...Қапекең – бас редактор Қапан Сатыбалдин столының ішкі қырына бекітілген қоңырау тетігін басты. “Қабдешті шақыр... Қызметкеріңді көрсетейін, – деді маған қарап. – Жоқ, жігіттерді түгел шақыр, – деді асығыс. – Мына, сын бөлімінің жаңа бастығымен таныстырайық.”
Газет қызметкерлері үздік-создық келе бастады. Алдымен Ғаббас Жұмабаев – жауапты хатшы, ақын. “Меньшевиктер мылжыңдады сөз бермей, – Мұрнынан арғы жерді көзі көрмей...” – деп өлең жазған. Еңкеңдей қорбаңдап, иығын қомдап, дүрдиген, қалың ерні жабысып, әрең айрылып, бас редактормен қол алысып, күбір етіп амандасты, маған ешқандай ишарат жасаған жоқ, ісіңкі қабағының астынан түйіле қарады да, аяғының әлі құрығандай, бір жақ қапталға сылқ етіп отыра кетті. Қабдеш Жұмаділов – ақын, арғы беттен келген, бізден бірер курс жоғары оқып еді, әдебиет бірлестігінің жиындарында сөйлегенін көргем, баспасөзден жақсы өлеңдерін оқығам, оның ішінде, салт атты түнгі жолаушының көңіл әуенін толқытқан бір шағын өлеңі, алдағы ауыл туралы: “Шығар қазір алдымнан, – Оты маздап, иті үріп,” – деген сурет есімде қалыпты, екінші, әлде үшінші курстағы жазғы демалыста Шығыс Түркістанға барғанда, түрмеге салып тастапты деген хабар жеткен, алдымыздағы көрнекті жігіт, жақын таныстығымыз болмаса да, тағдырын, обалын ойлап, аянышпен еске алушы едім, содан, шекара ақтарылғанда, 62-жылы қайта өтсе керек, мен аспирантурада жүргенде университетке оралды, енді биыл бітірген тәрізді, “Қазақ әдебиетіне” қызметке тұрыпты деп естігем; көзі қаймыжықтана күлімдеп, қол алып амандасып, оң жақ қапталдағы ұзын столдың төменгі тұсына барып отырды. Рамазан Тоқтаров – шашы дудырап, асығыс кіріп, ентелей сәлемдесті, прозашы, біз университетте жүргенде журналда, әлде газетте “Махаббат операциясы” деген әңгіме шығып, филфактың қыздары бірінен бірі сұрап оқып, қырылып қала жаздаған, одан беріде жеке жинағы басылса керек, түгел оқығам жоқ, бірақ сыртынан болашақ үлкен жазушылардың есебіне қосып қойып едім; проза бөлімін басқаратын шығар деп ойласам, соңынан білдім, дербес тілші саналады екен. Қажықұмар Қуандықов – театр сыншысы, актер есепті, әдемі жігіт екен, байыпты, кербез, отыздың жуан ішінде, ол кезде бізге үлкен кісі болып көрінеді, Қапекеңе бас изеді де, ұзын столдың ортан белінен оза орын алды. İзтай Мәмбетов – белгілі ақын, көптеген сырлы өлеңдер жазған, “мен туыппын ақпандатқан боранда...” – деп жырлаған, қазіргі кейпінен қажыр-қайрат та, тентек мінез де танылмайды, шаршаған, қажыған адам, әуестік жоқ, тым сүлесоқ; столдың жоғарғы жағына, еңкейе барып, төне отырды. Егде жастағы мәшіңкеші екі әйел: ақсары апай – артынан білдім, аты Әмина, күлім қағады; қараторы апай – Роза Дұғашева, ұлты ұйғыр, шашы бұйраланған, түксиіп тұр, кесірлі кісі сияқты. Ең соңынан Нығмет Ғабдулин келді. Бас редактордың орынбасары. Көлденең диванға жайғасты. Маған қарап, жымиып қойды. Осындағы ең жақын адам. Маған қатысты бар шаруаны тәмамдаған, енді байсал, босаң қалыпта, еркін отыр.
