© Photo : Рixabay/geralt
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазақстандықтарды мобильді интернетті үнемдеуге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.
"Қазақстандықтар 15-20 гигабайт ақпарат тұтынып үйреніп қалған. Бірақ үнемдейікші. Мобильді интернет қымбат екенін түсінуіміз керек. Үйге келгенде Wi-Fi-ға қосылу керек. Үнемдеу мәдениеті деген болуға тиіс", - деді Мусин Үкімет кулуарында.
Оның айтуынша, интернет те су сияқты таусылатын ресурс.
"Ол да таусылады, себебі базалық станция мобильді құрылғылардың белгілі бір санын қосады. Егер мобильді құрылғылардың саны асып кетсе, әрине, байланыс нашарлай бастайды. Ал екінші базалық станцияны орнату үшін әжептәуір инвестиция қажет", - дейді Цифрлық даму министрі.
Бұған дейін Бағдат Мусин Астана интернет жылдамдығы жағынан Токионы басып озғанын мәлімдеген еді.