Бүгін Отырар ауданында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру мәселелері» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік семинары өтті. Семинарға еліміздің әр өңіріндегі республикалық, облыстық музей қызметкерлері, ұлттық - мәдени орталықтар мен орта білім беру мекеме өкілдері, сондай-ақ, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қызметкерлері қатысты.
Семинар жұмысына келген қонақтар алдымен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің экспозициясын аралап, қойнауы тарих пен шежіреге толы киелі өңірдің бай мұралары мен құнды жәдігерлерімен танысты.
Семинардың ашылу салтанатында аудан әкімі Ерлан Айтаханов құттықтау сөз сөйлеп, музей жанашырларының жұмысына сәттілік тіледі.
«Ұлы Отырар – Елбасымыз айтқандай қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген «Қасиетті Қазақстан» жобасына енген еліміздегі ірі туристік бағдарға енген өлке. Осындай қасиетті, іңкәр өлкедегі таусылмайтын қазына болған музей мұралары өткен тарихымызды болашаққа жеткізуші құнды дереккөзі болмақ.
Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да Отырардың тарихына тың серпін бермек. Мақалада «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деп көрсеткен Ұлт Көшбасшысы терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласы арқылы қалың бұқараны бір серпілтіп тастады. Тылсым тарихтың жеті қырына тоқталып, өткені¬мізді тарих тұғырынан бағамдап, терең зер¬делеуге, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туғанын жеткізіп, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, өткенімізге құрметпен қарауға шақырды. Бұл өзіндік бай тарихымен, Әл-Фарабидей ғұламасымен бүкіл әлемге әйгілі өңірге деген туристердің қызығушылығын арттырып, өзінің қаһарман қорғаушыларымен, өшпес даңққа бөленген батырлықтың, отансүйгіштіктің теңдесі жоқ үлгісіне айналған қаланы танытуға үлен мүмкіндік» - деді аудан басшысы өз сөзінде.
Жалпы Отырар ауданында 200-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Бүгінгі таңда, құнды ескерткіштерімізді сақтау, қорғау мақсатында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейімен тығыз байланыста жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, әрбір ауыл округтерінің аумағындағы тарихи төбелердің қадағалау мақсатында арнайы қызметкерлер бөлініп, бақылауға алынған. Биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, ауқымды жұмыстар қолға алынып, Бабтардың бабы – Арыстанбаб кесенесі мен Отырар төбе маңында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары басталып кетті. Келер жылы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, ауданға келуші туристерге қолайлы жағдай жасалынбақ.
Семинар барысында осы жайттарды да тілге тиек еткен аудан әкімі «музей мұралары – таусылмайтын қазына, телегей теңіз, дереккөзі, оны зерттеп халқымыздың өткен өмірі мен бізге қалдырған асыл мұраларын келер ұрпаққа жеткізу біздің басты мұратымыз» деп, сөзін қорытындылады.
Мұнан соң семинарға келген меймандар Елбасының бастамасымен қабылданған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасында мәдени мұраны, соның ішінде ұлттық мәдениетті, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды зерттеу, жинақтау міндеттері қаралғанын, осынын жүзеге асыру мақсатында өтіп жатқан семинардың маңыздылығына тоқталып, өздерінің ойларымен бөлісті.