Қапекең екі-үш ауыз қысқа сөзбен мені редакция ұжымына таныстырды. Нақты не айтқаны есімде жоқ, менің қызметімді айтып, үлкен сенім артатынын білдірсе керек. Жұртты таратып, мені оңаша алып қалды. “Бәрі қожбантопай, – деді. – Газет көңілдегідей шықпай жатыр. Бірінің білімі, дарыны жетпейді. Бірінің ынта, пейілі жоқ. Әйтеуір шығарып жатырмыз. Дау-дамай көп. Күйіп тұрған бір жер. Кейде, кетсем бе деп те ойлаймын. Енді сенімен біраз шаруаны ілгері апарамыз. Газеттің төрт бетінің бірі – сенің үлесіңде. Толтыру керек. Уақытынан бұрын тапсыру керек. Түгел классик. Сын бөлімі деген... жанып тұрған отың ортасы... соның бәрін саралап, бағалап отыру керек. Түгел классик емес. Түгел... көбі халтурщик. – Сосын күліп алды. Демін ішіне тартып, ернін жаланды. – Бірақ түгел сынай беруге болмайды, – деді. – Бала бастаған істің басы жарық, сен де қожбантопай бірдеңе болып кетіп жүрме...” “Біз жарылмайтын, майыспайтын қара темірдей боламыз,” – дедім. “Тым қатты болсаң, шорт сынасың, – деді Қапекең. – Сүзеген болсаң, мүйізден айрыласың.” “Менің мүйізім мықты, – дедім. – Кімді сүзсек те...” Қапекең маған қарап күле бере, аңырып қалды. “Шахмат ойнайсың ба?” – деді сосын қозғалақтап. “Қапеке, мен өтірік ойнай алмаймын, – дедім. – Сізді ұтам. Содан соң қайтадан араздасып қаламыз...” Қапекең қарқылдап күлді. Қоңырау тетігін басты. “Қабдешті шақыр.” Шахмат ойнауға ма деп едім. “Қабдеш, – деді. – Мына Мұхтарды алып бар, столын көрсет,” – деді. Кейін өзіміз де төре болдық, жазылмаған рәсім бойынша, бас редактор бөлім бастығын өзі апарып отырғызуы керек. Отырғызуы, орын құтты болсын деп, қолын алуы керек. Қапекең мұны біледі, кісілігі де ұстап отырған жоқ, мені сырттан бағалап, арнайы шақыртқан Жазушылар одағының төрағасы Ғабит Мүсіреповтің нұсқауымен, жоғарыдан қабылдаған соң, өзінше, елпілдей бермейін деп, қыр көрсеткені. Тағы бір сыбағасы бар екен. Мені бірден шаруаға жегу керек, бірден-ақ өз жауапкершілігімді сезінуім керек. “Содан соң екеуің осы қазір баспаханаға барыңдар. Ертеңгі номердің кезекшісі – екеуің боласың!” Қарқылдап күлді. Мені он үш күн бойы сарсаңға түсіргенін ұмытып кеткен. “Ағайынды қоңыр қаз, барыңдар енді...” “Ағайынды қоңыр қаз...” Сөз төркінін ұққан адамға бұл – қостау, мадақ емес. “Ағайынды қоңыр қаз, – Үлкенінің басы таз, – Кішісінің ақылы аз...” Тіркестің толық нұсқасы осындай. Бірақ аңғалақ Қапекең ондай астар бермеген сияқты. “Айтпақшы, Рамазанды шақырыңдар, – деді біз тұрып, кетуге бетегенде. Қоңырау шалып, өзі шақыртты. – Рамазан, – деді. – Сен енді байлаулы тілші боласың. Жұмысың бұрынғыдай, бірақ бастығың бар – осы Мұхтар. Ал, енді барыңдар...” – деді. Кейін Рамазан еске алып күледі: “Мына Мұхтар, боп-боз, ап-арық, бала кезден кеудесі көк тіреп, келе сала өзінен үлкендермен құрдас болып кетті, келе сала маған бастық болды, ғұмыр бойы маған бастық болып, ақыры пенсияға да өзі шығарды,” – деп. Әуелгісі – Қапекең ілген, шартты байлам, соңыра “Жазушы” баспасына келтірдім, ақыр түбі “Жұлдызға” шақырып алғаным да рас, алты-жеті жыл бойы орынбасар-бас редактор қызметін атқарды, зейнет демалысына осы жерден кетті. Оған дейін әлі отыз жыл бар еді. Ал қазір Қабдеш екеуі мені бөлімге алып