Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет "Қазақстанның Ұлы Жібек жолына саяхат" Халықаралық фестивалі аясында екі күндік "Ontustik Tourism. Invest 2017" туристік, инвестициялық форумы өтеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырған іс-шарада туризм саласындағы әлеуетті жобалар таныстырылып, оларды жүзеге асыру жолдары талқыланады, Қазақстанның Жібек жолына арналған фотокөрме, "Silk Road Fair" туристік жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Форум жұмысына ҚХР Туризм бойынша вице-министрі, Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министрі, Туризм индустриясы комитетінің төрайымы, жақында ғана құрылған «Kazakh tourism» ұлттық компаниясының төрағасы, «Атамекен» ҰКП өкілдері, алыс-жақын 5 елдің өкілдері, яғни, халықаралық және қазақстандық туроператорлар, инвестициялық компаниялар, туристтік ассоциациялар мен шетелдік және Қазақстандық БАҚ жалпы саны 500-ге жуық адам қатысуда.
Сала мамандарының басы қосылған жиында Ұлы Жібек жолында туризм индустриясын дамытудың өзекті мәселелері мен Жібек жолы бойындағы туристік өнімдерді дамыту, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және инвесторларды тарту жайы сөз болды. Сондай-ақ, қатысушылар әлеуетті серіктестермен В2В форматында кездесулерге қатысып, отандық және халықаралық деңгейдегі сарапшылармен сұхбаттасатын болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілген тұжырымдамаға сейкес Оңтүстік Қазақстан облысы «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту кластеріне» енгізіліп, кластер «Ұлы Жібек жолының жүрегі» ретінде сипатталып отыр. 1200-ден астам тарихи-археологиялық, мәдени-архитектуралық ескерткіштері, Ұлы Жібек жолы аумағындағы ең танымал және тарихи құндылығы жоғары, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы аталған мәртебені алуы заңдылық.
Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ірі ортағасырлық Сауран, Отырар, Оқсыз, Исфиджап қалалары осы Оңтүстік өңірінде орын тепкен. Қытай жерінен басталған керуендер ортағасырларда Оңтүстік өлкесі арқылы Батыс және Таяу Шығыс елдеріне өткен. Жібек жолы бойында сауда, жеңіл өнеркәсіп және т.б салалар дамып үлкен қалалар бой көтеріп, қалалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы алға ілгерілеген.
Басқосу нәтижесінде шет елдік компаниялармен бірқатар меморандумдарға қол қойылатын болады. Жалпы форум өңірдің туристік және инвестициялық имиджін қалыптастыруға оң әсерін тигізбек.
Аталған фестиваль Алматы қаласында бастау алып, Жамбыл облысында жалғасып, Оңтүстік Қазақстан облысында аяқталатын болады.
Оңтүстік Қазақстан облысына жыл басынан бері 128 мың турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға көп. Облыста биыл туризм саласының қарқынды дамуы байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда туристік нысандар саны 31 пайызға өсіп, 195-ті құраған. Ал оларда 1,7 млрд.теңгенің көлемінде қызметтер көрсетіліп, қызметтер көлемі 43 пайызға жеткен.
Сондай-ақ, ішкі туризмді дамыту бойынша келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында облыста 1, 2 және 3 күндік туристік маршруттар әзірленген. Аталған маршрутқа 84 тарихи-мәдени объектілер мен табиғи орындар енгізілді. Жалпы өңірімізде 800-ден астам тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан. Осы ретте, облыс туризмін дамыту мақсатында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда.
Мәселен, Шымкенттің ескі қалашығы аумағында ашық аспан астындағы мұражай ашу, Қазығұрт және Ордабасы аудандарында әлемдік стандартқа сәйкес сервисі мен туристік инфрақұрылымы бар брендке айналдыру, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келетін отандық және шетелдік туристердің ағымын ескере отырып, оның тарихын және аймағын әлемдік мұражайлар үлгісінде аудио-видео визуализациялау, орта ғасырда Отырар көне қалашығы мен Арыстан баб кесенесін байланыстырған жолды қалпына келтіре отырып жол бойында ұлттық қолөнер шеберханаларын орналастыру жоспарлануда.
Жалпы Оңтүстік - көліктік әлеуеті экономикалық тиімді жерде орналасуымен сипатталады. Аймақ Орта Азия, Таяу Шығыс және Европа елдерін байланыстыратын әуе, теміржол және автокөлік жолдарының тоғысында орналасқан. Сондықтан мұнда туристік әлеуетті дамытудың мүмкіндігі зор.