14 қыр, 2017 сағат 00:58

Оңтүстік жастары латын әліпбиіне көшуді қолдайды

Оңтүстік жастары латын әліпбиіне көшуді қолдайды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова мен өңірдегі жастар орталығының директоры Береке Дүйсебеков мәлім етті.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2025 жылдан бастап, латын әліпбиін қолданысқа енгізу керектігін айтты. Бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз бар», дейді  ОҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова.

Оның пікірінше, біріншіден, бұл тіл тазалығы мәселесіне қатысты. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. 

«Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқымыз келеді», - деп атап өтті Балмаржан Нарбекова.

 «Қазақ елі тәуелсіздік алғанына жиырма алтыншы жылға аяқ басты. Бүгінгі жастар еліміздің өркендегенін, жылдан-жылға дамып келе жатқандығын көріп отыр. Олар азат рухта тәрбиеленіп, өздерінің бай тарихына мақтана алатындай сезімде бой түзеуде», - дейді ОҚО жастар орталығының директоры Береке Дүйсебеков.   

Оның пікірінше, отаршылдық санада емес, тәуелсіздік рухтағы қазіргі қазақ жастары ұлтын сүйетін патриоттық сезімде қалыптасып келеді.

«Біз жастар латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз деп сеніммен айта аламыз. Латын әліпбиіне көшу - біз жастар үшін, болашақ еліміз үшін әлдеқайда маңыздырақ!», - деп атап өтті Б. Дүйсебеков.