келді, бастықтың столы мынау, отыр деді, содан соң құттықтап, қолымды алысты, қызметес жігіттер де келіп, түгел құттықтап, жұмысыма табыс тіледі. Одаққа келдің – әдебиетке келдің десті. “Енді столыңды жуу керек, – деді Рамазан. – Төменге түсеміз. Жігіттер жүріңдер, мына Мұхтар столын жуады. Әзірше жұқалап, бір қабатын ғана.” Қалтамда ақша бар, кезекшілігіміз қалай болар екен деп Қабдешке қарап едім, Рамазан күлді. “Қапекең келмей жатып кезекшілікке жіберген бе? Редакция қамытын бірден сезінсін деген ғой. Түстен кейін барасыңдар. Сағат үштен соң.” Қабдеш басын изеді: “Сағат екі жарымнан қалмасақ болды.” Жапырлап астыға түстік. Орта жолдан “Жұлдыздың” бір-екі жігіті қосылды. Жазушылар одағының асханасы. Баяғыда, студент кезімізде осында келіп, дәм ішіп кетуді мәртебе санайтынбыз. Жігіттер екі столды қосып жіберді. Түскі ас уақыты тақап қалған, мол етіп тағам келтірдік. Асхана бөлмесінің кіре берісінде буфет бар, мен бір шөлмек коньяк сұрап едім, керегі жоқ деп, Рамазан екі жартылық ақ арақ алғызды. Жалаңдап отырған бес-алты жігітке жұғын болып па, қырлы стакандарға шамалап құйып, үш-ақ айналдыруға жетті. Әсіресе Рамазан көңілді. Түскі ас ішуге келген Одақтың, “Жұлдыздың” қызметкерлері, түрі таныс тағы бір жазушыларға мені сырттай таныстырып, айтып жатыр. Көңілді болды. Дауылдасып отырған жігіттер менің ішпегенімді де байқамай қалды.
Сөйтіп, таңертең белгісіз аспирант едім, түске таман сыншы, ғалым атандым. Республикалық әдеби газеттің сын бөлімінің меңгерушісі. Өзгеше жұмыс. Жаңа орта. Жаңа адамдар...
Сең бұзылды. Баспасөзге жол ашылды. Яғни, барлық жол ашық деп білдім. Әрине, қиындық мол. Ор мен оппа, пәле-жала тағы бар. Ең бастысы – қалам өрісі кеңіді. Басқасы өз кезегінде шешілуге тиіс.
Күтпеген қатер осы, әуелгі күні алдан шықты. Шыққан жоқ, бұғып, аңысын аңдып жатыпты. Қабдеш екеуіміз баспаханаға келгенде, ертең шығатын газеттің төрт бетінің үшеуі дайын екен. Дайынға жақын. Әр бет жеке, үлкен, табақ қағаздың бір жағына басылған. Қос корректор, – бірі егде, бірі отыздың үстіндегі екі әйел, – бәрі әзір, таза десті, Қабдеш мені таныстырды, екеуіміз қатар екі столға отырып, екі табақ қағазды алдымызға алдық, әлі шықпаған газетті, тұтас болмаса да, қолға алып алғаш оқуым, әлдебір құпия сырды жұрттан бұрын білгендей, өзгеше сезім; мақалалар сұрықсыздау екен, олпы-солпы сөйлем, орынсыз қолданыстар көп, бірақ менің міндетім – түзеу емес, емле, тыныс қателерін тексеру, шәкірттің диктантын қараған сияқты; айтқандай таза емес екен, ептеп шығып жатыр, оқып бітірдік, енді екеуіміз бет алмастық, “Қате – ұры, қайдан кеткенін білмейсің,” – деді Қабдеш, шынында да, қаралған беттің өзінен, ойламаған жерден шыға келеді, ақыры, тазарғандай болды; болды деп бердік, корректорлардың бірі ішке – цехқа алып кетті, аздан соң, екі қолына екі бетті ұстап, қиралаңдай басып, егде, арық қазақ келді, бұл ақсақал метранпаж екен, яғни, бас терімші, міне, дайын, түзетілді деді, ала салып, ескі табақпен салыстырып тағы қарадық, бірер жолы ауысып кетіпті, яғни, қателері түзетілген жолды басқа бір жерге салып қойған, оның мәнісін артынан көрдім, әрбір жол жеке мырышқа құйылады екен, ұзынды-қысқалы сызғыш сияқты, жазу – бір жақ қырында, яғни, мәселен, жиырма жол бағана – қатарласа сығылған жиырма сызғыш, түзетілген жол линотиппен жеке қорғасын болып келеді, әлгі қате кеткен сызғышты алмастыру керек, аңдаусызда басқа бір жолды алып тастасаңыз, манағы бір қате – екеу болып шығады, екеу емес, төртеу, жол үзілген, мағна бұзылған, сондықтан, түзетіліп келген әрбір қатені асты-үстімен қоса қарау керек, кейін көрдім, газет қана емес, кітаптың да басылу тәсілі осы үлгіде; міне, сондай бір-екі жол қайта оңдалды, жаңсақ түзетілген және жаңадан табылған тағы бірер қате жөнделді; болды, бітті, екі бет дайын дестік, қол қойдық. Келесі екі табақ келді, ол да тексерілді, ол да тазарған сияқты. Алайда, әлі уақыт бар, мен бірінші бетті тежеп қалдым. Мұнда саяси-әлеуметтік тұрғыдағы бас мақала бар еді. Екі-үш рет оқыдым. Қабдеш те оқыды. Мен тағы қарадым. Тазартып, қайыра бастырып алғыздым, тағы үңілдім. Себебі, саяси мақалада қате кетуге болмайды. Мазмұн ғана емес, әріп, нүктесі. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бүкіл елге мәлім әрі қазақ баспасөзінің тарихында қалған өзгеше оқиға болыпты. Сүйікті, туысқан коммунистік партияның кезекті бір ғаламат съезі туралы, “Қазақ әдебиеті” газетінің бірінші бетінде берілген ТАСС-тың ресми мақаласының тақырыбы “КПСС XXI (әлде XXII – M.) съезінің қыртындылары” деп басылып кеткен. Қап-қара, жуан, мықыр қаріптермен. Итоги – қорытынды емес, қыртынды... Орысқа аударсақ, “болтовня”, “брехня” – түк емес, жолда қалады, қайран қазақтың тілі, қай жағынан алғанда да орыс тілінен бай ғой. Сол байлықтың жарқырап шыққан жерін көрмейсің бе. Дәл тапқан ғой. Ақыры, бір съездің емес, бар съездің қорытындысы – қыртынды ғана болып шыққанын тарих айғақтады. Күлеміз. Ол кезде де жұрт күлген. Студентпіз, ұзынқұлақтан естіп, біз де күлдік. Бірақ газет редакциясы күле алмапты, зәресі ұшқан, ал республикалық үкімет пен партия ашуға мінген. Бас редактор, орынбасар, жауапты хатшы, кешкі кезекші – бәрі сыпырылып жұмыстан кеткен. Сол ойыма түсіп еді. Және, құдай сездірген шығар, әлденендей күдік бар. Таза бетті тағы бір оқып шықтым. Ежіктеп-ақ отырмын. Көзім бұлдырай бастады. Содан соң Қабдешке бердім. Қабдеш те үңілді. Бұдан бұрын үш рет оқыған. Төртінші мәрте ежіктеп отыр. Кенет... шошынған жоқ, қуанған жоқ, дағдара таңырқап, орнынан тұрды. Әлгі бас мақаланы алдыма тосты. “Мынау... қалай болар екен?” Қалайы не, керемет болатын еді. Мен өз көзіме өзім сенбедім. Бес рет, алты рет оқыған мәтін. Көрмеу мүмкін емес. Жарқырап, аттандап тұр. “...Совет Одағы, туысқан коммунистік партия, Социалистік елдермен, ондағы туысқан партиялармен тізе қоса отырып, халықаралық интернационализмге қарсы күресті одан әрі, табанды түрде өрістетіп отыр!” Ал, керек болса. Совет Одағы бастап, интернационализмге қарсы күресіп жатыр. Мұндай да қате болады екен. Әрине, империализмге қарсы. Біз империализмге қарсы күресеміз. Сауатсызға айқын. Бірақ әлгіндей деп тұр. Біз советтік идеологияның негізгі ұстындарының бірі болып табылатын интернационализмге қарсы күреседі екенбіз. Әлбетте, Совет Одағы, коммунистік партия емес, “Қазақ әдебиеті” газеті. Бүкіл газет емес, бас кезекші болып отырған мына мен. Қате орта жолдан қосылған шығар деп, өткен