18 қаң, 2022 сағат 15:31

Оқиға куәгері Алматыдағы тәртіпсіздіктерге қатысты жариялаған видеосына түсінік берді


Алматыда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде наразы топтың әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ұрып жатқан видеоны әлеуметтік желіде жариялаған автор Жандос Құрманбаев оқиғаның жай-жапсарын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сол күндері мен Алматыдағы оқиғалардың куәсі болдым. Дәл тереземнің астынан 5 қаңтар күні шамамен түскі сағат 14:40-та Ұлттық ұланның мыңнан аса жауынгері мен 500-ге тарта арнайы жасақ әскері өтті. Олардың артынан таяқ, арматура, әскерилерден тартып алынған қалқан және каскамен қаруланған топ жүрді. Шамамен 15 мыңға жуық адам. Олар - 17 мен 25 жас арасындағы жастар. Кейін олар дүкен сөрелерін сол таяқтармен сындырып, тонаған болатын. Телефонымда Ұлттық ұлан жауынгерлері мен арнайы жасақ әскерлерін аяусыз ұрып-соғып, тепкілеп жатқан видео бар. Олардың бәрі күртелерінің капюшонын түсіріп киіп алған. Бетінде маска, қолдарында таяқ болды. Алған соққысынан жерде ес-түссіз жатқан сарбаздарды артынша тағы бір топ жігіт келіп, бастан теуіп кетті. Басынан соққы алған тәртіп сақшысы қатыгез топтан құтыламын деген үмітпен жолға жүгіріп шығады, бірақ жолдан жаңадан қосылып жатқан бұзақылар жәбірленушіні одан әрі өлімші етіп ұрып-соғуды жалғастырды. 

Бұлар да біздің қазақ, оның да анасы бар, үйде балалары күтіп отыр! Қызмет бабында біреудің өмірін қиюға кім құқық берді? Бұл - оның жұмысы, ол тек бастығының бұйрығын орындайды. Оны неге қырып жатырсың? Қасым-Жомарт Тоқаевтың ату туралы бұйрығын толық қолдаймын. Ол біздің Конституция берген кепілдікті орындады. Менің айтқанымның бәрі видеоға жақыннан түсірілді, Facebook-те жарияланады. Осы кісі өлтірушілер мен тонаушылардың табылып, жауапқа тартылғанын қалаймын. Мен барлық материалдарды Алматы полиция департаментіне беруге дайынмын» деп жазды Жандос Құрманбаев Facebook парақшасында. 

Оның айтуынша, баcбұзарлар - халық емес. Бұлар - наразылық білдірушілер емес. Бұлар - жақсы өмірді талап етіп шыққандар емес. Бейбіт шеруге шыққандардың арасына жасырын қосылған арам пиғылды адамдар. 

Екі күннен кейін оларға банкомат тонаушылар, атыс қаруы және ломмен қаруланған басбұзарлар қосылды.

«Айта кетейін, менің үйім орналасқан көшенің қиылысына мемлекеттік нөмірі жоқ алты көлік бір мезетте тоқтады. Менің ойымша, қаланың басқа аудандарында да солай болды. Мұны арнайы байланыс құралынсыз, жоспарсыз, мотивациясыз ұйымдастыру мүмкін емес. Сонымен қатар, көшеде мас жастар да болды. Олар түн ортасында айқайлап, дүкендерді тонап, талқандап, көліктерді тоқтатып жатты. Осы көріністің бәрі бейбіт митинг дегенге келмес. Мен барлығын ұстап, жазалауды талап етемін, бұларды қамау керек. Қалай болғанда да, бәрі жан-жақты тексеріліп, кінәлілер жазасын алуы тиіс», - деп қосты ол.