Фото: zhankoshturarov инстаграм парақшасынан
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров Парламент мінберінде анасын туған күнімен құттықтаған депутат Ардақ Назаровты қолдап, жазба жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның пікірінше депутат Назаровтың бұл әрекеті орынды.
"Кез келген ата-ананың ең үлкен арманы - салихалы ұрпақ! Аллах тағала ер адамның жәннатын анасының табанының астына салып қойған. Анаға қандай құрмет көрсетсе де артық етпейді. Құдайдан үміті бар кез-келген ата-ана баласының дәл осылай мәжілісте отырып құттықтау жолдағанын көрсе армандары жоқ шығар деймін! Баршамызға осындай үлгілі ұрпақ өсіруді бұйыртсын! Ата-анамыздың қартайған шағында ұрпағының жетістігін көріп, батасын бергеннен асқан бақыт бар ма?! Өте орынды, әсерлі құттықтау болды Ағатай", – деп жазды Жанқош Тұраров.
Алайда спортшының бұл пікірін көпшілік қолдай қоймады.
"Елдің мәселесі шешілетін жерде, туған күнмен құттықтап отыру дұрыс емес. Онда келесі жолы әкесін құттықтасын, сосын енесін", – деп наразы болып жатқан желі қолданушылар бар.
Айта кетейік, сәрсенбі күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ардақ Назаров депутаттық сауалын жолдамас бұрын 70 жасқа толған анасын туған күнімен құттықтады.
"Қадірлі анашым. Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің мейірімге толы жүрегіңізге және жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Әкетайым екеуіңіз құстың қос қанатындай мәңгі бірге болып, құдай бере салған немерелеріңіздің қызығын көріңіздер. Анашым, мен сізді жақсы көремін. Сіздің алдыңызда басымды иемін", – деді ол мінберден.
Алайда мәжілісменнің бұл сөзі үлкен дауға ұласып, көпшілік арасында Ардақ Назаровты мандатынан айыру талап етілді.
