Фото: Артур Нығметтің кітабынан алынды (Премьер-министр Сергей Терещенконың сапары. Астық өсірушілермен кездесу)
Жас қазақ журналист-зерттеушісі Артур Нығметтің кітабы 1991 жылғы Орал оқиғаларының белгісіз беттерін ашады.
6 ТАРАУ: ОРАЛҒА ЕЛДІҢ БАРЛЫҚ ТҮПКІРІНЕН ҚАЗАҚТАР ЖИНАЛДЫ
7 ТАРАУ: АЛАҢДАҒЫ ҚАРСЫЛАСТЫҚТЫҢ ЕКІНШІ КҮНІ
ОРАЛДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС. 1991 ЖЫЛ ‒ 4,5 ТАРАУ
6 ТАРАУ. ОРАЛҒА ЕЛДІҢ БАРЛЫҚ ТҮПКІРІНЕН
ҚАЗАҚТАР ЖИНАЛДЫ
1991 жылы Оралдағы казактардың патшаға қызметінің 400 жылдық мерейтойын атап өтуге қарсы шыққан ең ірі қоғамдық күш – Қазақстанның «Азат» (ҚАҚ «Азат») азаматтық қозғалысы болды. «Азаттықтар» мерейтойды атап өтуді ел тәуелсіздігіне қол сұғу деп бағалады. 2019 жылдың 3 қарашасында оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлинмен болған сұхбаттың алғысөзінде «Expert Kazakhstan» журналы: «Азаттықтар казактарға тойтарыс берген соң халық арасындағы абырой-беделдері артқан еді, ал бұл Алматыдағы билікке ұнай қоймады, сол себепті олар «Азатты» әлсірету, құлатуды қолға алды», - деп жазды. Бұл Қазақстанның егемендік таңы атар тұстағы қарама-қайшылықтарға толы сәті еді.
«Азаттың» құрылған уақытын атының өзі айтып тұр.1990 жылдың басында еркіндік рухы қалықтап, бұрынғы кеңестік республикалардың кейбірі тәуелсіздігін жариялай бастады. Бұл жағдай әлбетте, біздің елді айналып өтпеді. Артынша «Азатты» құрған танымал тұлғалардың біразы қалыптасқан жағдайға алаңдай бастады. Олар тәуелсіздікті жариялау бағытында әрекет ететін ұйым құру қажеттігін әрі оны құрудың уақыты келгенін түсінді», - дейді бүгінгі күндері жұмысын тоқтатқан «Азат» қозғалысының төраға орынбасары Жасарал Қуанышәлин.
Қарсы шыққан қазақ белсенділері нақты позиция ұстанды: казак мерейтойына жол берер болсақ, олар Орал облысын бөліп алуы мүмкін, ал олардың бұл ісін Қазақстанның он екі облысындағы казактар қайталауы мүмкін. Оралдағы «Азат» қозғалысы мен «Қазақ тілі» қоғамы белсенділері облыс пен қалалық билікті казактар мейрамын өткізбеуге шақырды. Бұл текетіресі ашық әрі барлық жерде кең ауқымда талқыланып жатты.
Қоғам қайраткерлерінің арасында алғаш болып дабыл қаққан жергілікті казактардың басты оппоненттерінің бірі Айсұлу Қадырбаева болғаны ресми жүргізілген тергеуде анықталды. Ол биліктегілерге бірнеше рет «400 жылдық мерейтойды» атап өтудің қаншалықты қауіпті екендігін түсіндіруге тырысқан, Алматыдағы митингілерге қатысқан, жиындар мен «Азат» қозғалысының конференцияларында сөз сөйлеп және басқа да қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді болды.
Істің мемлекетаралық сипатқа ие болғанын түсінген Оралдың қазақ белсенділері ел астанасы Алматыға келеді де «Азат», «Желтоқсан», «Невада-Семей» және «Алаш» ұйымдарының жетекшілерін тік тұрғызады. Алматыда аталмыш ұйым белсенділерінің қатысуымен митингілер өтті. 2006 жылдың мамырында «Азат» газетіне берген сұхбатында Айсұлу Қадырбаева Алматыда ең ұзақ қарсылық акциясы 14 күнге созылғанын, ол 1990 жылдың 10-25 қазаны аралығында өткенін еске алды.
Бұл шерулерде Қазақстан тәуелсіздігін жариялау туралы талаптар, Коммунистік партияны тарату, одақтастықтан бас тарту талабы қойылған, сонымен қатар демократиялық ұрандар айтылды. Алматыдағы саяси митингілерде Ресеймен шекаралас облыстардағы сепаратизм қаупі туралы да көп айтылды. Қазақ белсенділері бас көтере бастаған казактарға қарсылықты ел көлеміндегі наразылыққа айналдырды, «казактар мерейтойының» саясилануы 1990 жылы-ақ қалыптасқан болатын. Бірақ казактар да шегінбеді, ал республикалық биліктің үнсіз ұстанымына қарайлаған Орал облысының басшылығы да оларға қарсы қатаң шара қолдана алмады.