табақтарды қарадым. Бәрінде де аттандап тұр: “интернационализмге қарсы...” күресті өрістетуге шақырады. Корректорлардан түпнұсқаны сұрадым. Мәшіңкеге басылған, газеттің таңбасы бар бірінші бетіне бөлім бастығының, оның үстіне бас редактордың қолы қойылған: олар да “интернационализмге қарсы”. Мұның бәрі түк емес. Түптеп келгенде, Советтің, бүкіл Социалистік лагерьдің ізгі саясатын бұрмалаушы, – интернационализмге қарсы бас күрескер – негізгі кезекші – мен болып шығам. Әуелі күлдік, содан соң бас шайқадық, содан соң, осы қалпында кетсе, арты не болмағын ойлап, жүрегім суып кетті. “Қыртындыға” жетпегенімен, әжептәуір айқай, тәп-тәуір аттан. Орталық Партия комитеті шара қолдануды талап етеді. Олар талап етпей-ақ бәрі орнына келеді. Әлі жарлық та берілмесе керек, сол, берілмеген қалпы мені жұмыстан шығарады. Керек десеңіз, міне, жарлық жоқ, біздің қызметкер емес, ұнатпап едім, сынап көрмек едім дейді. Қайткенде де, шоқпардың бар салмағы маған тимек. Қуылғаның тұрыпты, жарты күн істеп жұмыстан шығу – тірі өлім емес пе. Мен сол сәтте ризашылықпен күліп, рақаттана тыныстап отырған Қабдешке қарадым. Бұл жігіттің де көрмегені жоқ. Енді міне, періштенің көзі болып, мені үлкен қатерден қақты. Қолымнан келсе, осы жігітті ғұмыр бойы жарылқап өтермін деп, іштей уәде бердім. Әрине, сол сәтінде де, кейін де айтқан емеспін. Өткенді еске алып, жаныңды жайып салған кезде, қаламнан жасырар қандай сыр бар, міне, айтуға тура келді. Мен Қабдешті жарылқағам жоқ, дарынын айтпағанда, өзгеше талайы бар, бақыты зор жігіт, бірақ көбіне ат үстінде жүргендіктен, қол ұшын созған, демеген, сүйеген жағдайларым болды, бір рет әлдеқалай өкпелесем де, бар салмақты заман мен адамға аударып, тез тарқадым, саған да қол ұшын бергендер көп болды, сен де талайға септестің, әдебиет мүддесі үшін, ұлт мұраты үшін; әлгіндей жағдай болмаса да, мен Қабдешті үнемі қолдаған болар едім. Сол сияқты тағы қаншама жігітті.
Интернационализмді империализммен алмастырдық, екеуіміз бірдей терім цехына барып, метранпаж ақсақалға қатенің мәнін айттық, сонда ғана көзім түсті, кәдімгі, ұзын столдар, стол үстінде, қалып ішінде қорғасынға құйылған, теріс суретті тұтас бір бет, газеттің төрт беті екі столда тұр екен. Басқа бір тұста басқа бір газеттердің құймасы. Қорғасын қоңырсығы, майлы бояу, тағы басқа, ғажайып сүйкімді иістер шығады. Біз жер астынан тапқан қатемізді қолма-қол түзеттіріп, таза бетке түсіріп алдық, мұқият тексеріп, ақсақалға қайта-қайта тапсырдық. Қазір литодан ең соңғы бет өтеді деді ақсақал. Қай бет десек, ретімен, төртінші бет. Яғни, “интернационализмге қарсы күрес” мана өтіп кеткен, бес аяғы тағалы, қырағы цензордың өзі көрмеген. Қайта апарып, мына, түзетілген бетті көрсетіп, жаңадан қол қойғызса теріс болмас еді деді ақсақал, біз Қабдеш екеуіміз ақылдасып, хош көрмедік, қате түзетілді, енді өтіп кеткен істі қайта жаңғыртып қажеті жоқ, тіркеп алады, содан соң әуелгі шыққан жерін іздестіреді, газетке, редакторымызға сөз келеді дедік, ақсақал мен ештеңе көргем жоқ, өздерің білесіңдер деп, одан әрі қузамады. “Цензордың өзі байқамапты!..” – деді Қабдеш күліп. Сонда ғана ойладым. Мүмкін байқаған шығар. Оған ешкім кінә тақпайды. Қайта, көзге