26 қаң, 2022 сағат 13:35

"Нағыз арандату": депутат бейбіт шеруге шыққандарды босатуды талап етті


© Sputnik / Василий Голышкин

Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының депутаттары қаңтар оқиғалары кезінде жазықсыз тұтқындалған азаматтарды босатып, тергеуді әділ жүргізуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" фракциясының мүшесі Қазыбек Иса бас прокурор мен президент жанындағы Адам құқығы жөніндегі уәкілге қаңтар оқиғаларына қатысты депутаттық сауал жолдады.

Депутат қаңтардағы қырғында 227 адам қаза тапқанын, 4500-ден аса адам зардап шеккенін атап өтті. Ол қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.

"Мұндай қасиетті қазақ тарихына қара таңба салған қанды қасірет қайта қайталанбауы үшін мемлекеттік төңкерісті жасамақ болған кімдер, басшысы кім, қосшысы кім, орындаушылары кімдер, бәрі түгел анықталып, толық жауапқа тартылуға тиіс!", - деді Иса.

Айтуынша, ереуіл кезінде бейбіт шеруге шыққаны үшін көп адам, әсіресе, жастар жазықсыз тұтқындалып, соққыға жығылып, азапталып жатыр. Оған нақты мәліметтер мен видеолар дәлел. Әлеуметтік желілерде де жиі жазылып жүр.

"Тек қылмыс жасағандар ғана жауапқа тартылуға тиіс! Бұндай жазықсыз жандарды тұтқындап, азаптау – нағыз арандату, мемлекетке, президенттің саясатына қарсы қасақана жасалып жатқан қастандық деп санаймыз. Өйткені, президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір істің әділ тергелуін, тіпті ауырлататын мән-жай болмаса, жазаларын жеңілдету керек деген талап қойды", - деді депутат.

Ол әркімнің әрекетіне әділ баға беру үшін, алдымен, лаңкестер мен экстремистерді, содырлар мен қарақшы-тонаушыларды бір бөлек, ал бейбіт шеруге шыққандарды бір бөлек қарастыру керек деп есептейді.

"Түрлі ақпараттарға қарасақ, қазір содыр жейтін соққыны момын да жеп жатыр. "Ақ жол" партиясы түсіп жатқан арыздарға байланысты осындай талаппен бұған дейін де бірнеше рет Бас прокуратураға хат жазған болатын. Арыз-шағым көбейгендіктен, президент жанындағы Адам құқығы жөніндегі уәкілдіктің арнайы топтарына жергілікті мәслихат депутаттарын қосуды ұсындық", - деді мәжілісмен.

Қазыбек Иса "Ақ жол" партиясы тергеудің әділ әрі ашық өтуін талап ететінін мәлімдеді. Оның пікірінше, халықтық бақылау ғана заңсыздықтың жолын кесуге зор үлес қосады.

Сондай-ақ депутаттар тергеуді заң жолымен әділ өткізуді, қамаудағыларды азаптауды тоқтатып, жаралыларды ауруханаға жатқызуды талап етті.

Бұдан бөлек, олар Адам құқығы жөніндегі уәкілдік жанынан комиссиялар құрып, парламент пен жергілікті мәслихат депутаттарын, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерін қосуды ұсынды.