Қазақ белсенділері 1991 жылы да ел егемендігін қорғау бойынша көлемді акцияларын жалғастырды. Алматы қаласында маусым-қыркүйек айларында қоғамдық ұйымдардың митингілері өтті, тамызда «Азат» қозғалысының үш мүшесі аштық жариялады, талаптардың бірі казактардың патшалық Ресейге қызметінің 400 жылдығын мерекелеуге тыйым салу еді. Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласында казактар сепаратизміне қарсы санкцияланған митинг өтті. Оралдың өзінде биліктен казактардың күмәнді мерейтойын атап өтуі туралы қалалық билік шешімін қайтаруды талап еткен тұрғындардың, еңбек ұжымдарының, соның ішінде ұйымдар мен 15 кәсіпорынның басшысы қол қойған үндеулері билікке жолданып жатты.
1991 жылдың 27 шілдесінде Орал, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының азаматтық белсенділері Аманжол Зинуллин, Сейілхан Мұстафин және Мамай Рақышұлы қол қойған, «казактардың мерейтойын» өткізуге жол бермеуге шақырған Қазақстан халқына үндеуі жарияланды. Сонымен бірге олар наразылық белгісі ретінде Коммунистік партия қатарынан шықты.
Орал облысының бұрынғы басшысы Нәжімеден Есқалиев Орынбай Жәкібаевтың «Азаттық» кітабындағы мақаласында казак қауымдастығы қарқынына тосқауыл қою мақсатында Оралда «Азат» азаматтық қозғалысының филиалын құруға өзі пәрмен бергенін айтады. «Бұны қазақ саясатының көсемі Михаил Есенәлиев өтінген болатын», - деп жазды Нәжімеден Есқалиев. 2011 жылы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Есқалиев Орал облысына төнген әскери шабуыл қаупін білгендіктен «Азат» белсенділеріне барлық ақпаратты бере алмағанын айтты. Сол себепті олардың алдында көнбіс басшы болып қалғанын да жеткізеді.
Бұрын 1991 жылдың шілдесінде, облыс басшылығы жоспарланған «казак қауымдастығы мерейтойын» «Орал өңірі халықтары Күні» деп атап, жоспардағы шараға өзге рең беру әрекетін жасаған еді, алайда ол нәтиже бермеді. Жиынның осындай «дипломатиялық» атауын казактар да, қазақтар да қабылдаған жоқ. Шара формасын осы әдіспен өзгертпекші болғаны үшін «азаттықтар» Есқалиевты «сатқындық» жасады деп кінәлады. Оқиғаның сол кездегі қатысушысы Мұңайдар Балмолда біздің кітапқа айтқан пікірінде әлі де солай ойлайтынын жеткізді.
Қазақ белсенділерінің жетекшілері Есқалиевты «жұмсақтығы» мен «казактарға көнгіштігі» үшін кінәлады. Тұяқбай Рысбеков 2021 жылы баспадан шыққан Нәжімеден Есқалиевтың өмірі мен қызмет жолы туралы «Тағдыр соқпақтары» атты еңбегінде Есқалиевтың кейін түрлі кездесулерде «Азат» жетекшілері Жасарал Қуанышәлинмен, Батырхан Дәрімбетпен асықпай әңгімелескенін, Орал оқиғасы кезінде сахна сыртындағы жайттар туралы көп нәрсені естіген олар Есқалиев пікірімен келіскенін, оның ұстанымын қолдағаны туралы жазған. Батырхан Дәрімбет пен Есқалиевқа 1993 жылы Көкшетауда сталиндік репрессия кезінде қаза болған мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақастың 90 жылдығында кездесудің сәті түскен. Ал Жасарал Қуанышалинмен кездесу 1995 жылы Шымкент қаласында болған.
1991 жылдың тамызы Қазақстанның жаңа тарихында қазақ белсенділерінің жаңартылған Одақтық келісімшартқа қол қоюға қарсы ауқымды наразылық қозғалысымен де есте қалды. Ол кезде Одақ құрамына республикалардың бәрінің соңынан кірген Балтық елдері КСРО құрамынан шығып кеткен болатын, Украина да егемен мемлекет еді. «Азат» қозғалысының белсенділері Алматыда наразылық акцияларын ұйымдастырып, кеңестің соңғы көсемі Михаил Горбачевтің Кеңес Одағын сақтап қалуға бағытталған ұмтылысына сенбеуге шақырды. «Кеңес республикаларының жаңарған федерациясы – бұл баяғы сол империя, Қазақстанға өз тәуелсіздігін сақтау мен Кеңес Одағы құрамынан кез келген уақытта шығу құқығы қажет». ТЖМК-ның сәтсіз бүлігі алдындағы қазақ ұлттық-патриоттық қозғалысы ұранының негізгі өзегі осындай болды.
Бүгінде ол оқиғаны елестету қиын, ал бірақ 1991 жылы тамыз айының ортасында Алматының қақ ортасындағы Орталық универмаг алдында, Жібек Жолы даңғылы бойында бірнеше күн киіз үй тігілді, ол жерде «Азат» қозғалысының аштық жариялаған мүшелері болған еді. Киіз үй тігудің бастамашысы деп прокуратура Дәурен Сатыбалдинді таныды. Ол алдында «климаттық жағдайды ескере отырып», «1991 жылдың 16 тамызында көлеңкеде 33 градус» деп негіздеп, киіз үй тігу туралы жазбаша өтініш қалдырған болатын.
