Қаламгерде бір қасиет болу керек, ол – ешкімді идеал тұтпайтын бірбеткей мінезділік. Һәм өнерді тудыратын таланттар «көп айтса – көнді, жұрт айтса – болды» дейтіндей тобырлық санадан гөрі, нарцистік эгоға ие болатыны сондықтан. Бойында бір даралық болмаса, ол талант не тудыруы мүмкін?
Бүгінде халтуралық шығармаларды оқып отырып, жазылу техникасынан еш мін таппай, адасасың. Салыстыратын таза дүниелердің көп болмауымен де түсіндіруге болады мұны.
Хас шығарманы танудың бір ғана жолы мүмкін, – психологиялық шок алу.
Замандас оқырман жақсыны «жақсы», нашарды «нашар» деп бірден айта алмайды. Себебі, сол бір баяғы қара «гипноз» бәріміздің санамызды әлі албастыдай басып тұр. Заман көші оза, уақыт иірімінде қалып кетіп жатқан дүниелерді шаршамай ұлықтай беру «міндеті» аса ауыр тартқаны рас. Оқылудан қалған классикалық шығармалардың авторының аты белгілі болғаны үшін ғана табуға айналдыру, ол туралы өзіндік пікір білдіргеннің әрқайсысын алакөздеу – оқырман талғамына жасалып отырған қиянат. Сөйтсе де, амал не, әдебиетіміздегі «күштеп колхоздастыру» науқаны тәуелсіз сананың идеология мен цензурадан тыс қалыптасу үдерісінде де қызып тұр екен. Яғни, әдеби талғам талқыға түскенде, жан тыныштығы үшін «сүйікті ақыным – Абай», «сүйікті жазушым – Әуезов» дей салатын «тотықұс» синдромы әлі өлмепті. Бір сұрақ: сонда, өзіңді-өзің алдау кімге керек?!
Әдебиеттанушы Линор Горалик бүгінгі орыс әдебиетінде де осындай қалыптасқан жағдайдың бар екенін айтып, сынады. (Линор Горалик. «О современной поэзии» дәрісі. «Дождь» телеарнасы») Міндетті түрде, нөмірі бірінші ақын – Пушкин. Лермонтов – нөмірі екінші. Үшінші орынға таласы бар бірнешеуінің атын атаудың өзі қорқынышты, себебі, мұның арты қып-қызыл жанжал-төбелеске ұласуы мүмкін. Линор Горалик осы жайды айта келіп, әдебиеттегі «иерархияның» мұндай түрі оқырманның өзіндік талғамының қалыптасуына кері әсер ететінін айтты.
Қанша жерден «Сүйікті жазушым – Әуезов» дей тұрғанмен, балауса қыз-бозбаланың бойын буған жастық максимализм жазушының сан қырлы шеберлік иірімдерін толығымен танып, түсініп оқуына мұрсат бермейді. Мұндай жаста оларға «Абай жолынан» гөрі Дулат Исабековтың «Қарғын» романы көбірек ұнар еді.
Фәни кезеңдерінің дария-шөлін кешіп өтіп, жалғыздықты сезініп, жалғандықтан жалығып, өмірден мол тәжірибе жинақтай келе қайта оқығанда, жаралы жанға дәру болатындай көркем шығармалар болады. Классикалық дүние деп соларды атасақ керек. Әуезов шығармалары қазіргі уақытта сұранысқа қатты ие деп айта алмас едік. Дегенмен, әсіресе, цензурадан тыс жазылған әңгімелері – таза классикалық.
Биылғы жылдың басында ағылшындар Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік» романының желісі бойынша жаңаша түсірілген көп сериялы фильмін ұсынды. Осы фильмнің әсерінен Лондон кітап дүкендерінің сөрелерінде шаң басып тұрған «Соғыс пен бейбітшілік» кітабы санаулы сағаттарда сатылып кеткенін оқыдым.
Сол сияқты, Ресейде болған «Оккупай Абай» қозғалысын еске алайық. Мәскеу жұрты күн демей, түн демей, Абай ескерткішіне қарай ағылды. Абай өлеңдерін іздеп жүріп оқыды. Кітаптарына сұраныс қатты артты. Тележүргізуші Тина Канделаки Абай хакім туралы ақпарат шұғыл керек болып, қазақ таныстарына телефон шалғанда, ешқандай мардымды жауап ала алмағанын да айтқан сол кезде.
Классикалық дүниелер - «су түбінде жатқан тас». Олар бір желдің толқытуын асықпай күтеді.
Қазіргі тәуелсіз әдебиетімізді жасап жүрген замандас қаламгерлердің қуатты ой-мүмкіндіктеріне таң қалудан танған емеспін. Талғампаздық пен ізденгіштіктен озық дүниелер туады. Өз-өзіңе сын көзбен қарай алу, жазған шығармаңды үздіксіз жетілдіру, уақыт өткен сайын кемеліне келтіре түсу жаңа әдебиетіміздің дамуына оң ықпал ететіні анық.
