15 қар, 2016 сағат 14:28

Наиля АБДУЛИНА: «Өмір бойы бухгалтер болып жұмыс істедім, сол үшін тағдырыма ризамын»

Бүгінде оны еліміздің бас бух­галтері деп ауыз толтырып айтуға болады: ол тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық Банкінде қаржы жүйесінің қалыптасу және ұлттық валюта – теңгені енгізу кезіндегі ең қиын әрі қызық жылдары жұмыс істеді.

Наиля Құрманбекқызы Абду­лина биыл өзінің 70 жылдық мерейтойын өткізді. Өмірінің жарты ғасырдан аста­мын банк жүйесіне арнады. Бүгінде «Қа­зақстан Халық Банкі» АҚ бас­қар­­ма төрағасының кеңесшісі болып жұмыс істейді. Оның еңбек кітапша­сын­да үш-ақ жазба бар – Қазақ КСР Мем­бан­кі, ҚР Ұлттық Банкі және Халық Банкі.

– 90-шы жылдардың басында, елімізде өзгерістерді күту кезеңінде, мені КСРО Мембанкі Қазақ республикалық банкінің сол кездегі басқарушысы Борис Дмитриевич Рябов шақырғаны және бас бухгалтер лауазымын ұсынғаны есімде, – деп есіне алды Наиля Құрманбекқызы. – Ол маған сол кезде мынадай маңызды сөздер айтты: Сен сияқты қазақтың қыздары өз мемлекеті үшін жаны ауырмаса, кімнің жаны ауырады? Сен болмасаң, осы лауазымға кім барады? Сенің қазіргі КСРО Мембанкінің Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары лауазымың жақсы әрі тыныш екендігіне, енді қайтадан бухгалтерияға аз жалақымен оралудың саған қажет емес екендігіне келісемін. Сен облыстық фи­лиалда экономикалық мәселелермен, жос­парлаумен айналыстың, филиалдармен, клиенттермен жұмыс істедің, қызметтік көлік бекітілді, ал мұнда олай болмайды. Алайда, ойлан, осы лауазымға сен баруға тиістісің! Сен бұл жұмысты еңсере аласың! – деп сөзін нықтады ол.

– Сіз бірден келісім бердіңіз бе?

– Шынын айтсам, ұзақ уақыт күмән­дан­дым. Біріншіден, ол кезде менің қызым енді ғана Халық шаруашылығы институтына оқуға түсіп, ал ұлым екінші сынып­та оқитын. Біз менің жалақыма өмір сүрдік: жұбайым 1983 жылы инфаркттан қайтыс болды. Ал республикалық кеңседегі жұмыс – бұл тәуелсіз Қазақстанның жаңа бухгал­терлік жүйесін құру міндеті тұрған кезде ел бойынша жиі іссапарға шығу, түнге дейін тынымсыз көп еңбектену, заңдарды жазуға қатысу, нұсқаулықтар мен қағидалар жазу. Бірақ, дәл осы жаңашыл, кең ауқымды әрі қызықты жұмыс маған тартымды болды.

Үйге келіп, анама артықшылық жағ­дай­ларды жоғалтатыным және ең бас­тысы үлкен жауапкершілік артылатынын, басқаларды үйрету үшін көп біліп, көп үйрену қажет екенін, оның үстіне жаңа жұмысқа ауыссам, жалақымның азаятынын айтқан кезде, ол ойланып: «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген қазақтың мақалын есіме түсірді. Егер шақырса – бар да, халқыңның пайдасы үшін қолыңнан келгенді жаса. Ал жалақы өмірде негізгі нәрсе емес, ең бас­тысы – сенімге кіру, дүниетанымыңды кеңейтіп, беделіңді көтеру, өз ісіңде қажетті және пайдалы болу». Анамның осы даналық сөздері бәрін шешті. Мен келісім бердім.

Балаларыммен Ұзынағаш ауылынан Алматыға көшіп келгенімде, әрине, маған ата-анам көп көмектесті. Ата-анам ол кезде зейнетке шыққанымен, әлі жұмыс істейтін, қаржы жағынан қарайласты, ал әжем балаларға қарап, тамақ дайындады және оларды тәрбиеледі. Солардың арқасында мен банк жұмысына толық берілдім.

