28 қыр, 2017 сағат 13:53

ОҚО-да зиялы қауым өкілдері латынға көшу мәселесін талқылады

«Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында зиялы қауым тағы да бас қосты. Басты тақырып «Мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру және әліпбидің бірыңғай стандарттарын талқылау». Бұл жолғы қоғам талқысына түскен мәселені «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелері де ортаға салды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Басқосуда латын қарпіне көшу уақыт талабы екенін айтқан зиялы қауым өкілдері ұлтымыздың асыл тірегі-ана тіліміздің болашағы үшін жасалған шара деп отыр. Олардың сөзінше, қазақ жазуын жаңғырту терең ізденістер мен зерттеулерді қажет ететін шаруа. Сол себепті көшбасшы партия өкілдері әліпбиге қатысты бастаманы бірауыздан қолдауға шақырды.

«Мемлекет бұл процестің өтуін қиындатпау мақсатында және еліміздің әрбір азаматы үшін барлық қажетті шараларды қолына алады. Біздің ойымызды облыстық «Мирас» қоғамдық кеңесі де қызу қолдап отыр. Қазақ халқының латын әліпбиіне өтуін қолдай отырып, барлық Қазақстандықтарды және әрбір тұлғаны Елбасының болашақ ұрпақтың қамы үшін жасап жатқан іс-әрекетін қолдауға шақырамыз», - деді «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов.

Жалпы, латын әліпбиінде 26 әріп бар болса, бұл әлемнің озық мемлекеттері қолданып келе жатқан стандарт саналады. Ал, қазақ халқының ерекшелігіне қарай 8 дыбыс қос әріппен жазылады деген тұжырым қарастырылып жатыр. Бұл өзгеріс н мен ң -ды ү мен ұ-ны ажырата алмайтын кейбір азаматтарға қазақ тілін үйретуге зор мүмкіндік дейді ғалымдар.

«Түркі тілдес  Әзірбайжан мемлекеті 1990-шы жылдарда- ақ латын қәріпіне тоқталған.  Ал көршілес Өзбекстан 1993-ші жылдан бері латынша жазып, сызады.  Қазақстан әліптің артын бағып бұл өзгеріске байыппен қадам жасады. Латын қәріпіне өткенде өзгелер жіберген қателіктерге бой алдырмау керек»,-дейді Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институттың доценті Қайрат Анарбаев.

Қазақ елінің жазуы соңғы 77 жылда 4 рет өзгерген екен. Соның салдарынан рухани құнды жазбалардың базбірі  жойылып кетті. Жиынға қатысқан тарихшылар әліпбидің өзгеруі әлеуметке оңай соқпайтынын мысалдармен келтірді. Дегенмен Елбасы мұрындық болған жоба елімізді жаңа биіктерге жетелейтін құптарлық іс деп түйіндеді.