Қала прокуратурасы алаңда киіз үй тігуді заң тәртібін бұзу деп таныды, ал Дәурен Сатыбалдин прокуратураның әрекетіне шағым түсірді. 2020 жылы шыққан «Мен ұлтшыл-демократпын» кітабында Жасарал Қуанышәлин: «Киіз үйге қатысты талас жалғасып жатқанда 19 тамыз күні бүлік басталды да аштық жариялау аяқталып, киіз үй де қажетсіз болып қалды. Мен өзім қолдаушылар тобымен бірге оны жинап алдым», - деп жазды.
КСРО-ның жаңа Одақтық келісімшартына қол қойылу ықтималдығы төңірегіндегі осындай қызу талқылаулар мен қарсылық акциялары және Горбачев айналасындағы сталинистердің оны ауыстыру мен КСРО таралуына жол бермеуге тырысқан әрекеттері аясында арнайы қызметтің Орал облысындағы казактарға қатысты ахуалды шиеленістіру жұмыстары жалғасып жатты. Қазақ белсенділері де Орал, Петропавл, Өскемен қалаларындағы, тіпті Қазақстан оңтүстігіндегі, Алматыдағы сепаратизмді ауыздықтау туралы талаптарының қарқынын төмендеткен жоқ. «Азат» пен «Ана тілі» белсенділері Оралда қала мен облыс басшылығына тыным берместен қабылдауын сұранды, хаттар жолдады.
1991 жылы 4 қыркүйекте Алматыда өткен «Азат» партиясының құрылтай съезінде оралдық белсенділер Айсұлу Қадырбаева мен Аманжол Зинуллин жеке баяндама жасады. Ел оңтүстігіндегі Жамбыл облыстық «Азат» қозғалысы белсенділерінің үндеуінде де казак қауымдастығының жандануына қарсылық айтылды. 1991 жылы шілде айының басында Төлеміс Әбсәлімұлы бастаған жергілікті белсенділер тобы үндеу жариялады. Ол жерде былай делінген:
«Отаршылықты жаңғыртушылар орталықтан үлкен қолдау көріп отыр. Отанға, мемлекетке опасыздық жасағандар барлық заманда ең ауыр жазаға, өлім жазасына кесіліп отырғанына тарих куә. Ал, Қазақстанды мекен етіп, Отан ете отырып, Қазақстанның мемлекеттік тұтастығына, отандық мүддесіне сатқындық пен опасыздық жасап отырған казак-орыс құрылымдарының Қазақстанның елдігіне, мемлекеттігіне қауіп төндірген бас көтеруіне жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыттан бері олар ашықтан-ашық астыртын жиын мен кездесулер, шеру мен митингілер өткізіп, қыр көрсетіп келеді».
Орал облысы басшылығы шиеленісті диалог арқылы шешкісі келді, Оралда қоғамдық ұйымдар мен жергілікті билік тұрақты түрде бас қосып, кеңесетін Дөңгелек үстел құрылды. Дөңгелек үстелдің ондаған отырысы өтті, бірақ күткен нәтиже болмады. Ал казак жетекшілері мерейтойлық форум өткізу, оған Ресейден көптеген қонақтар шақыру ниетінен бас тартқан жоқ. 1991 жылдың 9 қыркүйегінде партия обкомы жанындағы саяси-ағарту Үйінде өткен Дөңгелек үстел де бір сарында өтті. «Азат» қозғалысының белсендісі Орынбай Жәкібаев 2007 жылы жарық көрген «Азаттық» трилогиясында осы отырысты былай сипаттаған:
«Орал казактарының атаманы Качалиннің қасында қайдан келгені белгісіз медальдар таққан, әскери кительдегі, папаха киген көмекші жүрді. Качалин «Азат» қозғалысының жергілікті бөлім жетекшісі Аманжол Зинуллинге қарама-қарсы отырды, ал көмекшісі болса артына келіп тұрды, оның ұзын папахасы залдағылардың төбесінен қарап тұрғандай еді. Зинуллин «казактар мерейтойын» өткізбеуді талап етті. «Барлық облыс басшыларына, Кеңес Одағының барлық атамандарына шақыру билетін баяғыда жіберіп қойғанын» айтқан Качалин енді мерекеден бас тарту мүмкін еместігін жеткізді. Алып жүйе толығымен іске қосылды. Карпат тауы мен Тынық мұхит арасындағы барлық казак атамандары мерекеге қатыспақ болып Оралға қарай бет алады».
Дөңгелек үстелде екі жақ ешқандай келісімге келе алмады. Жиынды жүргізген облыс басшысының өкілі Валентин Бучкин мұны мойындауға мәжбүр болды. Жиын соңында Аманжол Зинуллин жоспарланып отырған казактар жиыны Қазақстан мен Ресей президенттері арасындағы жасалған келісімге қайшы келетінін, атамандар келген жағдайда олар Оралға Қазақстанның демократиялық күштерін шақыруға мәжбүр болатынын ескертті.
Сол күндері «Азат» қозғалысының жетекшісі, кеңестік Қазақстанның бұрынғы сыртқы істер министрі Михайл Есенәлиевтің бастамасымен Оралға осы қозғалыс белсенділерінен арнайы топ жіберу туралы шешім қабылданған болатын. Осылайша «Аттанайық Ақжайыққа!» комитеті құрылды. Комитет мәселеге бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды Оралға барып, казактардың мерейтойлық жиынына тойтарыс беруге шақырды. Бұл штабты Орал Сәулебаев басқарды, штабтың филиалдары барлық облыс орталықтарында құрылды.
