01 қыр, 2020 сағат 12:44

Өңделген тауардың үштен екі бөлігі шетелден келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамытуды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қарамастан ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың 2/3 жуығы шетелден әкелінеді. Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды», - деді Президент. 

Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет. Өнеркәсіпті реттеу және оған қолдау көрсету мәселелері түрлі заңнамалық актілерде көрініс тапқан. Бірақ ортақ мақсат көрсетілмеген. 

«Жүзеге асырылатын саясат пен шаралар арасында өзара байланыс жоқ. Сондай-ақ, жекелеген секторларды немесе салаларды реттейтін көптеген заң бар. Мысалы Электр энергетикасы туралы заң, Көлік туралы заң, Өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін Өнеркәсіп саясаты туралы бірізді заң жыл соңына дейін әзірленуі тиіс. Өнеркәспке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырмыз», - деді Қ. Тоқаев.