КСРО Мембанкінің республикалық филиалында Қазақстан меншікті банк жүйесін құруға кіріскен уақытқа дейін жұмыс істедім. Күндердің-күнінде республикалық кеңсе жұмысын тоқтатты. Сосын Ұлттық Банк пайда болды, мен онда бас бухгалтер болдым. Елімізде көп банктер пайда болды және көптеген жақсы мамандар Ұлттық Банктен коммерциялық банк­терге кетіп қалды. Бұл бухгалтерлік есеп басқар­масына да қатысты болды. Бухгалтерияда небәрі 10 адам ғана қалды. Ресей Орта­лық банкі бұрынғы одақтас республика­лармен барлық есеп айырысуларды жауып, ұлттық банктер үшін ашылған бір корреспонденттік шот арқылы есеп айырысуға көшті. Барлық рес­публикалар дербестігін алғанға дейін Қазақстан Республикасы банкінің әрбір бөлімшесі тауарлар мен қызметтер үшін бүкіл Кеңес Одағы бойынша әрбір облыспен, қаламен және аудандармен тікелей есеп айырысулар жүргізе алатынын көз алдыңызға елестетіңіз. 1991 жылғы 1 маусымнан бастап бір сәтте барлық есеп айырысулар жабылды және тауарлар мен қызметтер үшін есеп айырысуларды Ресей Орталық банкі арқылы Қазақстан Ұлттық Банкі үшін ашылған бір ғана корреспонденттік шот арқылы жүргізу қажет болды. Осыған байланыс­ты Қазақстанның кәсіпорындары мен ұйымдарынан қабылданатын төлемдер пошта арқылы Ұлттық Банкке келіп түсті. Оларды әрбір республика мен Ресей бо­йынша, ал әрбір мемлекет бойынша облыс, қала және аудан бөлігінде сұрыптау қажет еді. Бұл құжаттардың ауқымды көлемі еді. Оларды бухгалтерияның 10 адамы өңдеп үлгере алмай жатты, сондық­тан мен өтінішхатпен банктің басшылы­ғына шығып, 100 адам көлемінде жаңа қызмет­керлерді қабылдау керектігін түсіндірдім.

– Неге соншалықты көп! Неліктен?

– Есеп айырысуларды жеделдетуді және құжаттардың осындай ауқымын қолмен сұрыптау әдісімен өңдеуді қамтамасыз ету үшін. Банк басшылығы қалыптасқан жағдайды түсініп, 100 жаңа қызметкер қабылдау туралы шешім қабылдады. Одан әрі банк бухгалтерлер үшін дербес компьютерлер сатып алды және бағдарламашылар бухгалтерлерге есеп айырысуларды автоматтандыруға және осы есеп айырысуларды бұрынғы Кеңес Одағының барлық мемлекеттерімен салыстырып тексеруге көмектесті. Банкке бір жағынан үйрете отырып, екінші жағынан жұмыс істейтін жас мамандар қабылданды. Бұлар үйренуге және жұмыс істеуге құмар, қиындыққа және күн сайын тәулігіне 15 сағаттан аса нормаланбаған еңбекке қарамай, жұмыс істегісі келетін еңбексүйгіш жастар болды. Бұл ретте, бірінші жарты жыл біз сенбі күні де, жексенбі күні де жұмыс істедік. Маған олармен жұмыс істеген әрі қиын, әрі қызықты болды.

Оның үстіне, 1993 жыл басталды, біздің алдымызға теңгені енгізу міндеті қойылды. Бізге берілген он күн ішінде 1993 жылға дейін Қазақстанда айналыста жүрген барлық кеңестік рубльді жинап алу керек болатын. Ол 1650 млрд рубльден астам соманы құрады. Біздің банк пен коммерциялық банктер мұндай үлкен жұмыс көлеміне дайын емес еді. Банктерде ақша санайтын машиналар жетіспеді, бухгалтерлік есептің жекелеген үрдістері автоматтандырылмады. Күн сайын клиенттерден ақша қабылдап қана қоймай, оны санап та үлгеру қажет болатын. Ал келесі күні қайта санау және клиенттер мен банктердің шоттарына есептеу үшін Ұлттық Банкке тапсыру керек. Сонымен қоса, Орталық банкке облыстар және жалпы алғанда, ел бойынша Үкіметке және Президент аппаратына жиналған және саналған ақша көлемі туралы есептілікті күн сайын ұсыну қажет еді. Бұл үрдісті автоматтандыру қажет болды. Бұл мақсатқа жетуге Ұлттық Банктің бағдарламашылары Н.Исин, Ю.Денисов, Л.Посина, Б.Айдарханова және басқа да бағдарламашылар көмектесті. Ақшаны қайта санауға кассирлер мен бухгалтерлер жетіс­педі. сондықтан Ұлттық Банк басшы­лығы кассирлер ақшаны банктерден қаптар­мен қабылдап, Ұлттық Банктің барлық қыз­меткерлеріне кеңестік рубльдердің әрбір купю­расын парақтап санап беруге тиіс деген шешім қабылдады. Тіпті, түнімен са­науға тура келді. Бұл кассирлердің, бух­гал­­терлердің, экономистердің қауырт жұмы­­сына айналды. Еден жуушылардан басқа­­лары ақшаны санады. Осылайша, он күн ішінде «бастапқы кезең» үшін 1 650 млрд ке­ңес­тік рубльді жинап, қайта санауға үлгердік.

– Нәтижесінде кеңестік рубль бо­йынша Ресеймен салыстырып тексеру мүмкін болды ма?

– Иә, біз алынған қолма-қол кеңес рубльдері бойынша Ресейдің Орталық банкімен салыстырып тексере алдық. Бұл бір жылға созылды, өйткені, бұрынғы Кеңес Одағының барлық республикаларындағы сияқты ақша бір республикадан екінші республикаға көшіп жүрді, сондықтан қолма-қол ақшаның қалдығын барлық республикалар жиналған рубльді Ресейге өткізген кезде ғана салыстырып тексеруге болатын еді. Сондықтан, біз Ресей кеңес рублі қолданылған барлық республикаларды ескере отырып, өздерінің ішкі балансын қалыптастырғанын күттік. Осыдан кейін ол өздері жинап, өткізген рубльдің қорытындысымен салыстырып тексерді және біз осы ақшаны Қазақстанның балансынан есептен шығара алдық.

– Ұлттық мереке – Теңге күніне байланысты кім туралы және не жайлы айтқыңыз келеді?

– Бірінші кезекте, адамдар туралы айтып өткім келеді. Маған сенген, әрқашан көмек қолын созып, ақыл айтып отырған ұстаздарым Н.Яковенкоға, В.Ютишке, В.Назаровқа, сондай-ақ, бірге жұмыс істеу бақыты бұйырған басшылар Ғалым Байназаровқа, Дәулет Сембаевқа, Ораз Жандосовқа, Григорий Марченкоға, Қадыржан Дамитовқа, Әнуар Сәйденовке, Бисенғали Тәжіяқовқа, Үміт Шаяхметоваға, Александр Павловқа үлкен алғыс айтқым келеді. Менімен бірге тамаша, еңбексүйгіш жас мамандар жұмыс істеді, олар уақытпен санаспай банкаралық есеп айырысуларды ұйымдастыруға белсенді түрде қатысты, маған сенді және көмектесті, теңгені енгізуге атсалысты, халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттарын ендірді, бухгалтерлік есеп пен есептілікті автоматтандырумен, жоспарлаумен, бюджет жасаумен және басқару есебімен айналыс­ты, Ұлттық Банк және екінші деңгейдегі банктер жөніндегі заңдарды жасау кезінде белсене қатысты. бухгалтерлік есеп, сақтандыру компаниялары, зейнетақы қорлары жөніндегі нұсқаулықтар мен қағидаларды, пруденциялық нормативтерді әзірледі, семинарлар өткізді және барлық қаржылық құрылымдардың хаттары мен сұратуларына жауап берді. Бүгін, мереке күні оларға алғысымды білдіргім келеді және қазіргі кезде Ұлттық Банкте, екінші деңгейдегі банктерде және басқа қаржы салаларында басшы лауазымдарда жұмыс істеп жүрген мына әріптестеріме және шәкірттеріме, сондай-ақ басқа да көптеген тамаша, сауатты, адал және еңбексүйгіш мамандарға рахмет айтқым келеді. Олар – Дина Ғалиева, Сәуле Рахметова, Павел Чеусов, Бауыржан Жұмағұлов, Руслан Мұсаев, Марат Жәукенов, Қанат Орынбеков, Дина Сүндетова, Надежда Джен, Аманкүл Сари­нова, Нұртай Шалғымбаева, Қарлығаш Бази­лова, Мая Сабурова, Марлен Жәке­жа­нов, Қуат Қожахметов, Қанат Досмұха­ме­дов, Берік Мұхамеджанов, Андрей Куске.