Қазақ ұлтшылдарының жетекшілері Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумында болып, Орал облысын бөліп алу әрекетін тоқтату талабын қойды. Кездесу екі күнге созылды. Бұл кездесуге Оралдан Айсұлу Қадырбаева мен Аманжол Зинуллин, Алматыдан Дәурен Сатыбалдин мен Орал Сәулебаев қатысты. Олар оралдық казактар арасындағы ел тыныштығын бұзушыларды жауапқа тартуды талап етті. «Аттан!», «Невада-Семей» және «Азат» қозғалысының атынан республикалық Жоғарғы Кеңесіне хат жіберілді.
Оралдағы текетірестің қызған кезінде, яғни қыркүйек айының ортасында парламенттің Орал казактарының сепаратистік әрекеттерін айыптау туралы резолюция қабылдауы да кездейсоқ болған жоқ.
Осы оқиғалар аясында Оралға қазақ ұлтшыл-патриоттық ұйымдардың белсенділері мен қолдаушыларының десанты келді, олардың жетекшілері Алматыдан 1991 жылдың 12 қыркүйегі күні ұшып келген болатын. Келесі күні, яғни 13 қыркүйекте, Оралға Ресейден, Қазақстанның өзге аймақтарынан казактар мерекесінің жүздеген қонақтары ағыла бастады. Айсұлу Қадырбаева 2006 жылы «Азат» газетіне берген сұхбатында алғашында Қазақстанның түпкір-түпкірінен 300 қазақ белсендісі келгенін айтты. Ал 1991 жылдың 15 қыркүйегінде Орал алаңында мыңдаған қазақ шерушілері тұрды.
Алматыдан келген «азаттықтарды» Жасарал Қуанышалин, Орал Сәулебаев, Азат Какенов, Нұрзипа Жармухамедова, Дәурен Сатыбалдин бастап келді. Артынан «Азат» қозғалысы төрағасының бірі Сәбетқазы Ақатаев та келіп жетті. Алматыдан келген белсенділер тәжірибелі еді, сол кездегі митинг, жиындарда шыңдалған, ысылған шешендер болатын.
Қаланың Ленин атындағы орталық алаңында казактар мерекесіне арнап сахна да әзірленген болатын, оны қазақ белсенділері иемденіп алды. Естеліктер кітабында Орынбай Жәкібаев жазғандай, мегафоннан «Тәуелсіздікке қарсы әрекеттер жойылсын!», «Жайық жері тек қазақтардың ата қонысы!», «Сатқындарға жол жоқ!», «Ұлы Алаш жасасын!» деген ұрандар айтылып жатты. Орал өз тарихында дауылды күні толқыған теңіздей тулаған қазақ халқының мұнда екпінін ешқашан көрген жоқ еді. Мегафон қолдан қолға өтіп, казактарға қарсылық акциясына келген аймақтар да аталып жатты. «Біз Шымкенттенбіз», «Түркістаннан келдік», «Павлодарданбыз», «Біз Қызылордадан келдік». Басына қазақтың қалпағын киген «Аттан!» қозғалысының қызуқанды жетекшісі Амантай Асылбеков мегафонды қолына алып, «Менің Қазақстаным» әнін шырқай жөнелгенде, оған алаңдағылардың бәрі қосыла кетті. Кешкі қала тыныштығымен қабысқан халықтың гимні Оралдың үстінен қалқи жөнеліп, көне Жайықты тербеді.
Мегафонды бір-біріне берген Айсұлу Қадырбаева мен Аманжол Зинуллин жиналған халыққа былай деп сөз арнады:
- Қадірлі Отандастар, Ақжайыққа қош келдіңіздер! Бәріңе көп рахмет! Оралға Совет Одағындағы барлық атамандар да келді. Олар ертең, бүрсігүні Жайық казактарының патшаға қызмет етуінің 400 жылдығын тойламақ. Ол Оралда сәтті өтсе, Қазақстанның қалған 12 облысында соған ұқсас той өтеді. Біз оған жол бермеуіміз керек. Бірақ төбелес пен шатақ та шығармаймыз. Арақ-шарап пен есірткіні мүлде ұмытыңыздар. Өйткені ертең облыс басшылары бізді «маскүнемдер», «нашақорлар» деп шығарады. Сонда ғана біз өзіміздің Отан алдындағы азаматтық борышымызға адал боламыз. Амандық болса, атамандарды Ақжайықтан ат-тонын ала қашатын қыламыз. Облыс пен қала басшылары да табанын жылтыратуы тиіс.
Оралдық ұлттық қозғалыстың екі жетекшісінің сөздері жиналғандар арасынан «Дәл солай болады!», «Аллаһ Акбар!» деген сөздермен қошталып тұрды. Казак әндері мен биі үшін құрылған уақытша сахнада мұсылманша дұғалар естілді, әлдекім «Фатиха» сүресін оқи бастады. Сүре оқып отырған ақсақалға Айсұлу Қадырбаева мегафонды жақындатты. Ол Жамбылдан келген 84 жастағы Айнаш Қамшыбаев ақсақал екен. Оны сапар бойы Жамбыл қаласы мешітінің имамы, 80 жастағы ақсақал Шоқай Әлімқұлұлы алып жүрді. Бұл туралы өз кітабында Орынбай Жәкібаев баяндайды.
