16 ақп, 2021 сағат 08:15

Мұхтар Тілеуберді облыс әкімі орынбасарларының функционалдық міндеттерін қайта қарауды ұсынды

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді облыс әкімдері орынбасарларының функционалдық міндеттерін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Инвесторлармен нақты жұмыс істеу үшін 2012 жылы инвестицияларға жауапты облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің арнайы орынбасарлары лауазымы енгізілді. Аталған шара өзінің тиімділігін көрсетті. Алайда жылдар өте келе әкімдердің арнаулы орынбасарларының функционалы оларға бейінді емес міндеттер жүктеумен шайылып кетті», - деді ол.

Мәселен, оның атап өтуінше, бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында ғана әкімдердің арнаулы орынбасарлары тек инвестиция мәселесімен айналысады. 

Қалған облыстарда оларға инвестицияларға шоғырлануға мүмкіндік бермейтін басқа да міндеттер жүктелген.

«Сондықтан өңір әкімдері орынбасарларының функционалдық міндеттерін қайта қарап, инвестиция тартуға, бастапқы бағдарға оралу қажет деп санаймын», - деді Мұхтар Тілеуберді.