен шешеді, бірақ, мысалы, кәсіби салада өзін-өзі көрсетуге ұмтылу ортақ белгілермен жүзеге асады. Өз кемшілігін кәсіби жетістіктері арқылы өтеуге тырысатын адамдар көп жағдайда мектепте қорлық көрген болуы мүмкін (мысалы, буллинг). Ер адамдар кейде бұл сезімді көп қызбен жүру арқылы алмастыруға тырысады. Бірақ бұл махаббат пен назарға зәрулікті толық өтеуге көмектеспейді және жанына тыныштық әкелмейді.
Сондай-ақ мұндай адамдар құрбан рөліне еніп, сол рөлі арқылы сезімді өтейді. Жігіттер өзін кем сезінбеу үшін көбіне ызақор болады немесе көп мөлшерде ішімдік тұтынады, бұл алкоголизмге әкелуі мүмкін. Сондай-ақ олар өз мәртебесін көрсетіп қалудан тайынбайды: алтын әшекейлер, спорттық көліктер, қымбат киім сияқты бағалы заттарымен мақтанады. Тәкаппарлық та ішкі өзін-өзі қадірлеу сезімінің бұзылғанын көрсетуі мүмкін.
Өзін кем сезіну әрдайым адамдармен қарым-қатынас процесінде қалыптасады. Мысалы, бала кезінде кедей өмір сүріп, ауқатты сыныптастарынан мазақ көрген бала ересек өмірде бай болу үшін барын салуы мүмкін. Бұл әрекет оның кем сезінуне негізделуі ықтимал. Егер айналасындағылар оның кедей отбасынан шыққанына мән бермесе, ол ересек кезінде бай болу жолына басқа себептермен түсуі мүмкін. Мысалы, ол өз ісінен ләззат алып, соны жақсы меңгеріп, жақсы ақша табуы мүмкін.
Өзін кем сезінумен қалай күресуге болады?
Көп жағдайда, өзін төмен сезінетін адамдар күйзеліс, қиындықтарды еңсерудегі проблемалар, отбасындағы немесе жұмыстағы проблемалар сияқты белгілермен психологқа жүгінеді. Пациенттер өзіндегі бұл сезім туралы бейхабар болуы мүмкін, өйткені көп жағдайда ол көптеген қордаланған мәселелердің астарында жатады.
Психологиялық диагностика барысында терапевт пациенттің бастапқы шағымдарының себептерін анықтауға тырысады. Әдетте, бұл себептер адамның өткен өмірінде жасырынып жатады. Психотерапевтке бұл сезімнің дамуына түрткі болған оқиғаны табу маңызды. Кез келген психологиялық симптомдардың себебі көбінесе басқа адамдармен қарым-қатынаста болады, сондықтан өткен өмірдегі қай уақытта және кіммен болған травмалық әрекетті анықтау маңызды. Осылайша, өзін төмен сезіну кешенін анықтап, оны емдеуге көшуге болады.
Психолог өз-өзіне сенімділікті арттыру, психологиялық қолдау, өз-өзіне позитивті көзқарас қалыптастыру, салыстырудан арылту сияқты кешенді жұмыс арқылы осы сезімді еңсеруге көмектеседі.
Оқи отырыңыз: Үшеудің драмасы: «Карпман үшбұрышы» дегеніміз не және одан қалай шығуға болады?
Дайындаған: Анара Бауыржанқызы