26 шіл, 2016 сағат 21:25

Мұхтар Тайжан: Мемлекетімізді құтқаратын бір ғана жол бар, ол — қазақылық

 

Мен бұл қорытындыға баяғыда келгем. Былай қарасаңыздар, жер мәселесі бойынша құрылған Комиссия – ол да қазақ дәстүрі. Жалпы ұлттық дау пайда болғандықтан жер дауын шешетін құрылтай құрылды. Бүкіл елді аралап, халықтың пікірін біліп шешім қабылдап жатырмыз. Ел аралайтындар – елге танымал тұлғалар.

Мемлекетімізде ҚАЗАҚЫЛЫҚ жеңсе, демократия жеңеді, себебі қазақтар ғасырлар бойы демократиямен өмір сүрді. Хандарымызды сайладық, билеріміз тәуелсіз сот жұмысын атқарды. Ақындар халықтың сөзін сөйлеп, билікке сын айтты. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген заң болған. Мемлекеттің ең маңызды мәселелерді жалпы ұлттық құрылтайында талқыға салатын болды бабаларымыз.

Яғни, мемлекетемізде ҚАЗАҚЫЛЫҚ жеңсе, Қазақстанда демократия мен сөз еркіндігі деген ұғымдар күшейетін болады, ал жемқорлық жоғалады. Елімізде ҚАЗАҚЫЛЫҚ жеңсе, ақсақалдар әдемі қартаяды, қыздар мен жігіттер абыройларын сақтап жүреді, қарасақалдар ел тірегі болып еңбек атқарады. Билік халықтың қалауымен мемлекетті реттейді.

Ал, қазір біз Ресей империясының заңдары бойынша өмір сүріп жатырмыз. Адал сайлау мен демократия жоқ, ақындардың тіпті айтыста ауыздарын жауп жатыр. Сөздің еркіндігі жойылып кетті, жемқорлық гүлденіп тұр. Ол түгел қазаққа жат қоғамдық дәстүрлер, ол Ресей империясының дәстүрлері — халықты құл (крепостные) ретінде санау, халықтың пікірін менсінбеу.

Неге халық Комиссиямызды соншама мұқият күтіп қарап отыр? Себебі бұл билік пен халықтың арасында бір ғана кездесе алатын орын болды.

Маслихатта отырған депутаттарды кім біледі, кім таниды? Олар халықпен жиі кездесіп жүр ме? Әкімдер «постановочный» емес халықпен кездесуді жиі өткізе ме? Жоқ! Өткізіп жатса, «бюджетниктерді» жинап өткізеді, тып тыныш отыратын. Негізі билік халықтан алыстады, ол ҚАЗАҚЫЛЫҚ емес, ол ресейшіл меніңше.

Яғни, елімізде демократия, сөздің еркіндігі күшейту үшін біз елімізде, әсересе билігімізде ҚАЗАҚЫЛЫҚТЫ күшейтуіміз жөн. Сонда ғана бізде жемқор мен парақор азайып, ел дами бастайды.

Мұхтар Тайжанның фэйсбуктағы парақшасынан