Астана қаласының Ішкі істер департаментінде 26 жастағы Ескендір Сүлейменов мерт болған жол апатына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Белгілі болғандай, 1989 жылғы жүргізуші Мұхитова Hyundai автокөлігімен Мәңгілік ел көшесінде келе жатқан. Сол жаққа бұрылу кезінде ҚР жол ережесінің 13,5 пунктін бұза отырып, 1991 жылғы жүргізуші Сүлейменов айдап келе жатқан Ducatti Streetfighter маркалы мотоциклмен соқтығысқан. Дене жарақатынан Ескендір Сүлейменов көз жұмды. Өлімге әкеп соққан аталған жол-көлік оқиғасы сотқа дейінгі тергеу амалдарының бірыңғай реестріне тіркелді. Олжас Сүлейменовтің немересін қағып кеткен қыздың әкесі Қызылорда облыстық ІІД басшысы болып жұмыс істейді: Мұхитов Қайрат Болатұлы. Қыздың ата-анасы тарапынан бұл іске ешқандай кедергі келтіріліп жатқан жоқ», - деді баспасөз мәслихатында департамент бастығының орынбасары Санжар Әділов.
Есіл аудандық №2 сотының Мұхитоваға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепілдік беру туралы шешімнің қабылдағаны айтылады. Кепілдің сомасы - 600 205 теңге. Прокуратура өкілдері кепіл туралы өтінішті қолдады.
Жүргізуші Мұхитова жол апатынан кейін оқиға орнында болған.
«Барлық бастапқы тергеу амалдары оның қатысуымен өтті. Жүргізушіге қатысы алкогольге және есірткіге медициналық куәландыру жүргізілді. Куәландыру қорытындысы есірткілік, алкогольдік немесе психотроптық заттардың табылмағанын көрсетті. Олардың бәрі іс материалдарында бекітілді. Дәл сол күні біз Мұхитовадан күдікті ретінде жауап алдық. Онымен бірге, қылмыстық іс бойынша тергеу басталғаннан кейін-ақ жедел-жәрдем көлігінің қызметкерлерінен, көрген куәгерлерден және оқиға орнына бірінші болып жеткен полиция қызметкерлерінен жауап алынды», - дейді ол.
Еске салайық, Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендірдің қаза тапқан жол апаты Астанада 22 маусымда Мәңгілік ел мен Керей, Жәнібек хандар даңғылының қиылысында болған еді. Кейін полиция тергеу жұмыстары жайлы айтып берген.