Оңтүстік Қазақстан облысында 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың ұйымдастыруымен өткен басқосу «Қазақстан халқы Ассамблеясы - Елбасы құрған бірегей институт» тақырыбында өрбіді , деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өткен жиынға облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, ғалымдар, облыстық этномәдени бірлестіктер мен ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері, діни конфессиялардың өкілдері, «Нұр Отан» партиясының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Мәжілісті облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыс әкімі аппараты ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов сөз сөйлеп ашты.
«Тұңғыш Президент күні» мерекесінің бекітілуі - халықтың өз көшбасшысына деген құрметі. Бұл осыдан 26 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевты Президент етіп сайлаған халықтың сәтті жасалған таңдауына деген құрмет. Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап Мемлекет басшысы еліміздегі алуан түрлі мәдениеттер мен этностар арасында төзімділік қарым-қатынасты қалыптастырудың мақсаты мен дәйекті саясатын ұстануды ұсынды», - деді Мұратәлі Қалмұратов.
Ол сондай-ақ жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың маңыздылығына, Елбасының тарихи шешімдеріне кеңінен тоқталды. Мәжіліс аясында Елбасы туралы кітап көрмесі ұйымдастырылып, арнайы әзірленген бейнефильм көрсетілді.
Сондай-ақ, облыстық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев пен бірқатар ғалымдар және облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак баяндама жасады. Мемлекет басшысының жалпыұлттық бірлік саласындағы салиқалы саясатын, әлемдік аренадағы биік беделін, ел экономикасын арттыру жолындағы жасампаз еңбектерін сөз етті. Айта кетейік, Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы осы жылдар ішінде қазақстандықтардың жүрегінен орын алып, өміршеңдігін көрсетті. Бүгінде Парламентте этнос өкілдерінен сайланған депутаттардың заң шығарушылық үдеріске қатысуы ресми тұрғыда бекітілген әлемдегі жалғыз мемлекет екендігі мәжілісте айрықша айтылды.