Орал қалалық соты 21 жастағы Анастасия Чернаяның өліміне қатысты іс бойынша үкім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
28 жастағы Темірлан Аманғалиев денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды.
Бұл процесс үлкен резонанс тудырды. Ер адам қызды өлтіріп қана қоймай, айғақтардан құтылмақ болған. Ол Анастасия Чернаяның денесін орманға апарып, бензин шашып, өртеп жіберген. Оны жергілікті шопан тауып алған. Прокурор соттан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
"Аманғалиевке жанжал шығармауына болар еді. Бірақ ол өзінің күш-қуатының басымдылығын пайдаланып, оған ауыр дене жарақатын салды, нәтижесі өлімге әкеп соқты. Оның кінәсі толығымен дәлелденді", - деді мемлекеттік айыптаушы Анастасия Семилиди.
Сот Темірлан Аманғалиевті 8 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өтеу туралы үкім шығарды. Сондай-ақ, ол марқұмның анасына 159 000 теңге материалдық және алты миллион теңге моральдық шығынды өтеуі тиіс.
"Біз жазаны қатаңдату керек деп санаймыз. Ол екі жасар қызды анасынан айырды. Анастасия мейірімді және жанашыр адам еді", - деді Светлана Лобанова.
Еске салайық, 15 қыркүйекте Ветелки ауылы маңындағы орманда жас қыздың өртенген денесі табылған болатын. Бұл жоғалған Анастасия Черная екені анықталды. Өлімнің себебі - бас-ми жарақаты. Сотталушы Темірлан Аманғалиев қызды өлтіргісі келмегенін айтып, кінәсін мойындады.
1210 рет оқылды