Осы тұста Орал баррикадасында жергілікті педагогикалық институттың «сызу, сурет өнері және еңбек» мамандында оқып жүрген 22-жасар студент Мұңайдар Балмолданың жұлдызы жанады. Ел мен жер үшін басталған оқиғадан әсерленген ол өзі сияқты жүздеген студент замандастарымен бірге ойланбастан «Азаттың» митингісіне барады, күні-түні алаңда болып, өзінің жалынды жырларын оқыды.
Тарихи оқиғалар оралдық жастардың көзқарастарын кеңейтіп, дүниетанымдарын түпкілікті өзгертті. Алаңда тұрған жастар алғаш рет өздерін ата-бабадан мұраға қалған туған жерді қорғауға қабілетті, біртұтас қазақ ұлтының ажырамас бөлігі деп сезінді. Олар осындай халықшылдық, патриоттық рухта есейді, осы рухта балаларын тәрбиеледі. Ал қазір сол кездегі жастардың немерелері қатарға қосылып жатыр. Осылайша, ұрпақтан ұрпаққа халықтың генетикалық коды беріледі. Институтты бітірген соң Мұңайдар енді мұғалімдікке бара алмайтын еді, жүректе өршіген дауылпаздық рух пен жалын оны журналистикаға әкелді.
Мұңайдар Балмолда – бүгінде танымал тележурналист, көпшіліктің көңілінен шыққан телебағдарламалардың авторы әрі жүргізушісі. Ол хабарлардың көпшілігі сонау алыс 91-ші жылы егемендігін қорғап қалуға тікелей ат салысқан туған ел мен туған жерге деген біртұтас, бөлінбейтін махаббатпен өрнектелген. Ол 15 кітаптың, поэтикалық жинақтар мен тарихи кітаптардың авторы, бірнеше телебағдарлама мен Орал оқиғаларына арналған деректі фильм түсірген. Фильмде әлдебір құдіреттің күшімен сақталып қалған телевизиялық хроникалық кадрлар бар. Сонымен бірге ол Орал оқиғалары туралы газеттерге бірнеше мақалалар жазған, журналистерге сол күндер туралы сұхбаттар да беріп жүр. Тек бүгінде сол оқиға жайлы сұрайтын журналистер азайған үстіне азайып кетті. 91-ші жылдағы Орал оқиғалары қоғамдық талқылаудан алыстатылғандай көрінеді, әлі күнге дейін зерттеулері аз.
Ресми жарияланбаған Орал оқиғаларын тексеру жөніндегі Президенттік комиссия қорытындысында «Орал қаласының прогрессивті көзқарастағы студент жастары, Орал облысы, сонымен бірге Жамбыл, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар, Алматы, Қызылорда, Жезқазған және басқа да облыс тұрғындары мен Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстаннан келген қонақтар «казактардың мерейтойына» қарсылық танытып, көп адам жиналған митингілер өткізді, Ресейдің әр аймағынан Оралға келген казак делегацияларының жолын кесті. Ресми деректерге сәйкес, митингіде үш мыңнан он мыңға жуық, тіпті одан да көп адам қатысты» деп жазылған еді.
Президенттік комиссия қорытындысына оның мүшелерінің басым бөлігі қол қойды, алайда комиссия төрағасы Серік Әбдірахманов қорытынды құжатқа қол қоюдан бас тартты. Дегенмен, құжат қорытындысында «митинг пен шеру орыстарға қарсы емес, сепаратизмге, Қазақстанның егемендігі туралы Декларацияны қорғауға бағытталған болатын. Айтылған сөздерде республика аймағындағы барлық ұлттардың теңдігі, Қазақстан мен Ресей арасындағы тарихи достық идеялары болды. Сонымен қатар, «Казактар – Янаевтың төбеттері!» деп жазылған қате ұрандар да көтерілді» деп жазылды.
1991 жылдың 13 қыркүйегінде кешкісін жергілікті «Азат» қозғалысының жетекшілері үндеу қабылдады. Үндеуде «казактар мерейтойы» тағы да айыптап, өздерінің қарсылығы бейбіт сипатта деп мәлімделді. Сол түні қала ішіне тұрғындарды қарсылық акциясына шақырған «азаттықтардың» парақшалары жапсырылды, елдің танымал қаламгерлері Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановқа, Біріккен Ұлттар Ұйымына жеделхаттар жіберілді.
Сол уақытта Орал казактары мен олардың қонақтары 15 қыркүйектің түскі уақытында қала орталығындағы Құтқарушы Мәсіх шіркеуінде (Храм Христа Спасителя) салтанатты құлшылық рәсімін өткізуді жоспарлағаны белгілі еді. Сосын шіркеуден «Зенит» мәдениет сарайына дейін үш көше бойы казактар парадпен жүріп өтуі, яғни казак маршы жоспарланды. Казак жауынгерлерінің бұрын-соңды болмаған көрсетілімі болуы тиіс еді. Облыс басшылығына жеткен мәліметтер бойынша, сол жерде, зауыттың Мәдениет сарайында, салтанатты жиында казак атамандары Орал казак автономиясын жарияламақшы. КСРО мен Ресей Федерациясы үкіметтеріне шұғыл түрде үндеу жолдауды көздеді, ал сосын Ресейдің көрші Самара облысынан әскер кіргізілуі де мүмкін болатын. Бұл жоспар сол кезде Полишинель құпиясына айналған еді.
