06 қаң, 2018 сағат 15:20

Оливер Генри. "Шатырдағы бөлме" (әңгіме)

Алдымен Паркер ханым сізге екі қонақ бөлмесін көрсетеді. Бұлардың ерекшеліктері мен 8 жыл бойы осында тұрған ер адамның өзіне жаққан қасиеттерін айтып жатқанда, оның сөзін бөлуге батылыңыз жетпейді. Қасқыр көрген қояндай қобалжып тұрып, дәрігер де, тіс дәрігері де емес екеніңізді ақырында әзер айтасыз. Содан соң Паркер ханымның қонақ бөлмелерін жалдау шарттарына сай келетін мамандықтарға бағыттамағаны үшін іштей ата-анаңызға бір кейіп алуыңыз мүмкін.

Одан әрі баспалдақпен жоғары көтеріліп, екінші қабаттың артқы жағындағы сегіз долларлық бөлмеге барасыз. Қожайын сізге негізі бұл жер айына 12 доллар төлеуге лайық екенін; Флоридаға, бауырының Пальм жағалауы маңындағы апельсин плантациясына иелік етуге кеткен Тузенберри мырза бұған дейін сонша ақша төлеп келгенін жеткізеді. Көрші бөлмеде тұратын Макинтайр ханымның әр қысын сол өлкеде өткізетінін де айтып үлгереді. Сіз бұдан арзанырақ бөлме керек екенін міңгірлеуге мәжбүр боласыз.

Паркер ханымның кекесінін елемеуге шамаңыз жетсе, одан әрі үшінші қабаттағы Скиддер мырза тұратын үлкен бөлмені көресіз. Ол осында шылым шегіп отырып, күні бойы пьеса жазады. Бұл бөлме бос болмаса да, пәтер жалдағысы келген әр адамды үй иесі міндетті түрде ертіп әкеліп, олардың сәнді терезе маңдайшасын көріп, сүйсінгенін тамашалағанды жаны сүйеді. Екінші ұтатыны – Скиддер мырза да үйренісіп қалған баспанасынан айрылып қалудан қауіптеніп, пәтерақының бір бөлігін төлейді.

Ақыры үш долларыңызды қысып ұстаған күйі қалтаңыздың жұқа екенін күмілжіп айтқан соң, Паркер ханым үй бөлмелерін аралатып көрсетуді тоқтатады. Құлақ тұндырар ащы үнмен «Клара!» деп айқайлап, қызметшіні шақырады да, бұрылып төмен түсіп кетеді. Содан соң қараторы келіншек – Клара келіп, кілем төселген баспалдақ арқылы жоғары, төртінші бөлікке ертіп апарып, шатырдағы бөлмені көрсетеді. Үйдің қақ ортасында орналасқан бөлменің ені 7, ұзындағы 8 фут. Мүлік атаулыдан темір керует, орындық, суырмалы жиһаз және қол жуатын орын бар. Еңсені басқан күңгірт төрт қабырға табыт ішінде тұрғандай әсер қалдырып, өкпеңіз қысылып, жайсыз күй кешкен соң, тамағыңызды қырнап алуға мәжбүр боласыз. Сонда да дем жетпей қиналғандықтан, басыңызды көтергенде, төбедегі төрт бұрышты терезеден таңғажайып көрініс – көгілдір аспанды көресіз. Көресіз де, жаныңыз рахат тауып, терең бір тыныстап аласыз.

-  Бағасы екі доллар, – дейді Клара кекеткен, менсінбеген мәнермен.

Бір күні жалдамалы пәтер іздеп жүрген қолында машинкасы бар Лисон ханым да осы үйге тап болды. Көзі танадай, шашы ұзын болғанмен, бойы да, денесі де шағын аруға Паркер ханым алдымен екі қонақ бөлмесін көрсетті.

- Медициналық заттарды мына жиһазға орналастыруға болады, – деді үй иесі.

