31 қаң, 2022 сағат 10:54

"Өз имиджімді ойламадым": Алматы әкімі қала тұрғындарының сынына жауап берді


Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала орталығында тәртіпсіздіктер болып, тонау күшейген күндері немен айналысқанын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Сол оқиғалар болып, күшейе түскен кезде не болып жатқанын және не істеуім қажет екенін түсіндім. Әр сағат сайын шығып, ақпарат беріп, оған уақыт құртпай, қауіпсіздік пен қаланы сақтап қалумен айналысуым керек екенін білдім. Бізде ешқандай күш болған жоқ, ал ол күштік құрылымды алып келу үшін қорғаныс министрі, ішкі істер министрі мен әкімшілік басшысымен байланысу керек. Маған қатысты түрлі сын айтылатынын да білдім. Ол уақытты мен өзімнің имиджім туралы ойламадым, тұрғындардың қауіпсіздігін ойладым. Барлық күш-жігерімді салып, қаланы қорғауға қосымша күш алып келмесем, онда мен не істеп отырмын?", - деді Бақытжан Сағынтаев Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында.

Сондай-ақ Сағынтаев қала тұрғындары оны Алматы әкімі қызметінен босатуды талап еткен петицияға қатысты түсініктеме берді.

"Сын айтылатынын білдім. Әрине, бәрі аяқталған кезде сын да айтылды, петиция да пайда болды. Мен де адаммын, әрі қарай жұмыс істеуім керек, мен өз жұмысымды жалғастырдым, өйткені қаланы тез қалпына келтіріп, залалды өтеу қажет. Қалай болғанда да, әр сынның пайдасы бар. Ренжідім бе, жоқ па, мен қызметімді атқардым. Жауапкершілікті түсініп, қала тіршілігін қамтамасыз ету керек екенімді білдім", – деді Сағынтаев берген сұхбатында.


Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында Сағынтаев мегаполисте болған тәртіпсіздікке байланысты қиын жағдайға тап болғанын айтты.

"Оны кінәлай алмаймын. Қызметтік міндеттерін атқару жағынан адал адам. Алайда алматылықтардың көңіл-күйін де ескеруге міндеттімін. Сол себепті уақыт келгенде білесіздер", - деді Тоқаев сұхбатында.

Айта кетері, 6 қаңтарда Сағынтаевтың кортежіне оқ атылды. Шабуыл салдарынан "Алматы" телеарнасының жүргізушісі көз жұмды. Сағынтаевпен бірге жүрген спорт басқармасының басшысы, дін басқармасының басшысы, қала әкімінің жүргізушісі және "Алматы" телеарнасының операторы жарақат алды.