Қарашаның тоғызы қазақ әдебиеті үшін ғана емес,
қазақ жұрты үшін де қаралы хабарымен есте қалғандай болды. Қазақ елінің біртуар
перзенті, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, журналист, сатирик Көпен Әмірбек өмірден
озды.
Қаламгердің туған жерінде, Отырар ауданында тау
тұлғамен қоштасу жиыны өтті. Жиынды аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов жүргізді.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастап,
Сенат, Мәжіліс депутаттары, министрлер, қоғам қайраткерлері, облыс әкімдері,
қалың оқырмандары мен көпшілік қауым Көпен Әмірбектің отбасы мен жақындарына
көңіл айтып, қалың қазақтың қайғысын бөлісіп жатты.
Аудандық мәдениет сарайында өткен қоштасу жиынына
қатысқан халықтың да қарасы мол болды. Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың және ҚР
Мәжілісінің төрағасы, «Аманат» партиясының басшысы Ерлан Қошановтың, Мәдениет
және спорт министрі Дәурен Абаевтың көңіл айту хаттарын ҚР мәдениет және спорт
вице-министрі Нұрқиса Дәуешов көпке оқып беріп, ағайын-туыстарына тапсырды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының көңіл
айту хатын облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Шымкент қаласының әкімі
Мұрат Әйтеновтің көңіл айту хатын қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан
оқып, қазалы жұртқа көңіл айтты. ҚР жазушылар Одағының хатшысы Мереке Құлкенов,
мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов және Көпен Әмірбектің досы
Исахан Ақылбеков сынды тұлғалар қаламгердің өмір жолы, әдебиет әлеміне сіңірген
еңбегі, азаматтық тұлғасы туралы естеліктер айтып, сыр шертті. Бауырындай болып
өскен ғалым, сыншы Құлбек Ергөбектің қимастық сөзі көптің көңілін босатты.
Қоштасу жиынынан соң, қаралы жұрт «Арыстан баба» мешітіндегі жаназа намазына
қатысып, құран бағыштады.
Қазақтай ел барда, қазақ әдебиеті барда Көпен
Әмірбектің есімі ешқашан өшпейді. Қаламгердің артында қалған рухани мұрасынан
әлі талай оқырман сусындай берері анық.