03 там, 2025 сағат 14:39

"Үлкен қателік жасадым": Рүстем Жүгінісов халықтан кешірім сұрады

Фото: ашық дереккөз

Ақтөбедегі мешіт маңында болған оқиғадан кейін сынға ұшыраған Рүстем Жүгінісов әлеуметтік желі арқылы халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Ult.kz.

Ол алғашқы жариялаған сторисінде ер адамның әрекетін «қате» деп атап, дін тұрғысынан да «бір күндік неке» түсінігінің жоқ екенін нақты айтты. Сонымен қатар, екінші стористе ойын дұрыс жеткізе алмағанын мойындады.

"Ойлана келе, сол сәттегі эмоцияның әсерімен кей сөздерімде қаттылыққа жол беріп, ойымды дұрыс жеткізе алмағанымды түсіндім. Бұл менің тарапымнан кеткен үлкен қателік екенін мойындаймын", - деп жазды ол.


Жүгінісов өз сөзінде әр адамның таңдауына құрметпен қарайтынын және ешкімді белгілі бір көзқарасты ұстануға мәжбүрлемейтінін атап өтті. Сонымен қатар, бұл жағдайдың қозғалуы оның қыздарына деген алаңдаушылығымен байланысты екенін жеткізді.

"Мен қыз-келіншектерді әрқашан қолдаймын. Себебі, олар біздің қоғамның негізі мен тірегі. Зорлық-зомбылық, алдау, пайдаланушылық, мұның бәріне әйел емес, ер адамдардың кінәсі бар екені толықтай РАС! Сондықтан ең алдымен, өзгеріс те, жауапкершілік те ер азаматтардан басталуы қажет", - дейді Рүстем Жүгінісов.


Рүстем Жүгінісов мәлімдемесін әу баста қыздарды түрлі қауіпті адамдардан қорғау мақсатында айтқанын жеткізді.

"Негізінде бұл мәселені қозғағанда, ең алдымен қауіпсіздік жағын ойлаған едім. Ия, мен де қыз бағып отырған әкемін. Мен де қыздарымды уайымдаймын. Кеш бата көшеде түрлі қауіп төндіретін ер азаматтар, яғни мас күйдегі адамдар, есірткі әсеріндегі немесе психикалық жағдайы тұрақсыз азаматтар кездесуі мүмкін. Мен тек сол қауіптерден қорғаштап, қарындастарымды уайымдағандықтан, эмоциямен айтып қойдым. Ия, жеткізу формасынан қателік кеткені рас. Бірақ, менің ниетім ешқашан ару жандарды кінәлау болмаған", - деп түйіндеді


Рүстем Жүгінісов бұл жағдайдың өзіне үлкен сабақ болғанын айтып, көпшілікке алғысын білдірді. Ол, әсіресе, қыз-келіншектерден шын жүректен кешірім сұрап, олардың сезімін түсінетінін жеткізді.

Бұған дейін Мирас Жүгінісов ағасының мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген еді.