Лисон ханым:

- Мен дәрігер де, тіс дәрігері де емеспін, – деп жауап берді қобалжыған үнмен.

Паркер ханым әдеттегідей, бұл бөлмені жалдау шартына сай келмейтін пәтер іздеушілерге арнайтын табалаған тәкаппар көзқараспен жас қызды ата қарады да, екінші қабатқа қарай жол бастады. Мұндағы бөлменің жалға берілетін құнын естіген соң Лисон ханым:

- 8 доллар дейсіз бе?! Бұл тым қымбат! Мен күнін әрең көріп жүрген адаммын. Маған жоғары қабаттардан бағасы арзанырақ бөлмені көрсетіңіз, – деді.

Есік қағылғанда, Скиддер мырза орнынан атып тұрып, жиналып қалған темекі тұқылын еденге байқамай шашып алды. Оның өңі бұзылып, түрі күреңітіп кеткенін аңғарған соң:

- Айып етпеңіз, Скиддер мырза, – деді Паркер ханым суық жымиып, – сіздің іште екеніңізді білген жоқпын. Ханымға бөлмедегі сәнді терезе маңдайшасын көрсетпек едім.

- Өте әдемі екен! – деді Лисон ханым періште кейіпте күлімсіреп.

Олар шыға салысымен, Скиддер мырза жалма-жан әлі қойылмаған соңғы пьесасындағы қара шашты, ұзын бойлы кейіпкерді өшіріп, орнына бойы кішкентай, шашы ашық түсті арудың бейнесін жаза бастады.

- Анна Халд бұл рөлге таласатын болады, – деді өзіне-өзі күбірлеп. Терезе маңдайшасына қарай аяғын көтеріп отырды да, бұлтқа енген ұшақтай темекі түтінінен көрінбей кетті.

Кенеттен шыққан «Клара!» деген аспан тітірердей ащы үннен Лисон ханымның қанша ақшасы бар екені белгілі болды. Әлдебір қап-қара елес оны жарықтың жылдамдығымен сүйрей жөнеліп, баспалдақ арқылы үйдің ең жоғарғы қабатындағы бөлмеге әкелді де, «Екі доллар!» деп дүңк етті.

- Аламын! – деді де, Лисон ханым әбден құрғаған темір керуетке шиқылдатып отыра кетті.

Ол күн сайын жұмысқа барып, кешкісін бір бума қолжазба әкеліп, машинкамен теріп жүрді. Ал бос болған кештерде үйдегі өзге тұрғындармен бірге ең жоғарғы баспалдақтың басқыштарында отырып, әңгіме-дүкен құратын. Негізі, Лисон ханымның ханшайымдай ғажайып болмысы қойма есебіндегі бөлмеде тұруға лайық емес еді. Күндей жайдары, гүлдей нәзік, қиялы құстай ұшқыр ару болатын. Бірде Скиддер мырзаның әлі жарияланбаған «Ол сәби емес немесе жерасты жолының мұрагері» атты ұлы комедиясынан үзіндіні ықыласпен тыңдап шықты.

Лисон ханым баспалдақта отыруға бір-екі сағат уақыт тапқанда, үйдегі жігіттер қауымы қуанып қалатын. Не айтсаңыз да, «Қойшы, рас па?!» деп қисық жауап беретін, мектепте жұмыс істейтін ұзын бойлы, сары шашты Лонгнекер ханым ең жоғарғы басқышта отырып, үнемі Лисон ханымды кекететін. Жексенбі сайын тирдегі қозғалып бара жатқан үйрек бейнесін атуға баратын, әмбебап дүкенде жұмыс істейтін Дорн ханым болса, төменгі басқышқа жайғасып, ебін тауып, Лисон ханымды мұқатуға тырысатын. Бірақ ортадағы басқышта отырған Лисон ханымның айналасына жігіттер балға үймелеген арадай топталып жиналып қалатын. Әсіресе, оны қиялындағы романтикалық өмір-драмасының бас кейіпкері деп есептейтін Скиддер мырза; жасы 45-тегі толық, бай, ақымақтау Хувер мырза; Лисон ханымның «темекі шегуді қойсаңызшы» деген жанашыр сөзін естігісі келіп, әдейі өтірік жөткірінетін жас Ивэнс мырза оның жанынан шықпайтын. Ер адам атаулы әлемдегі ең тартымды, ең қылықты ару деп ойлағанмен, жоғарғы және төменгі басқыштағы кекесінді күлкілер тыйылмайтын.