1991 жылдың 14 қыркүйегіне қараған түн өте қысқа, жаздың қапырық түнінен де қысқа болды. Қала ұйықтамады, казактар жағында да, қазақ белсенділері штабында да ешкім көз ілген жоқ. Халық депутаттары Орал облыстық кеңесі терезелерінде де жарық бір минут та сөнбеді.
7 ТАРАУ. АЛАҢДАҒЫ ҚАРСЫЛАСТЫҚТЫҢ
ЕКІНШІ КҮНІ
1991 жылдың қыркүйегінде казактарға барынша қарсы шыққан үш күн өте ауыр болды, түрлі қауіптер де артты. Оралдың орталық алаңына жиылған жүздеген «азаттықтар» мен мың шақты қарапайым тұрғындар 14 күні де ертеден кешке дейін митингілер өткізіп жатты. Қазақстанның әр аймағынан келген белсенділер де, қарапайым тұрғындар да, Алматыдағы Желтоқсан мектебінен өткен тәжірибелі шешендер де халық алдына шықты.
14 қыркүйекте Орал темір жол вокзалына Орынбор, Дон, Кубань, Мәскеу мен Ленинградтан, Иркутскі мен Амурдағы Комсомольскіден келген казактарды қазақ шерушілерінің пикеттері қарсы алды.
Ресейлік БАҚ, орталық газеттер мен «Вести» телехабарының тілшілері қалада өз үйінде жүргендей еркін жүрді, репортаж жасады, қарама-қарсы жақ өкілдерінен, оқиғаға қызығушылық танытқандардан сұхбат алды. Жергілікті тұрғындар арасында Орал қаласы бір мезетте бүкіл елге әйгілі болды деген хабар тарады, Орталық телевидение экрандарынан белгілі тұлғалардың Оралдың орталық көшелерін асықпай аралап жүргенін де байқауға болатын еді.
Уақыт өткен сайын «азаттықтардың» қарсылығы күшейе түскенде облыс басшылығымен келіссөз жүргізуге делегаттар жіберу ұсыныстары айтылып жатты, десе де келіссөздерде қазақ шерушілері үзілді-кесілді талаптар қоюдан танбады. Біреуді Мәскеу мен Алматыға жеделхат жіберуге поштаға жібереді. Ол сол жерде әлгі жеделхатын оқып береді, шерушілер оны айқаймен қолдап тұрды.
Кейін Президенттік комиссия «қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында митинг ұйымдастырушылар қажетті шараларды қолданды: штаб құрылды және ішкі істер органдарына көмектесіп, тәртіпті қамтамасыз ететін топтар құрылды. Осы шараның арқасында қоғамға жат әрекеттерге жол берілген жоқ» деп атап көрсетті.
Сол уақытта қалада ішкі әскерлер мен жуырда ғана құрылған милицияның арнайы бөлімі (ОМОН) жүргені туралы сыбыс тарайды. Олар дулыға, темір қалқан және шоқпармен қаруланған екен-мыс. Қала әуежайына әскери ұшақтар бірінен соң бірі келіп қонып жатыр деген сөз желдей есіп тұрды. Шындығына келгенде мұндай ұшақтар болған жоқ, бірақ Ақтөбе мен Атырауда милиция арнайы бөлімдері ұшып келуге дайын тұрған еді. Мыңдаған славян ұлты өкілдері жұмыс істейтін «Зенит», «Металлист», «Омега» зауыттарында арматура мен кабельді кесіп, 1986 жылы Алматыда болғандай шоқпарлар дайындап жатқаны туралы хабар да жетті. Алаңдағы қазақтар арасында да қарулану туралы әңгімелер айтыла бастады.
«Азаттық» естеліктерінің авторы Орынбай Жәкібаев сол кезде «азаттықтар» жетекшісі Айсұлу Қадырбаеваның жиналғандарға бірнеше рет қайталап былай дегенін еске алады:
«Қолдарыңа қару түгіл, тас та алмайсыңдар! Түнде сондай қаулы қабылдадық. Бәрі тыныш наразылық қалпында болуы керек. Казактарды шіркеулеріне кіргізбеуге хақымыз жоқ. Бірақ оларды "Зенит" заводының Мәдениет сарайына кіргізбеуіміз қажет. Сондықтан да қазірден бастап, Әбілхайыр хан дәстүрімен 113 кісіден хан жасағын құрып, оны «Декларация жауынгерлері» деп атап, Мәдениет үйі алдына шеп құрамыз. Казактар немесе «қызыл армияшылар» тізбекті бұзып өтіп көрсін».
«Декларация жауынгерлері» қатарына жазылуға ниет білдіргендердің көп болғаны соншалық, әр облыс белсенділеріне лимит, яғни шектеу белгіленді. Солай болса да «113 жасақтың» басым бөлігін Орал қаласы мен облыс жігіттері құрады. 113 «жауынгердің» (олардың арасында қыздар да болды) әрқайсына қатаң нұсқау берілді: қандай жағдайда болса да қоғамдық тәртіпті сақтау, тізбекті әскерилер немесе милиционерлер бұза алмайтындай етіп, бір-біріне тығыз тұру. «113 жасақтың» жігіттері қандай жағдайда болса да күш көрсетуге бармайтындарын айтып, ант берді. Жарақат алған, тіпті, оқ тиген жағдайда жанды тізбекті бұзбай өзгемен ауыстыру көзделді. Жанкештіліктің белгісі ретінде тізбек құрушылар ақ шүберекті бастарына, қолдарына байлап алды, кейбірі қалталарына салып алды.
