26 қыр, 2017 сағат 16:57

ОҚО-да ғалымдар мен жастар латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылады

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Латын әліпбиіне көшу-рухани жаңғыруға қадам» атты келелі кеңес өтті. Шараға жоғарғы оқу орнының ғалымдары мен ұстаздары, 500-ден астам студенті қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Береке Дүйсебеков, латын графикасына өту заман талабы екенін айтса, филология ғылымының кандидаты Мақсат Аққұлұлы «Латын әліпбиіне көшу-мәдениетіміздің тарихындағы жаңа белес» деген тақырыпта баяндама жасады. Сонымен қатар, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Құлахмет Молдабек латын қарпіне көшудің негізгі 20 себебін атап өтті. Қазіргі таңда қырық екі әріпті кирилл әрпінің кесірінен қазақ тілінде бірізділік жойыла бастады. Әр ғалым, әр газет, әр адам өз бетінше грамматикалық, орфографиялық ереже қалыптастырып алды. Профессор бұл арада бір сөзді бірнеше нұсқада таңбалайтын республикалық басылымдарды, түрліше жазу ережесін ұсынған орфографиялық сөздіктерді меңзеді.

«Бүгінде латын жазуына көшудің бірнеше себептері бар. Біздің елімізде нақты міндеттер айқындалып қойды. Атап айтқанда, латын графикасына көшудің түпкі мақсаты - ұлттық әрі түркілік бірегейлікті қалыптастыру, қазақ тілін әлемдік ақпарат кеңістігіне енгізу әрі мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту. Аталған айқын мақсаттарды ақпарат құралдары арқылы түсіндіру керек», - деді Мақсат Аққұлұлы өз баяндамасында.

Ғалым өз ойын осыған дейін үш мәрте әліпби ауыстырған қазақ халқының бүгінгі рухани бейнесімен сабақтастырды. Қазақ тілінің көш басында тұрған Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Иасауи еңбектерін атап, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуда латын графикасының маңызы ерекше екендігін жеткізді. Ал, тілдік пәндер кафедрасының аға оқытушысы Гүлнәр Ақылбаева, «Латын әліпбиі арқылы Мемлекеттік тіл тазалығын қалыптастыру» деген тақырыпта баяндама жасап, кирилл әрпі қолданысқа енген кездегі қазақ әліпбиінің дыбысталуына үлкен нұқсан келгені жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.

Шараға белсенді түрде атсалысқан жастар да еліміздің латын әліпбиіне көшуін қолдайтындарын жеткізіп, латын қарпін қолданысқа енгізу кезеңін бірлесе жүзеге асыруға дайын екендерін айтты.