Кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаеваның төрағалық етуімен «Қазақстандағы мұнай-газ саласының дамуы» тақырыбында Үкімет сағаты болды.
Саланың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңыздылығы туралы қысқаша сөйлеген Г.Исімбаева баяндама жасау үшін алғашқы сөзді Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа берді. Ұсыныстың сұраныстан асуына және әлемде болып жатқан басқа да қиыншылықтарға қарамай еліміздің мұнай-газ саласының дамуы әлі де жалғасын табуда, деп бастады өзінің сөзін министр. Бұл сала Қазақстан экономикасының қозғаушы күші болып қала береді және еліміз ІЖӨ-сінің жуық шамамен 20 пайызын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, министр салада 260 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін де айтты. Биыл мұнай-газ саласы кәсіпорындарын қолдау жөнінде шаралар қабылданған, сондай-ақ Қашаған кен орны іске қосылды. Осылардың нәтижесінде мұнай өндірудің жылдық жоспарын 74 млн тоннадан 75,5 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік туған. Шетелдік сарапшылардың болжамдарына қарағанда, алдымыздағы екі жылда 1 баррельдік мұнай бағасы 60 долларға дейін көтеріледі деп күтілуде. Сондықтан, Қазақстан 2017 жылы 80 млн тоннаға дейін мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 102 млн тоннаға дейін өсуі тиіс, деді министр. Одан әрі Қ.Бозымбаев еліміздің экономикасы үшін аса маңызды болып саналатын 3 жобаға тереңірек тоқталып өтті. Соның біріншісі – «Теңіз-Шевройл» компаниясы. Олар биыл 26,5 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр екен. Ал 2022 жылға қарай жаңа кен орындарын игеру арқылы компания мұнай өндіруді 39 млн тоннаға дейін арттыра алады. Үстіміздегі жылдың 5 шілдесінде түпкілікті қол қойылған жобаға компания 37 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салғалы отыр. Осы құрылыстың ең шарықтау шегінде 20 мың адамдық жұмыс орны ашылмақшы, деді ол. Екінші үлкен жоба – «Қарашығанақ». Биыл ол жерден 11,6 млн тонна мұнай және 17,5 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. Келесі жылы мұнай өндіру көлемін арттыру үшін инвестиция тарту жоспарлануда. Министрдің аузына алған үшінші үлкен жобасы «Қашаған» болды. Үстіміздегі жылдың 28 қыркүйегінен онда мұнай өндіру қайтадан жалғасын тапты. 14 қазанда алғашқы мұнай партиясы құбырларға жіберілді. 1 қарашадан бастап «Қашаған» бір тәулікте 75 мың баррель мұнай өндіру деңгейіне қол жеткізді.
Одан әрі министр мұнай-өңдеу мәселелеріне тоқталды. Соның ішінде Қазақстанның ішкі тұтынысына 2020 жылға қарай 15,8 млн мұнай жеткілікті болатынын жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстандағы үш үлкен мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту мен жаңалау жұмыстарына да тоқталып өтті.
Үкімет сағатында Парламент тарапынан Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский баяндама жасап, саланың бірқатар ақсап жатқан тұстарын тілге тиек етті. Соның ішінде депутат мұнай кен орындарының тартылып бара жатқанын айтты. Егер біз Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты үш кен орнын алып тастасақ, қалғанының бәрі жиылып елімізде өндірілетін мұнайдың 47,7 пайызын ғана бере алады және олардың өнімдері жыл өткен сайын азая түседі деп болжануда. Нақтырақ айтатын болсақ, 2020 жылы ол 33 млн тонна болса, 2030 жылы 21 млн тоннаға дейін төмендейді екен, деді Г.Щегельский. Бұл мәселені шешуге Энергетика министрлігі ғана емес, Үкімет назар аударуы керек. Өйткені, ішкі тұтыныс үшін өңдеуге алынатын мұнай нақ осы кен орындарынікі. Сонымен қатар, еліміздің батыс аймағының мыңдаған тұрғыны осы кен орындарында жұмыс істеп, нәпақасын тауып отыр, деді депутат. Одан әрі Г.Щегельский жаңа кен орындарын барлайтын геология қызметі мәселелеріне тоқтала келіп, оның мұнай-газ саласынан бөлек ведомствоға қарайтындығының оңтайлы еместігін атап өтті. Геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру үшін геология қызметін мұнай-газ өндіру саласымен біріктіретін жаңа заң жобасы әзірленуі қажет, деді ол. Сонымен қатар, депутат министрліктің мұнай-газ өндіру мәселелері бойынша өз міндетін біршама жақсы атқарғанымен, біздің халқымыздың осы салада жұмысқа тұруы мәселесін шеше алмай келе жатқанын атап өтті. Кен орындарына шетелдік жұмыс күшін әкелу жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын туғызуда. Тіпті, кейбір кен орнын қолданушы шетелдік компаниялар келісімшарттағы міндеттемесін орындап, біздің жастарымызды шет елдерде оқытуға ақша бөлгендерімен, жұмысқа тұрғызуға құлықсыз. Осы жұмысты дұрыс жолға қоятын кез жетті, деді депутат. Сонымен бірге, ол ЖЖС бензиннің сапасы туралы айтып, осы тұрғыда халықтан көп шағым түсетінін жеткізді.
