ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ІІМ басшысының орынбасары генерал Махамбет Абисатовтың қызметінен кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ол қызметінен кетуге рапорт берді. Біз оның осы өтінішін қанағаттандыруға келістік», - деді Е. Тұрғымбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Сонымен қатар министр аталған қызметкердің жұмыстан кетуіне не себеп болғанын түсіндірді.
«Бұл мәселеде мемлекеттік қызметшінің этикасы бұзылды. Оның айтқан сөздері ресми емес жазбада жарияланды. Біз оған қатысты ешқандай шешім шығарған жоқпыз», - деді ведомство басшысы.
Еске салсақ, бұған дейін М. Абисатовтың сөзі жазылған аудиофайлдар желіде тараған болатын. Бұл таспада генерал қызметкерлердің жұмысын сынап, балағат сөздерді айтқанын байқауға болады.
Айта кетейік, Махамбет Хайыржанұлы Абисатов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне биыл сәуірде тағайындалған болатын.