                                                      ***

Сіздерден үйдегі «хор» «сахнаның» жиегіне келіп, Хувер мырзаның семіздігіне «қасірет шегіп», жас төккенше хикая-қойылымымызды сәл тоқтата тұруды сұраймын. Көңіл сыбызғысынан толықтық пен артық салмақтың кесапаты, қайғысы жөнінде «мұңлы» әуендер ақтарылады. Негізінде, тырысса, толық Фальстаф* жіптіктей Ромеодан өткен романтик бола алады. Ғашық жан күрсінсе де, күдер үзуге қақысы жоқ. Дегенмен, семіз адамдар өмір сапарын мазақ-пойызында қамалып өткеру керек. Сондықтан қарны 52 дюйм Хувер мырзаның ғашық жүрегі босқа үміттеніп, текке дәмеленеді. Көзіңді жоғалт, Хувер! 45 жастағы бай әрі ақымақ Хувер таңғажайып Еленаның өзін ес-түссіз «асық» қылады! 45-тегі дәулетті, ақылсыз, семіз Хувер арманына қол жеткізе алмай, махаббат өртіне жанып өтуі тиіс! Ода ешқандай үміт те, мүмкіндік те жоқ!

Үй тұрғындары Хувер мырзаны осылай мазақ қылатын.

Жаздың әдемі бір кешінде Паркер ханымның үйіндегі қауым жиналып отырғанда, Лисон ханым көкке қараған күйі кенет балаша шаттанып, көңілді үнмен дауыстап жіберді:

- Билли Джексон неге ана тұста тұр? Мен оны осыннан, төменнен де көре алады екенмін.

Жұрттың бәрі жоғары қарады: кейбірі бұлттармен таласқан зәулім ғимараттардың терезелеріне көз тоқтатса, кейбірі аспаннан Джексон жүргізіп келе жатқан әуе кемесін табуға тырысты.

- Әне, ана жұлдыз, – деп түсіндірді Лисон ханым жіп-жіңішке саусағымен нұсқап, – жарқырап тұрған үлкені емес, соның жанындағы көгілдір түстісі. Оны әр түні бөлмемнің шатырдағы терезесінен көремін. Бұл жұлдызды Билли Джексон деп атадым.

- Қойыңызшы, рас па?! – деді Лонгнекер ханым, – сіздің астроном екеніңізді білмеппін.

- Иә, әрине, – деді алапат үлкен аспан әлемінің кішкентай зерттеушісі, – Мен Марста көйлек жеңінің қандай түрі алдағы күзде сәнде болатынын ешбір астрологтен кем білмеймін.

- Қойыңызшы, – деді Лонгнекер ханым, – сіз көрсеткен жұлдыз – Кассиопея жұлдыздар шоғырындағы Гамма. Үлкендігі жағынан екінші, ал меридианды кесіп өту жолы...

- Оһ, – деп сөзге араласты өте жас Ивэнс мырза, – Меніңше, бұл жұлдызды Билли Джексон деп атаған дұрыс.

- Сондай-ақ, – деп Хувер мырза Лонгнекер ханыммен келіспейтінін білдіріп, даусын көтере сөйледі, – Лисон ханым бұрынғы астрологтер секілді қай жұлдызды қалай атаса да өз еркі деп ойлаймын.

- Қойыңызшы, рас па?! – деп мұқатты оны Лонгнекер ханым.