Митинг ұйымдастырушылары сонымен қатар, айналадағы спиртті ішімдік сататын барлық дүкендердің жабық болуын айтып, қала билігіне өтініш жіберді.
Әлбетте, толқып тұрған көпшілік жиналған жерде мәселені өзінше шешуге ұмтылатын қызу қандылар да табылатыны белгілі. Әдетте, олар мәселенің байыбына бармастан келте ойлап қалады, оларды дер кезінде тоқтатпаса, артынан көпшілікті ілестіріп кетуі ықтимал. Осылайша «топ эффектісі» іске асырылатын, ол қарсыластармен немесе құқық қорғау органдарымен тікелей қақтығысқа, тіпті жаппай тәртіпсіздік пен қырғынға ұласуы мүмкін.
Қыркүйектің ең қауіпті 13-15-і күндері «Азат» басшыларының Махатма Ганди рухындағы бейбіт қарсылық жолын ұстанғанының арқасында, қарсылық акциясына қатысушы қарапайым көпшілікті бастаушылардың салқынқандылығы арқасында Оралдағы жағдай тыныш өтті. Халық депутаттарының облыстық кеңесі жанындағы Нәжімеден Есқалиев басқарған штабқа «қарапайым әкімшілік әдістердің» сынағынан өтуге тура келді, бірақ жағдай ерекше еді. Қазақ шерушілері жағына да, казактар жағына да өтіп кетуге болмайтын болды. Ал Алматыдағы билік ол кезде үнсіз қалды. Ашық қақтығысқа жол бермеу жауапкершілігі облыс басшылығының иығына артылды.
- Басшылық пен облыстың күштік құрылымын кәсіби жарамдылық пен моральдық беріктігін сынайтын күрделі емтиханнан өту күтіп тұрды. Осындай шиеленіскен жағдайда екі өте маңызды міндетті шешу керек болды, алдымен жергілікті және келген казактарды қаланың орыс тұрғындарының негізі тобынан алшақтату, қарсы тұрған күштердің қақтығысын болдырмау. Жүргізілген жұмыстар арқасында оралдық казактардың үш жүзге жуығы ғана Ресейден келген жүз шақтыға қосылды. Мұның өзін алғашқы жеңіс деп атауға болатын еді, - деді сол күндерді еске алған Нәжімеден Есқалиев.
Екінші міндет – Қазақстанның әр аймағынан Оралға келген кейбір «азаттықтардың» эмоцияға салынып кетпеуіне жол бермеу оңайға соқпады. «Невада-Семей» қозғалысы басшысының орынбасары Бақытжан Әділов, Жасарал Қуанышәлин, Батырхан Дәрімбет, Айсұлу Қадырбаева секілді Орал оқиғасынан кейін танымал саясаткерлерге айналған басқа да тұлғалар «азаттықтардың» жалынды жетекшілері болды. Казактармен арадағы әбден ушыққан ахуалды күшпен шешуге ұмтылған қызуқанды «азаттықтардың» бір бөлігін тежеп ұстау оларға оңай болған жоқ.
- Қала кәсіпорындарының бірінші басшылары ұжымындағы қазақтар мен орыс тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қайткен күнде де жергілікті тұрғындар мен сырттан келген казактар арасында қантөгіс болмауы керек болды. Мен қасымдағы көмекшілеріммен бірге екі оттың ортасында қалдым, бір жағынан бізге облыс басшылығына қарсы «азаттықтар» қысым жасаса, екінші жағынан, Орал казактарының патшаға қызмет етуінің 400 жылдығын мерекелеуге рұқсат бермегеніміз үшін бізге наразы болған жергілікті және келген казактар, - дейді Нәжімеден Есқалиев.
Есқалиев облыстық мекемелер мен кәсіпорын, ұйым басшылары арасында да жағдайды тыныштандыруға қатысты өз міндеттерінен жалтарғандар болғанын да айтты. Олар үнсіз қалды, оларды жұмыс орындарынан табу қиын болды. Оралдағы дағдарыс шегіне жетті, кездейсоқ тасталған ұшқын қазақтар мен казактар арасындағы текетіресті үлкен өртке айналдыруы әбден ықтимал еді, ал бұл Мәскеу күткен жағдай еді.
