29 қаң, 2022 сағат 17:50

«Өскенде қайтарып берем, шын айтамын»: Отбасына үй сұраған бала баспаналы болды


Әлеуметтік желіде отбасының жағдайын айтып, елден көмек сұраған 9 жасар Мырзан Оразымбетке Шымкенттен үлкен үй сыйға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің бір ғана арманым бар. Бір баспана болса да жетеді. Өскен кезде қайтарып беремін. Шын айтамын» деген әлеуметтік желіде тараған 9 жасар баланың видеосы көпшіліктің жүрегін елжіреткен болатын. Жанұяның жағдайын желіде актер Мадияр Серікпаев көрсеткен еді. 

Бала әжесімен, көз жанарынан айырылған анасымен және бала кезінен мүгедек екі ағасымен тұрады. 

«Харакет» қайрымдылық қоры елден қаржы жинап, Оразымбеттің отбасына үй алып берді. Үйдің сертификаты «Хабар» телеарнасындағы «Түнгі хабар» бағдарламасының тікелей эфирінде табысталды. 

Қуаныштан жылап жіберген жеткіншек көпшілікке алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ қордың атынан Оразымбетке компьютер берілді. Ал анасының көзін емдету үшін тегін сертификат табыстады. Одан бөлек, жеткіншектің есеп-шотына 5 млн теңге аударылатын болды. 

«Жан жомарт жандарға рахмет айтамыз. Мейірімділік азайып бара жатқан заманда, өтіп бара жатқан адамнан кемшілік іздейтін заманда, бір-бірімізді жақсы көріп, бір-бірімізге қамқор болып, мейірімділікпен қараған кезде ғана жан-жағымыз жайнай түспек» - деген Сәкен Майғазиев игі іске ұйытқы болған барша азаматтарға алғысын айтты.