Фото: elements.envato.com
"Отбасы банк" депозиттерді сату қызметі тоқтайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"2023 жылдың 21 тамызынан бастап Отбасы банкінде депозитті ақылы түрде табыстау (депозитті сату) қолжетімсіз болады.
Онлайн табыстау – бұл депозиттердің онлайн дүкені іспеттес. Онда клиенттердің бірі салымдарын сата алса, екіншілері жинақтау жолын жылдамдатып, заемды тезірек алу үшін Отбасы банкінен шот сатып ала алады.
Өткен жылдың алғашқы жартысында бұл мүмкіндікті 1647 адам пайдаланған. Биылғы жылдың дәл осы кезеңінде депозиттерді сатып алып, заем рәсімдеген бірегей клиенттердің саны екі есе азайып, 973 адамды құраған. Ал бірінші жартыжылдықта Отбасы банк 28 800 кредит берген. Бұл банк клиенттері жинақтау мәдениетін ұстана отырып, болашақта тұрғын үй сатып алу үшін өздері депозит ашып, сонда қаражат жинауды жөн санайтынын көрсетеді.
Тек биылғы жылдың басынан бері 273 465 қазақстандық жаңа жинақ шотын ашты. Отбасы банкінде депозитке ақша жинап жүрген қазақстандықтар еліміздегі ең төменгі мөлшерлемемен – 2%-дан 14,4%-ға дейін (ЖТСМ 2%-дан бастап) кредит ала алады", - делінген хабарламада
Айта кетейік, Отбасы банкінде депозиттерді туысқандарға табыстау қызметі сақталып қалады. Оны тек банк бөлімшелерінде ғана емес, «Otbasy bank» мобильді қосымшасында онлайн режимінде де жасауға болады. Қызмет 5-10 минут уақытты алады.
"Аталған қызметті туысқандардың келесі санаттары пайдалана алады: әйелі-күйеуі, ата-анасы, балалары, асырап алушылар, асырап алынғандар, бір ата-анадан немесе әртүрлі ата-анадан туған аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері, ата-анасының бір ата-анадан немесе әртүрлі ата-анадан туған аға-інілері мен апа-сіңлілері, немере ағалары және ата-әжелері, немере ағалар, апалар мен нағашылар, немере ағалар және жиендер. Бұл ретте, «Otbasy bank» мобильді қосымшасында онлайн режимінде депозитті тек тікелей туыстарға – жұбайы, ата-анасы, балалары, асырап алушылары (асырап алынғандар), туған аға-інілері мен апа-сіңлілері арасында ғана табыстауға болады.
Бір жақсысы, банк бөлімшелерінде туыстық қатынасы жоқ, бірақ ортақ туыстары бар адамдар арасында депозиттерді табыстауға болады. Мысалы, салымшы бір мәміле аясында жарының ағасына өз депозитін табыстай алады. Ол үшін неке (ерлі-зайыптылық туралы куәлік) және туыстық қатынасты растайтын құжаттар (туу туралы куәліктер, тегі мен әкесінің атының толық сәйкес келуі кезінде тегінің өзгергенін растайтын құжат – операция жеке басын куәландыратын құжат негізінде жасалады) қажет. Бұл қызмет аралық буын арқылы табыстау деп аталады" - делінген хабарламада.