Мен балаларымның өз жолымды қу­ғаны үшін қуанамын. Қызым Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде бас бухгалтердің орынбасары, ұлым Халық Банкінде тәуекелдер департаментінің директоры болып жұмыс істейді.

– Сіз оларға қатаң есеп пен цифр­ларға деген сүйіспеншілігіңізді берген шығарсыз?

– Біз үйде жұмыс туралы әңгіме айтпаймыз. Бірақ үйде кез келген жағдайда адал, тәртіпті, мейірімді, еңбексүйгіш және
достар мен әріптестердің сенімін қадірлейтін адам болып қалу керек екені жөнінде жиі айттық. Басында балалар кішкентай болды. Ал одан кейін, оқыған және жұмыс істеген кезде, олар өздері банк ісінің қыр-сырын халықаралық стандарттардың жаңа талаптары, заңдар мен қағидалардың өзгерістері бо­йынша меңгерді. Олар артта қалып қой­май, уақытпен қатар бәрін меңгеруге тырысады.

Бүгінде мен бақыттымын және балаларым мен шәкірттерімнің менен де көп білетінін мақтан тұтамын. Мен оларды жақсы көремін және олардың маған және менің кәсібіме деген көзқарасын жоғары бағалаймын.

Сөзімді қорытындылай келе, ұстаз­дарыма, барлық әріптестерім мен шәкірт­те­ріме береке-бірлік, табыс және алға қойған мақсаттарына жетуін тілеймін.

Біздің анықтама:

Наиля Абдулина 1946 жылы 10 қазанда дүниеге келді. Ол еңбек жолын КСРО Мембанкінің Жамбыл облысындағы Луговой бөлімшесінде бухгалтер лауазымынан бастады, 1991 жылы КСРО Мембанкінің Қазақ республикалық кеңсесінің бас бухгалтерінің орынбасары болып жұмыс істеді. 1991 жылдан бастап 7 жыл бойы Ұлттық Банкте бас бухгалтер, бухгалтерлік есеп және бюджет департаментінің директоры, банктік қадағалау департаментінің директоры сияқты басшы лауазымдарды атқарды. 1998-2005 жылдары Ұлттық Банк төрағасының орынбасары, 2005-2011 жылдары «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болды. 2011 жылғы қарашадан бастап осы уақытқа дейін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқармасы мен Директорлар кеңесі аппаратының кеңесшісі болып табылады.

Ұлттық Банк және екінші деңгейдегі банктер туралы заңдарды жазуға белсене қатысты, бухгалтерлік және банктік қадағалау жөніндегі нормативтер мен құқықтық актілерді әзірледі. Қазақстанның банктік, сақтандыру, зейнетақы, қаржы жүйелеріне ХҚЕС бойынша шоттар жоспарын, бухгалтерлік, басқару және салық есебіне енгізумен айналысты. Бухгалтерлік, басқару есебі, статистикалық және қаржы есептілігін автоматтандырумен айналысты.

«Мемлекеттік банк үздігі» белгісімен, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының «Еңбек сіңірген қаржыгер» медалімен, банк жүйесін дамытудағы еңбегі үшін теңгені енгізудің 20 жылдығына орай Ұлттық Банктің медалімен марапатталды.

Barons Who’s who (USA) басылымының деректері бойынша «Әлемнің 500 үздік бухгалтері» ғаламдық тізіміне енгізілген.