Алматы қаласында өткен Шығыс Қазақстан облысының күндерінде өңіраралық әріптестіктің аясында аймақтың 23 кәсіпорны өз өнімдерінің тұсаукесерін өткізді. Екі өңірдің кәсіпкерлері өзара байланыс жөніндегі отыздан аса келісімге қол қойды. Сонымен бірге алматылықтарға арналып бал жәрмеңкесі, археологиялық қазбалар көрмесі ұйымдастырылса, шығысқазақстандық өнерпаздар мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды.
Алтайдың балын шетелдіктер де сатып алды
Мұндағы өткен шараларға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК қатысты. Атап айтарлығы, Шығыс Қазақстан Елбасының тапсырмасы бойынша өңірлер арасындағы тығыз әріптестікті орнатуды еліміздің сегіз облысы ішінде бірінші болып қолға алып отыр.
Облыстың күндері Ұлттық Ғылым академиясының алдындағы алаңда алматылықтарға арналған бал жәрмеңкесінен бастау алды. Бұл жөнінде алдын ала құлақтанған қала тұрғындары ертемен жиналып, дәмі тіл үйірген алуан түрлі сапалы балды татып көруге де, көптеп сатып алуға да мүмкіндік алды. Оларға арнап Өскемен қаласынан және облыстың тоғыз ауданынан қатысқан тауар өндірушілер барлық түрі қамтылған 40 тоннадан астам балды және отызға тарта панты өнімдерін ұсынды.
– Биылғы маусым айында өзара әріптестік байланыстарды орнату үшін алматылық делегация Шығыста болып қайтқан еді. Нәтижесінде бүгінгі жәрмеңкеге Зырян, Глубокое, Катонқарағай, Ұлан, Үржар, Аягөз, Шемонайха, Көкпекті, Тарбағатай аудандарының омарташылары қатысып, сапалы өз өнімдерін ұсынып отыр. Орын сауда жасауға өте ыңғайлы. Биыл сегіз айда Алматы базарларында сатылған өнім көлемі бір жылғы межеден де артық болып отыр, - деді облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин.
Мәселен, Глубокое ауданы әдемі безендірілген сегіз шатырда 14 тонна балды сатылымға шығарса, Терещенко, Константин Севастьянов, Денис Чащин, Скуратовтар отбасылық омарталарының өкілдері өз өнімдерінің басым денін саудалап үлгерді.
– Біз осы жәрмеңке туралы естіп, үлкен қызығушылықпен арнайы келіп, қатысып жатырмыз, - дейді Германиядан қонаққа келген мейман Жаклин Граф. – Германияда осынау бағалы өнім тек тәтті азық қана емес, сонымен бірге, таптырмас сапалы емдік дәрі болып та саналады. Сондықтан Алматыға қыдырып келген достарымды да бал сатып алуға өзіммен бірге ертіп келдім. Алдағы уақытта осындай тамаша бал өндіретін Шығыс Қазақстанды да көріп қайтуды жоспарлайтын боламыз. Оның сөзін қасындағы жолдастары Хаике Файлер мен Деплер Фицен де бірауыздан мақұлдады. Сондай-ақ, бал жәрмеңкесіне қатысқан өзге де шетелдік азаматтардың қарасы көп болғанын атаған орынды.
Тарихи қазбаларды тамашалаушылар көп болды
Бал жәрмеңкесінің шырайын өңірдің қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан әртүрлі қолөнер бұйымдары мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттары да аша түссе, олар да жоғары сұраныспен сатылды.
Алматылықтар бұдан басқа Шығыс Қазақстанның мәдени ұжымдары ұсынған мерекелік концертті тамашалап, сонымен бірге, 2016 жылдың көлемінде облыс аумағынан табылған Сақ дәуіріндегі археологиялық қазбаларды да көруге мүмкіндік алды.
Облыс әкімінің тікелей бастамасымен жүргізілген ғылыми жұмыстар туралы, Берел қорғанында, Шілікті жазығында, ортағасырлық Аблайкит қорған-монастрінде, Қырықүңгір мен Елеке сазында табылған баға жетпес құндылықтар турасында қала тұрғындарына Әл-Фараби атындағы КазМУ профессоры, белгілі археолог-ғалым Әбдеш Төлеубаев әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Шілікті жазығынан табылған қазбалар көшпенді скиф-сақ мәдениетінің дәл осы Алтайдан бастау алатындығын дәлелдейді. Бұл шындығында да сенсациялық жаңалық екені даусыз.
Ұлттық Ғылым академиясының алдында ұйымдастырылған аталған шараларды Алматы қаласында тұратын елге белгілі жерлестеріміз де аралап көргенін, кәсіби түрде жоғары баға бергенін айта кетейік. Олардың ішінде ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Ә.Қастеев атындағы мұражай директоры Еркін Нұразхан және Құрманғазы атындағы консерваторияда оқып жатқан бір топ жерлес студенттер бар.
