Оңтүстік Қазақстан облысын мәдениеттің бесігі десек қателеспейміз. Себебі республика көлеміндегі өнерпаздардың басым бөлігі осы өңірден шығып жүр. Мұнан тыс түрлі әзіл-сықақ театрлары да осы күнгей өлкенің мәдениетіне жан бітіріп, тамырына қан жүгіртіп отыр.
Атап айтар болсақ, тәуелсіздік жылдары облыста 730 мәдениет және өнер мекемелері салынып немесе қайта жаңарып, халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді. Оның 423-і кiтапхана болса, 254-і клуб, 25 музей, 1 көркемсурет галереясы, 8 кәсіби театр, 2 кинотеатр, 8 саябақ, 3 орталық, 1 облыстық филармония, 1 «Оңтүстікфильм» мекемесі, 1 «Оңтүстік-Цирк» мекемесі, 1 «Түркістан сарайы», 1 көрме орталығы және 1 зообақ бар.
Егемендігіміздің алғашқы кезеңінде нарықтық экономикаға өту – мәдениет саласына да өз әсерін тигізді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігінен мәдениет және өнер мекемелері жабыла бастады. Алайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2000 жылды «Мәдениетті қолдау» жылы деп жариялауына байланысты мәдениет саласына тиісті қаржы көздері қарастырылып, жабылған мәдениет ошақтары кезең-кезеңімен қалпына келтіріліп, қайта ашу жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында күнгей облыста 4 театр Елбасының қатысуымен ашылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияға жаңа ғимарат салынып, ел игілігіне берілді. Мұнан бөлек, республикада үшінші болып «Оңтүстік-Цирк» мекемесі көрермендеріне есігін айқара ашты. Кеңес дәуірінде кинопрокат қызметін атқарған мекеме «Оңтүстікфильм» мекемесі болып қайта құрылып, жыл сайын 250-ге жуық деректі фильмдер мен бейнематериалдар дайындап, жастар мен балаларға кино көрсетілімдер және кино фестивальдер ұйымдастырып келеді.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан қаласындағы облыстық тарихи-мәдени-этнографиялық орталық, Руханият, Әбу-Насыр әл-Фараби, Хакім Абай, Ерлік, бейнелеу өнері музейі және әдет-ғұрып және салт-дәстүр, тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтар өз жұмыстарын бастап, облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты салынды.
Осынау жылдар ішінде қазіргі заманның эстетикалық талабына сай халық шығармашылығының және іс-шаралардың жаңа формаларын табу, жас таланттарға қолдау көрсету мақсатында түрлі байқаулар мен фестивальдер ұйымдастырылып келеді.
Осылайша оңтүстік өңір де Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына үн қату мақсатында мәдениет саласында халықаралық, республикалық деңгейдегі бірқатар игілікті іс-шаралар өткізіп, болашаққа нық қадам жасауда.