Бүгін Нұр-Сұлтанда үш автобус соқтығысып, салдарынан екі адам қаза тапты.
Жолаушылар автобусы қиылыста тұрған екі автобусқа қатты жылдамдықпен келіп соғылған. Бірнеше автокөлік, соның ішінде жедел жәрдем көлігіне де зақым келді.
Жантүршігерлік жол апаты Ұлы дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында болды.
53 жастағы автобус жүргізушісі мен 26 жастағы жолаушы әйел оқиға орнында көз жұмып, тағы 36 адам зардап шеккен.
Зардап шеккендерге қажетті дәрі-дәрмек пен құйылатын қан жеткілікті.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров айтты.
«Жол апатынан кейін 36 адам медициналық көмекке жүгінді. Жедел медициналық жәрдем бригадалары 36 адамды қалалық стационарға жеткізді. Олардың 23-і көпбейінді қалалық ауруханаға, 2 науқас - №1 қалалық ауруханаға және біреуі - орталық жол ауруханасына жеткізілген», - деді Камалжан Надыров қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.
8 адам жеңіл жарақатпен дәрігерге көрінді. Зардап шеккен 36 адамның арасында балалар жоқ.
«Әзірге 1 науқастың жағдайы өте ауыр, алты науқастың жағдайы - қалыпты ауыр деп бағаланды. Сегіз пациенттің жағдайы орташа», - деді басқарма басшысы.
Оқиға орнына елорда әкімі Бақыт Сұлтанов та барды. Жол апатының себептері анықталуда.
Видеоларды оқиға орнында куәгерлер түсірген.