Облыстың 19 кәсіпорны Алматыға азық-түлік жеткізеді
Бал жәрмеңкесі қызып жатқан тұста қаланың Әл-Фараби даңғылының бойында орын тепкен ең ірі бизнес-орталықтарының бірі «Ritz Carlton Almaty» қонақүйінде Шығыс Қазақстан облысының және Алматы қаласы әкімдерінің қатысуымен екі өңір инвесторлары мен кәсіпкерлерінің кездесуі өтті.
– Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өңіраралық кооперацияның маңыздылығын үнемі еске салып келеді, - деді Алматы әкімі Бауыржан БАЙБЕК. – Шығыс Қазақстан елдегі сегіз өңірдің арасында алғашқы болып Алматыға келіп, өзара әріптестікті нығайтуда ауқымды шаруаларды тындырып отыр. Бұл ретте облыс басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ үлкен еңбегі бар екенін атап айтқым келеді. Нәтижесінде қаладағы ірі сауда желілеріне ауылшаруашылық өнімдерін тікелей тасымалдау мақсатында 30-дан астам келісімшартқа қол қойылып отыр.
Сондай-ақ, Алматы әкімі халқы жыл санап артып келе жатқан ірі мегаполисті қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету өзекті екендігін, бұл саладағы кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдайлар жасалатынын, бұл ретте Шығыс Қазақстанмен байланыстың әлеуеті аса жоғары екендігін, Шығыстан жеткізілетін тауарлар көлемі биыл он пайызға артып 32 мың тоннаны құрағанын, облыстың 19 кәсіпорны Алматыны өз өнімдерімен қамтып отырғанын жеткізді. Жиын барысында Алматы мен Шығыс Қазақстанның экономикалық байланыстары барлық саланы қамти алатыны да ерекше аталып өтілді.
Өз кезегінде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Шығыс Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстырып, бизнесті қолдаудың шаралары жөнінде кеңінен мәлім етті.
– Шығысқазақстандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктері мен ресурстары өңіраралық қоғамдастықтың ұтымды үлгілерін пайдалана отырып, еліміздегі өзге облыстардың нарығына шығуға жағдай туғызады. Бұл бағытта, әрине, Алматы қаласының орны ерекше. Біздегі мал шаруашылығы саласының әлеуеті зор. Таяудағы 10-15 жылда Шығыс Қазақстанның аграрлық секторы инвестиция салуға аса қолайлы болатыны сөзсіз. Өзімізде ауылшаруашылық өнімдері молынан өндіріліп жатқанда, оны шетелден қымбат бағаға тасудың қажеті қанша. Тіпті, біздің өнімдер сапасы жағынан шетелдікінен асып түспесе, кем түспесі анық. Әрі кәсіпкерлерімізге де үлкен қолдау. Біз сіздерге шамамен 90 пайыз суармалы жерлерді ұсына аламыз. Үржар ауданында жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін және Ұлан ауданында жылына 100 млн. дана жұмыртқа өндіре алатын құс фабрикалары жобаларын бірлесе жүзеге асыруға болатынын айтқым келеді. Сол сияқты инвесторларды туристік кластер құруға шақырамыз, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Бұдан ары қарай кездесуде ағаш өңдеу өнеркәсібін, суармалы алқаптарды дамытудағы, бірлескен туристік нысандар салудағы ортақ жобалар тілге тиек етіліп, екі жақтың кәсіпкерлері «сұрақ-жауап» форматында өздеріне қажетті ақпараттармен қанықты. Ал облыс әкімі барлық алматылық кәсіпкерлерді алда қазанның 21-22 күндері Өскеменде өтетін «Алтай Инвест - 2016» халықаралық инвестициялық форумына қатысуға шақырып, онда 84 жоба ұсынылатынын атады.
Мұнан кейін Шығыс Қазақстандық делегация Алматы қаласының басшылығымен бірге оңтүстік астанадағы сауда орындарының бірі «Magnum Cash&Carry» гипермаркетінде болып, жұмысымен танысты.
Аталған гипермаркетке Шығыс Қазақстанның өнімдері тұрақты түрде жеткізіліп тұрады. Алматылықтар облыс кәсіпкерлері өндіретін сапалы сүт және сүт өнімдерін, консервілерді, жартылай фабрикаттарды, ет өнімдерінің, құс етінің алуан түрін, күнбағыс майын, ұнды, кондитерлік өнімдерді белсенді түрде сатып алуда.
Дәурен Аллабергенұлы
Суреттерді түсірген - Ғылымбек Сәбитов.
"Дидар" газеті