Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс Бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бюро отырысында депутаттар қарауына Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылды.
Күн тәртібінің жобасында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын жұмысқа алу қарастырылған. Сонымен қатар, Палатаның бейінді комитеттері бірқатар жаңа ратификацияланатын заң жобаларын жұмысқа алмақ. Атап айтқанда, Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы және Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары бар.