түсуі мүмкін. Көріп отырып, газет басылып біткенше шыдап, таңғы сағат тоғызға таман дабыл қақса. Әбден мүмкін. Сол мезетте төртінші бет те келді. Енді жүре беріңдер, бәрі бітті, бәрі дұрыс деді метранпаж ақсақал. Бірақ мен мынандай өрескел қатеден соң, газеттің тасқа басылған данасын көрмей кетпейтінімді айттым. Асықпасаңдар өздерің білесіңдер, деді ақсақал. Онда көмектесіп жіберіңдер. Жаңағы столымыз жылжымалы екен, қалыпты екінші бір жерге сүйретіп апарыстық, онда әлдебір машинаның астына түсірді, бірдеңені жапты, бірдеңені төңкерді, болды деді, біздің ақсақал қорғасын қалып бетіне жабысқан үлкен табақ қатырма қағазды алып қарады, қағаз емес, басқа құрамды нәрсе, қорғасынның бар бедері түсіпті, матрица, яғни жаңа қалып екен. Ол қалыпты тағы бір жерге әкетті. “Енді біртұтас етіп, мырышқа қайта құяды” – деді Қабдеш. Содан соң баспа машинасына салады. Цехтарды аралап, корректорлар бөлмесіне қайта келіп, – келіншектер шаруа біткен соң кетіп қалған екен, – ананы-мынаны қарағыштап, анау-мынау әңгіме айтысып отырып, бірер сағатан соң баспа цехына бардық. Тарс-тұрс, гу-гу, әйдік машиналардың біліктері тоқтаусыз, сарт-сұрт айналады, жарқ-жұрқ еткен ақ мырыш; манағы қалыпты жарты доңғалақ етіп құяды екен, екі бет – бір білік, шыр айналғанда, арада оратыла зырқыраған ақ қағазға газет беттері таңбаланып жатыр. Біз әлдебір тұстан өзіміздің метранпажды көріп, қасына тақадық. “Қазір,” – деді ақсақал. Айтқанындай-ақ, осы тұста тұрған баспа станогының біліктері айнала бастады. Бұл жердегі маман әуелгі беттерді жұлып-жұлып тастады, содан соң тетікті қайта нұқып еді, кәдімгідей бүктеліп, тіркесе сырғыған газеттер бірінің үстіне бірі түсіп, текшелене бастады. Ақсақал сұрап алып, бізге бірнешеуін будағымен ұстатты. Рақмет айтып, қоштасып, былай шықтық. Бәрі дұрыс. Империализмге қарсы күресеміз. Газет үшеу екен. Мен екеуін алдым. Әлі жарыққа шықпаған, ешкімнің қолына жетпеген “Қазақ әдебиеті”. Бояу иісі – жағымды, туыс иіс аңқып тұр. Баспасөз аталатын сырлы өлкеге осылай еніп едім.
Алматының тау жақ беті, Горный гигант, Партизан көшесі, 36-үй, екі бөлмелі жалдамалы пәтер, мен автобус тосып, одан соң әр тұсында ғана сарғайған шамы бар, бұрма, тар, алакөлеңке көшелермен үйге жеткенде қараңғы түскен, сағат онға тақаған. Келіншегім қызымызды көтеріп, есік алдында жүр екен. Мені көргенде даусы шығып кетті. Мен бейсауат жүрмеймін. Неге кешікті, не болды деп қорқыпты. Қызметке тұрғанымды, жұмыстан жаңа ғана босап, асыға жеткенімді айттым. “Үміт те мазасызданды, қатты қорықтық,” – деді. Менің қызметке ілінгеніме емес, аман келгеніме қуанып тұр. “Сонда, ылғи осылай жүресің бе?” – дейді. Мен әдепкі жұмыс күндіз екенін, бүгін кезекші болғанымды, мұндай міндет айына бір рет қана келерін, онда да ертерек қайтатынымды айттым, үйге кірген соң қолына ертең шығатын “Қазақ әдебиетін” ұстаттым. Міне, мен шығарып келген газет дедім мақтанып. Мақалаң бар ма? Енді қалаған уақытымда мақалам болады...
Оқумен, ізденіспен өткен, қызығынан қиындығы басым, үміт пен күмән тең түскен, алла мен аруақтан ғана сүйеніш іздеген жастық дәурен аяқталған екен. Ендігі өмір басқа. Ендігі күрес те басқа бір тұрғыда болмақ.
Мұхтар Мағауин, 1998.