- Бұл ағып түсетін жұлдыз ба екен? – деп қызығушылық танытты Дорн ханым, – жексенбі күні мен тирде атқан оқ тоғыз үйрекке және он қоянның біреуіне дөп тиіп еді.

- Мұннан, төменнен аса әдемі көрінбейді, – деді Лисон ханым, – Менің бөлмемнен қарасаңыздар ғой. Білесіздер ме, құдықтың түбінен жұлдыздар күндіз де көрінеді. Үй шатырының төбесіндегі терезе шахтаның оқпаны тәрізді болғандықтан, Билли Джексон қара барқыт түн-шекпенінің өңірін қыстырған жарқыраған алмас түйреуіштей елестейді.

Бір уақыттарда Лисон ханым машинкамен теру үшін үйге ешқандай қолжазба әкелмейтін болды. Күн сайын таңертең жұмысқа барудың орнына әр кеңсенің табалдырығын тоздырса да, мәдениетсіз қызметкерлердің тапсырыс жоқтығын дөрекі түрде жеткізуі – жас әрі жалынды жүрекке мұздай су құйып жібергендей әсер етіп, көңілін суытатын. Мұндай қиын күндер соңы көрінбейтін салқар көштей бітпей, жалғаса берді.

Бір күні кеште Паркер ханымның үйіндегі баспалдақпен әбден сілесі қатып шаршаған, қажыған күйде жоғары көтерілді. Бұл әдетте мейрамханадан кешкі асын ішіп келетін уақыты болса да, нәр татпаған ол ашқұрсақ еді.

Қонақ бөлмесінің тұсынан өте бергенде, алдынан Хувер мырза жолығып, мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Толық адамның бар денесімен ұмсынып, үйленуге ұсыныс жасауы қызға таудан қар көшкіні құлап келе жатқандай әсер қалдырды. Сондықтан тордағы еліктің лағындай қашқақтап, баспалдақ жақтауына тығыла берді. Мырза қыздың қолынан ұстауға талпынып еді, ол бетінен шапалақпен жеңіл тартып жіберді. Тығырыққа тіреп, соңынан қалмай, қамалаған Хувер мырзадан зорға сытылып, әр қадамын әрең басып, жоғарыға әупірімдеп көтеріліп барады. Скиддер мырзаның бөлмесінің жанынан өтіп бара жатқанда, ол қызыл сиямен комедиясында Мэртл Делормның (Лисон ханым) сахнада жүру бағытын жазып отыр еді. Сахнаның сол жақ бөлігінен граф тұрған тұсқа баруы керек болатын. Кілем төселген баспалдақпен жоғарғы қабатқа әрең жетіп, Лисон ханым шатырдағы бөлменің есігін ашты. Жарықты жағуға да, киімін шешуге де шамасы жетпей, темір керуетке құлай кеткен қыздың үзіліп кетердей нәзік денесінен темір сымдар иілмеген де сияқты. Қап-қараңғы түнекте шалқасынан жатқан ару кірпігін зорға қимылдатып, көзін ашты да, риясыз шаттықпен күлімсіреді. Өйткені, төбедегі терезеден ол үшін Билли Джексон шырадай жанып, жарқырап тұр еді. Өзге әлемнің бәрі Лисон ханымның есінен шығып кеткен. Түнектің түпсіз тұңғиығына батқан ол төрт бұрышты бұлыңғыр жарықтың ортасындағы жұлдызды ғана көреді. Бәлкім, Лонгнекер ханымның айтқанындай бұл Билли Джексон емес, Кассиопея жұлдыздар шоғырындағы Гамма шығар. Бірақ ару оны Гамма ретінде қабылдай алар емес. Шалқасынан жатқан қалпында қолын екі рет көтеруге тырысты. Тек үшінші талпынысында ғана екі сүйріктей жіңішке саусағын ерніне тигізіп сүйді де, қараңғылықтың терең қойнауынан Билли Джексонға қарай әуе сүйісін жолдады. Қолы бірден қайтып сырғып түсіп кетті. «Қош бол, Билли, – деп күбірледі ару, – сен менен миллиондаған миль қашықтасың. Бірде-бір рет тіл қатқан да жоқсың. Алайда мен мұндағы түнекте қиналып, адасып жүргенде, сен әрдайым жоғарыда жарқырап, жанып тұрдың. Солай емес пе? Миллиондаған миль... Қош бол, Билли Джексон».