Баяндамалар аяқталған соң депутаттар Қанат Бозымбаевқа көптеген сұрақтар қойды. Алғашқы сұрақ қойған депутат Шавхат Өтемісов бензин бағасының аяқ астынан шарықтап кетуін, сондай-ақ сенбі күні «ҚазМұнайГаз» ЖЖС бензиннің қолма-қол ақшаға неге сатылмағанын сұрады. Оны министр бағаны тұрақтандыру үшін шаралар жасалып жатқанын, ал сенбі күні қолма-қол ақшаға сатылмау себебі – күннің өте суық болып кетіп, бензиннің уақытында жеткізілмей қалуымен түсіндірді. Депутат Асқар Базарбаев мұнай өнімдеріндегі қазақстандық үлестің заңнамалық тұрғыдан бекітілуі мүмкін бе деп сұрады. Оған министр 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін қол қойылған келісімшарттардың бәрінде 2021 жылға дейін 50 пайыздық қазақстандық үлес сақталатынын айтты. Ал одан әрі, ДСҰ-ға кіруімізге байланысты өзгерістер болатынын жеткізді. Депутат Айзада Құрманова Павлодар мұнай-химия зауыты Ресей мұнай өнімдерін өңдеуге жарақталғанын айта келіп, болашақта оның отандық мұнайды өңдеуге қайта жарақталуы мүмкін бе деп сұрады. Министр оған зауытты жаңғыртудың екінші кезеңінде ғана ол қазақстандық мұнайды да өңдеуге мүмкіндік алады деп жауап берді. Бірінші кезеңнің өзі әлі 5-6 жылдан кейін ғана аяқталады екен.
Депутат Майра Айсина мұнай өңдейтін шағын зауыттардың болашағы туралы сұрады. Бұған министр пессимистік рухта жауап берді. Оның айтуына қарағанда, қазір Қазақстанда 33 шағын мұнай өңдеу зауыты бар екен. Олардың жалпы қуаттылығы – 6,5 млн тонна. Алайда, олар үлкен зауыттармен бәсекелесе алмайды. Сондықтан, жағдайлары қиын, кейбір бизнесмендер сондайды жасап алып, министрлікке келіп, әкімшілік ресурстарды қолданып, өздеріне мұнай әперуді өтінеді. Нарықтық экономикада ешкімді зорлауға болмайды ғой, деп жауап берді Қ.Бозымбаев. Сөйтіп, министр осы уақытқа дейін айтылып жүрген «аса үлкен зауыттар, монополистер икемсіз болады, бағаны жоғары ұстап тұрады, олардан гөрі нарыққа шағын зауыттардың тиімділігі жоғары болады» деген теорияны жоққа шығарды.
Бұдан кейін де көптеген сұрақтар қойылды. Үкімет сағатын қорытқан Г.Исімбаева «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» және біріктірілген Салық және Кеден кодекстері бір уақытта әзірленіп жатқанын ауызға алып, олар бүгінгі депутаттардың көптеген ұсыныстарын іске асыруға мүмкіндік береді, деді. Үкімет сағатының қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»