22 сәу, 2024 сағат 18:27

Министрлік Қазақстанда неліктен букмекерлікке толықтай тыйым салынбайтынын түсіндірді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

22 сәуірде өткен Мәжіліс отырысында ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы заң жобасының бірінші оқылымы өтіп, онда  депутат Самат Мұсабаев кейбір елдер сияқты букмекерлік кеңселер мен спортта ұтыс тігуге неге толық тыйым салмаймыз деп сұрады. Бұл туралы "Ұлт Ақпарат" хабарлайды.

"Өз баяндамасында Елнұр Сабыржанұлы осы заң аясында біраз мәселелерге шектеу қойылып, біраз мәселелерге тыйым салынып  жатқандығын айтып кетті. Енді Қытайда, Қырғызсатанда, Оңтүстік Кореяда, Вьетнамда, Израильде және Араб елінің барлық мемлекетінде букмекерлік кеңселер мен спортта ұтыс тігуге тыйым салынған. Яғни бұл елдерде ойын бизнесіне толықтай жол жоқ деген сөз. Сұрақ: Біз толық тыйым салуда осы тәжірбилерді қолдана аламыз ба?" - деді депутат Самат Мұсабаев.


Сұраққа жауап берген Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілі ондай тыйым салу мемлекет қалтасына шығын әкелетінін айтты.

"Уәкілетті органның позициясы: әрине, букмекерлік кеңселерді толық бұғаттауға біз қарсы емеспіз. Дегенмен, ең басты уәж неде? Спорттық іс-шаралар және оның трансляциясы қыруар ақша талап етеді. Сондықтан бюджет үлкен шығынға батпауы үшін біз тек қана спорттық сайттарға рұқсат етуге өз өтінішімізді бердік және қоғамдық ұйымдар, журналистік ұйымдар барлықтары осымен келіседі", - деді мәжілісте сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілі.


Ал заң жобасын таныстырған баяндамашы Елнұр Бейсенбаев ойын бизнесіне толық тыйым салу арқылы мәселе шешілмейтінін айтып отыр.

"Бірақ біздегі ақпарат бойынша сол көршілес елдердің 70 пайыз лудомандары, жалпы ойын ойнаушылар біздің Қазақстанда, болмаса көршілес Ресейдің нарығында ойнап жатыр. Сол себептен 100 пайыз оларға тосқауыл қою - бұл азаматтарды көлеңкелі бизнеске қарай итермелеумен пара-пар. Бұл мәселені осы бір топ нормаларды қабылдап алғаннан кейін, ары қарай өздеріңізбен келесі заң жобалары аясында қарастыруға болады", - деді Е. Бейсенбаев.


Айта кетейік, бүгін Парламент мәжілісінде "Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасының бірінші оқылымы өтті.