Сол сияқты, қазіргі әдебиеттің шетінде жүрген тым «алашшыл» жастар да бар. «Алаш» деп айқайлағанда, дауыстары жер жарғанмен, шынайы қозғауға тұрарлық мәселелерінен алыс. Осы кезге дейін «Бес арыс» шаблоны санада жатталып қалғаны сонша, Мағжанның аты аталғанда, міндетті түрде Ахмет, Міржақып, Жүсіпбектей қайраткерлер қоса елес беретін болды. Тағдырлары ұқсас, аса трагедиялы болғаны үшін де дара тұлғаларды бұлайша топтастыра насихаттау Мағжан сынды ерекше ақынның поэзиясын лайықты биігінен көрсетпей жүр.
Сол сияқты, биыл баспадан Жүсіпбектің кітабы жарық көрді. Жүсіпбек – шебер романшы, бірақ ақын емес. Өлеңді жазса, алмағайып шақта қазақтың санасына сәуле түсіріп, саяси көзқарасын қалыптастыру үшін ғана жазды. Мынау шыққан кітапта прозасы мен поэзиясы қатар топтастырылыпты. Бұл жинаққа өлеңдерінің де бірге енгізілуі,әсіресе, Жүсіпбек шығармашылығы жайынан бірінші рет ақпарат алғалы бетін ашқан жас оқырман көңілінің басқа ештемеге аумай, тек Жүсіпбек прозасының қуат-күшін еркін сіміруіне кедергі болатыны анық. Жүсіпбектің жауһар прозасының барлық жағынан жарықты молынан түсіріп, асылдай жарқырауына мүмкіндік берудің бір жолы, прозасын өлеңдерінен бөліп насихаттау.
Қайткен күнде де, Мағжан, Шәкәрім қажы, Жүсіпбек, Ахмет, Міржақыптардың бірін ақын, бірін ғалым, бірін жазушы, бірін қайраткер ретінде жеке-жеке өз биігіне көтеру сол жас «алашшылдардың» парызы емес пе?!
Абзалы, жас әдебиетшілер өз кезеңінде туған жаңа шығармаларға көп назар аударып, көп жазғаны дұрыс. Әдебиеттегі көзі тірі я бақилық болған авторлардың «иерархиясынан», оның мұздай салқын салдары – «тотықұс» синдромынан арылу мүмкіндігі, бәлкім, сонда туар? Қай автордың ұнайтынын, қай автордың мүлдем ұнамағанын сол кезде ашық айта алармыз?
Не дегенмен, өз талғамыңды басқаға жамау, сен ұнататын авторды басқаның ұнатпайтыны үшін ғана сөгіп, даттау - «тотықұс» синдромын жемдеу, семірту. Бұдан біз ұтылмасақ, ұтпаймыз.
Әр қаламгер өз ғұмырын жазуға ғана емес, үздіксіз оқуға да арнайды. Бір ойды бір ой, бір тасты бір тас қозғамаса, тынбай тықылдап, жүгіріп тұратын сағат тілі тәрізді әдеби процесс динамикасы да сол сәтте тоқтап, тоқырап қалар еді. Әр қаламгердің талғамына сай, тастамай оқитын бір-екі авторы болады. Жастау кезде соған еліктеп жазады. Кейін оқи-оқи, әбден меңгеріп, өз ойы мен мүмкіндігі сол идеалынан өсіп кеткен шақта, келелі шедеврларды өзі тудыра бастайды. Сол кезде, амбициясы жеңіп, идеалын тіпті жек көріп кетуі де мүмкін. Алайда, мұның несі жаман? «Өнерді үйрен, үйрен де жирен». Бұл барлық данышпандарға тән қасиет.
«Мен ешкімнің ойын, техникасын, сөзін қайталамадым» деу – таза ақиқат емес. Экклезиаст айтқандай, адам да, табиғат та бәрі қайта қайталанып келе береді, жалғаннан жаңалық іздеме. «Құдайлар (яғни, қағандар), әнеки, өз мазарларында тыныштық тауып жатыр».
Жазушы «өмір-өлім» - екі ақиқаттың арасын кескіндеп беруші суреткер ғана. Ол данышпан бола алғанымен, Құдай бола алмайды. Автордан культ жасау, табыну – әдеби процесті дамытпайды, қайта тежейді.
Мұхтар Мағауинның «Шыңғысханы» - ғылыми ізденісі мол, деректі роман. Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғысханның көз жасы» хикаяты да автор қаламының толысқан шағында дүниеге келген кемел дүние. Бұл хикаят көркемдік деңгейінің жоғарылығымен аса құнды.
Әңгіме бүкіл адамзаттың миын құрсаулап, дегеніне жүргізіп тұрған әлгі қара «гипнозда». Жазушы Рақымжан Отарбаев осы құрсауды бұзып-жарып өте алған жолы дара, жалы биік қаламгерлердің бірі. Сондықтан да ол өз ойын ашық айтты. Тоң боп жатқан сеңді түртті. Сең қақырап, сөгіліп, қозғалып кетті.
Анар Кабдуллина,
Ұлт порталы