Қараторы үй қызметшісі Клара келесі күні сағат онда келіп, бөлменің іштен кілттеулі екенін білген соң, есікті бұздыруға мәжбүр болды. Ес-түссіз жатқан Лисон ханымды тұрғызуға ешқандай амал пайда бермеген соң, әлдекім жедел жәрдем шақырды. Сәлден соң, дабылдатып жедел жәрдем көлігі келді де, ішінен өзіне сенімді, ширақ қимылдайтын ақ халатты жас дәрігер шығып, жанашыр кейіпте әрі алаңдаулы күйде есікті қақты.

- 49-шы үйге жедел жәрдем қызметі шақырылды, – деді ол қысқа да нұсқа сөйлеп, – не болып қалды?

- А, иә, дәрігер мырза, – деді үй ішіндегі жағдай оның жеке көңіл-күйіне де әсер ететінін аңғартқысы келген Паркер ханым уайымдаулы жүзбен, – оған не болғанын түсіне алар емеспін. Есін жиғызу үшін не істесек те, нәтиже болған жоқ. Елси ханым, иә Елси Лисон ханым деген жас қыз ғой. Менің үйімде бұрын-соңды мұндай...

- Қай бөлме? – деп ышқына айқайлап жіберді дәрігер. Мұндай жан шошытар дауысты Паркер ханым бұған дейін естімеген болатын.

- Шатырдағы бөлме. Ол...

Дәрігер баспалдақтың бірден төрт басқышын аттап, шатырға қарай жүгіре жөнелді. Паркер ханым паң кейіпте маңғаздана басып, оның соңынан ілесті. Шатырдағы бөлмеге жетіп үлгерместен, қолына астрономды көтеріп, төмен түсіп келе жатқан дәрігер алдынан шықты. Ол айтқан пышақтай өткір әлдебір сөзді естіген соң, Паркер ханым қабырғаға қағулы шегеден сырғып түскен орамалдай бір уыс болып, шөгіп қалды. Бұл оқиғадан көп уақыт өткеннен кейін де, әлгі сөз жадынан өшпей, жан-жүрегін өзін-өзі кінәлау сезімі қинап жүрді. Кейде үй тұрғындары қызығушылық танытып, дәрігердің не айтқанын сұрайтын. «Сіздер білмей-ақ қойыңыздар, – дейтін ол, – ондай сөзді естігенім үшін кешірілсем ғана жаным жай табады».

Дәрігердің өрт сөндіргендей түнерген, ең жақын адамынан айрылғандай қайғырып, қасірет шеккен бейнесін көріп, жиналып қалған жұрт ығысып жол берді. Көлікке отырған соң, дәрігердің жансыз денені арнайы орынға жатқызбағанын байқады. Тіпті, жүргізушіге «Зымыра, Уилсон!» дегенін де анық естіді.

Бар болғаны – осы. Бұл да хикая болып па? Келесі күні таңертең газеттен оқыған құлаққағыс ақпарат оқиғаны егжей-тегжейлі түсінуіме себеп болғаны сияқты, сізге де септігі тиуі мүмкін. Онда кеше Бельвю ауруханасына Шығыс ... көшесіндегі №49 үйден ұзақ мерзімді аштықтан әбден әлсіреген жас қыз әкелінгені хабарланыпты. Мәлімет былай түйінделеді:

«Алғашқы көмек көрсеткен дәрігер Уильям Джексон науқастың жазылып кететінін айтады».

*Фальстаф – Шекспирдің драмалық шығармасындағы толық кейіпкер

Ағылшын тілінен аударған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА