Орал сөзі орыс тілінде де солай жазылуы керек. Бұл туралы Орал қаласы әкімдігінде өткен «Ономастика - рухани тұтастық негізі» атты дөңгелек үстелде тілші-ғалым, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы БҚО филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, ономастика ғылыми негізде тарихи және тілдік қалыптарға сай жүргізілуі тиіс. Өйткені мұнда ең алдымен мемлекет, ұлт мүддесі алдыңғы орынға шығып, қоғамдық сана өзгеруі керек.
Шет елдерде шекаралық аймақтарда ономастика мәселесіне айрықша мән беріледі. Мысалы, Германияның Франциямен шекаралас бөлігінде атауларды тек неміс тілінде атау талап етіледі. Осы тұрғыдан алғанда, Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес бірдей өңірімен шектесетіндіктен, бұл мәселенің маңызы зор екендігі күмән туғызбайды.
«Облыс орталығы - Орал қаласына келейік. Қалаға қарайтын кенттер әлі күнге Серебряков, Желаев, Круглоозерный, Деркөл болып аталып келеді. Зачаганск Зашаған, Зачаган болып түрліше аталып жүр. Орал қаласының атауын кезінде патша өзгерткенімен, туысқан татар, башқұрт тілдерінде де «қайтып кел» деген мағынаны білдіреді. Яғни түркілік атау болып есептеледі. Орал сөзінің түркілік табиғатын ресейлік ғалымдар әлдеқашан мойындаған. Олай болса, Орал қаласының атауын орыс тілінде неге Уральск дейміз. Соның кесірінен ағылшын, неміс және басқа тілдерде де солай жазылады. Орал сөзіне басқа халықтың тілі келмейді деп сылтауратудың қажеті жоқ, Ақтөбе Актюбинск емес, Актобе болып өзгерді ғой. Шаһардың өзінде «Орал» сауда үйінің атауын өзге ұлт өкілдері айтып жүр, яғни еті үйренді. Сол секілді Жайық өзені де екі түрлі болып аталып келеді. Ресей аумағында Урал болып келеді де, содан кейін Жайыққа айналады. Бір өзенде екі атау бола ма, мұны да заңдастыру керек. Қорыта айтқанда, Орал қаласының атауы орыс тілінде де Орал болып жазылуы тиіс», - деді Болат Өтеғалиұлы өз сөзінде.
Жиында еңбек ардагері, белгілі айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан Қыдырниязова ономастика, тіл мәселелерінің барлығын ғылыми негізде жүргізу қажеттігін атап көрсетті.
«Атқарылған жұмыс аз емес. Тілші-ғалымдармен ақылдасып, кеңесіп жасағанның артығы жоқ. Екіншіден, көшелердің, шағынаудандардың атаулары өзгеріп жатыр. Алайда солар жаңаша айтылып жатқан жоқ. Қарапайым мысал, автобус аялдамалары сол бұрынғы атауларымен хабарланып жатады. Сондай-ақ, көшелердің атаулары түрліше болып жазылып тұр. Орал қаласы әкімдігіне құлаққағыс, соларды неге реттемеске!?», - деді Ш.Қыдырниязова.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов дөңгелек үстел отырысында көтерілген ұсыныс-пікірлердің ескерілетінін жеткізді.