- Қарсы жақтан қақтығысты болдырмау мен арада қан төгілмеуі үшін біз бар күшімізді жұмсадық. Оралға кіруге дайын тұрған генерал Макашовтың танкілерінен қорыққанымызды жасыра алмаймын. Сол кезеңде Қазақстанның территориялық тұтастығы қатерге ілініп тұрғанына куәмін. Біз жоспар бойынша жұмыс істедік, әркім өз орнында қандай да бір қауіпті жағдай туа қалса, қалай әрекет ету керектігін білді. Күштік құрылым өкілдері, жедел топ қызметкерлері мен халық жасақшылары тәртіпті де батыл болды, ешқандай арандатуға бой алдырған жоқ,- деді Нәжімеден Есқалиев. – Патриоттық көңіл-күйдегі қалалықтар мен жақын аудан тұрғындары бізді қолдау мақсатында қала орталығына жиналды. Осылай өз ағысымен өткен жиын басында коммунистер, соғыс және еңбек ардагерлері болды. Көптеген басшылар өздерін жақсы жағынан көрсетті, жылдар бойы жинаған ұйымдастыру, идеологиялық және саяси жұмыс тәжірибесі мен партиялық шыңдалу өз нәтижесін берді. Облыс басшылығы, қалалық кәсіпорындар мен ұйым басшылары ең қиын жағдайда, кейде тіпті оқыс жағдайда да жұмыстарын атқарды.
14 қыркүйекте мыңдаған адам сыятын «Авангард» стадионында жергілікті және сырттан келген казактарға арналған үлкен концерт өтетіні, концертте өзінің жаңа әрі культтік «Эскадрон» әнін сол күні Мәскеуден ұшып келген Олег Газманов шырқайтыны белгілі болды. Оны естіген «азаттықтар» концертке кедергі жасау үшін стадионға қарай кетті, ал ол кезде стадионда мыңдаған көрермен отырған еді, жан-жақтан келген әртістер өнер көрсетіп жатты.
Осының алдында Газмановты қарсы алу үшін әуежайға облыстық мәдениет басқармасының бастығы Амангелді Берғалиев пен Есқалиевтың көмекшісі Амангелді Дәулетжанов барады. Олардың мақсаты Газмановты «Эскадрон» әнін айтпауға көндіру болатын, бұл ұсынысқа Газманов таңданысын білдірді.
Қыркүйектің сол қауіпті күндері облыс басшылығының жағдайды бақылауда ұстау мақсатында жасаған іс-әрекеттеріне жергілікті дінбасылар үлкен көмек көрсетті. Құтқарушы Мәсіх православие шіркеуі алдындағы алаңда жергілікті және сырттан келген казактар алдында Орал және Гурьев епископы Антоний сөз сөйледі. Ол барлығын халықтар арасындағы достық пен татулыққа шақырды. Сол сияқты митингідегі қазақ белсенділерін тыныштандыруда оралдық мүфти Зейнолла да үлкен жұмыс атқарды.
Осы жерде сол дағдарыс алдында облыс басшылығының жергілікті провослав қауымына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіргендігін атап кеткен жөн. Кеңес билігі кезінде бірнеше шіркеу аяусыз қиратылды, цинизмнің шыңы да осы ғой. Ал Құтқарушы Мәсіх соборы Оралдағы ең үлкен шіркеу еді, оның іргетасын 1891 жылы ханзада, болашақ император Екінші Николайдың өзі қалаған болатын. Оны кеңес өкіметі «Дін және атеизм музейіне» берген. Оралдық православтардың өтінішімен 91-жыл оқиғасынан бұрын облыс басшылығы соборды діни қауымға қайтарып береді. Шіркеу қоңырауының үні жұмысқа кедергі деген сылтаумен кезінде облыстық партия комитеті бұл арадан басқа жаққа көшірілген. Қазір бұл ғимаратта облыстық мәслихат отыр.
Нәжімеден Есқалиевтың соборды православтарға қайтарудағы еңбегіне алғыс ретінде Антоний әкей мен басқа да православ қызметшілері мұсылмандардың «Қызыл мешітін» қалпына келтіруге көмектесті. Кеңес тұсында «Қызыл мешіт» аң ұстау үшін юннаттарға (жас натуралистер) берілген еді, егін жинау кезінде мешіт астық қоймасы болды.
«Қызыл мешітті» қайтарылған соң провославие шіркеуінің дінбасылары ғимаратқа су мен жылу кіргізді, мешіт садақаларынан түскен қаржыға жарты айдың белгісі бар мұнара салып берді. Антоний әкейдің өтініші бойынша облыс басшылығы үйі Михаил Архангел шіркеуі ауласында қалған бір қазақ отбасына басқа жерден баспана берді. Осындай өзара жасалған мәміле, түсінісу қадамдары көпшілік қолдауына ие болды, бұл «400 жылдық дүрбелеңі» басталмас бұрын жергілікті діни конфессиялар мен билік арасында сенімді байланыс орнауына себеп болды. 91-ші жылғы қыркүйектің қатерлі күндері діни қауымдастық қызметкерлері белсенділік көрсетті, қарсылық танытып тұрған тарапты татулық пен келісімге шақырды, бұл қазақ белсенділері мен казактардың көңіл-күйіне оң ықпалын тигізді.
Орал орталығындағы алаңға «казактардың мерейтойына» қарсылық митингісіне жиналушылар саны көбейген сайын көбейе түсті. «Азат» жетекшілері 14 қыркүйекте түске дейін және түстен кейін «казактардың мерейтойын» өткізбеу туралы жазбаша талаптарымен облыстық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы Владимир Гартманның кабинетінде екі рет болды. Ол жерде прокуратура өкілі «азаттықтарға» егер іс қантөгіске ұласса, олардың жауапкершілікке тартылатыны туралы жазбаша құжат, «Ескертпені», тапсыруға тырысты. «Азат» жетекшілері «Ескертпеге» қол қойды.
Жалғасы бар...
Артур Нығмет
