22 жел, 2020 сағат 13:55

ОСК: Сайлаушылардың тізімін өзектендіру 10 қаңтарға дейін жүргізіледі

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров сайлаушылардың тізімін өзектендіру жұмысы сайлау күніне дейін жалғасатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлаушы сайлаушылардың тізіміне тек тиісті учаскеде тұрақты тіркеуде тұрған кезде ғана енгізіледі. Дауыс беру күні 4 701 сайлау учаскесінде сайлау комиссияларының мүшелері, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі eGov порталы арқылы азаматтардың қай жерде тіркеуде тұрғаны туралы ақпаратты таратады. Қазіргі уақытта ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерді реттеу жұмыстары аяқталып келеді. Таяуда өтетін отырыстардың бірінде мекенжай жөніндегі растау мәліметтері туралы толық баяндама беріледі», - деді Константин Петров Орталық сайлау комиссиясының онлайн режимінде өтіп жатқан отырысында.

Оның айтуынша, Қазақстанда және одан тыс аумақта әскери бөлімдерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, стационарлық емдік мекемелерде, алыс ауылдарда, тергеу изоляторларында, уақытша изоляторларда, шетелдегі Қазақстанның шекаралық мекемелерінде 555 сайлау учаскесі бар. 

«Бұл сайлау учаскелері бойынша сайлаушылардың тізімімен сайлаушылар дауыс беру күніне бес күн қалғанда таныса алады. Дауыс беруге бір күн қалғанда бұл тізім тағы бір пысықталады. Осылайша, сайлаушылардың тізімін өзектендіру жұмысы сайлау күніне дейін жалғасады, себебі тізім барынша шынайы болғанын қалаймыз», - деді Константин Петров.