Бүгін қазақтың ұлы перзенті, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұлттың рухани шежіресін, яки тарихын, ауыз әдебиетін кең ауқымда зерттеген сөз зергері Мұхтар Мағауин мерейлі 80 жасқа толып отыр.
Ол – филология ғылымдарының докторы, публицист, Қазақстанның халық жазушысы атағын алған санаулы қаламгерлердің бірі.
Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысты Аягөз ауданы Баршатас ауылында дүние есігін ашқан. 22 жасында Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітіріп, еңбек жолын сол жылы бастаған. Қазақ әдебиеті газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары Жазушы баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген. Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізген.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ прозасына Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділ, Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік қатарлы аса дарынды жастар легі келді.
Ұлы Әуезовтің өзі “Е, бәлі, аты да, фамилиясы да жақсы екен” деп сүйсініс білдіретін Мұхтар Мағауин есімді жазушының өз деңгейінен төмендегенін ойлы оқырман, талғампаз жұрт білген де, көрген де емес. Керісінше, уақыт өткен сайын әлдеқайда биік шырқап шарықтағанына, Ақан серінің Құлагерінің кейінгі көзіндей Мағауия атасының Нарқызылынша көсіле шауып, өнер бәйгесінде озғанына бәріміз куә-дүрміз.
Жазушы Ғабит Мүсірепов: «...Оның алпысыншы, жетпісініші жылдары жазған әңгіме, повестері қалам ұшы өткір, әр сөздің ішкі-тысқы ен таңбасын, қат-қабат сыры барын сол кезде-ақ танытыпты. Мұхтар Мағауиннің сол тұста жазған "Әйел махаббаты", "Күтпеген кездесу" сияқты әңгімелерін, "Қара қыз" сияқты повесін оқыған сыншы, не болмаса замандас достары сол күні-ақ авторды құшақтап құттықтаған шығар деп ойлаймын. Өз басым сол достар қуанышының ішінде болмағанымды өкініш еткендеймін. Пендешілік тағы…
Мұхтар Мағауин ана тіліміздің байлығын, оралымды, астарлы, әрі от жалынды, әрі нәзік те биязы бояу-сырларын алғашқы адымдарынан бастап-ақ меңгеріп алғанын көрсетеді. Тіліміздің оралымдылығын тереңдетуге қосқан үлесі де аз емес.
Мағауин шығарма желісін тартуға шебер. Сиыспас бірдемелерді тоқпақтап жіберу "әдісі" онда атымен жоқ. Оқиға соғыстары – себеп пен өрісі шебер түйілген. Адам міндерін оңашалап алып қарасаң бәрі де таныс-бейтаныстар.
...Осы айтқандарымыздың әділет екендігіне сенгендіктен Мағауин Мұхтар бұдан он-он бес жыл бұрын-ақ іргелі жазушыларымыздың қатарына қосылды демекпіз. Оның соңғы жылдарда шыққан екі томдық романы "Аласапыран" бұл ойымызды толықтыра түседі. Мағауин қазір үлкен жазушылар қатарынан сенімді орын алды. Үлкен шығарма,үлкен талдауды керек етеді. Әдебиет зерттеушілерінің шаруасына қол сұқпай-ақ қысқаша ғана өз қорытындымды айтсам:
"Аласапыран" - қазақ совет прозасының тағы бір үлкен мақтанышы. "Жақсы еңбек" дейтініміздің шеңберіне сыймайтын, ойы терең, тіл көркемдігін түгел меңгерген, шебер қаламынан ғана туа алатын қымбат қазына.
Мұхтар Мағауин қай шығармасында болсын еркін отырады. Тақырыптары ұсақ-ұлаң емес, бүгінгі күніміздің іргелі сауалдарына толымды жауап береді. Атүсті емес, терең жауаптар. Алған тақырыптарын терең зерттеп алатынын байқалады. Әсіресе, "Аласапыран" романын жазу үшін қанша архивті қопарғанына, қанша қалаларды кезгеніне таң қаласың. Мағауин Мұхтар - орнықты дарын, үлкен талант» деп шынайы бағасын берген.
Ал онымен қатарлас, қаламдас жазушы Ә.Кекілбаев «Мұхтар Мағауин - саяси озбырлық, рухани әрі-сәрілік, кәсіби балаңдық жабыла қинап, дағдарыс тығырығына қамалған әдебиетіміздің одан әрі дамуына жаңа қарқын бітіруге тырысқан алпысыншы жылдардағы серпілісте айрықша көзге түсіп, сол қарқынын әлі күнге үдетпесе, бәсеңдетпей, жанқиярлық танытып келе жатқан кесек тұлғамыз. Оның бүгінгі де, ертеңгі де оқырмандар алдында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қадым замандар тақырыбына алғаш қадам тартқан ғалым ретінде ұлттық көркем ойдың ең кемел күштерінің төл тарихымыздың кенде зерделеніп келе жатқан кезендерін көрсетуге жаппай жұмылуына түрткі болды. Өзі де сол бәйгеде озып шыға алған жүлделі жүйрік» деп бағалады.
Ал, қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әли уақытында: “Әдебиетке мықты дайындықпен келіп, әуелдегі темірқазық нысанасынан бұрылып бұлтақтамай, өз позициясын ұстап қалған жазушы – Мұхтар” деп пікір білдірген-тін.
Қабдеш Жұмаділдің де мемуарларында Мұхтармен үзеңгілесе Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының дүниеге келуіне қалай үлес қосқанын, Мағауиннің тарих қойнауында ұмытылып қалған жырауларды қалай тірілткенін кеңірек баяндалады.
Мұхтар Мағауин әр жылдары «Қазақ әдебиетінде», «Жазушы» баспаларында, «Жалын» журналында қызмет етті. «Кешқұрым» атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланды. Кейінгі жылдары ол «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестер мен әңгіме жинақтарын, «Көк мұнар», «Шақан шері» романдарын, «Аласапыран» роман-дилогиясын, «Қобыз сарыны» атты монографияны, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми-зерттеу еңбектерін, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулықтарын, хрестоматия және басқа да оқу құралдарын жазды. 1983-1984 жылдары еркін шығармашылық қызметте болып, 1984-1986 жылдары Жазушы баспасының бас редакторы болып жұмыс істеді. 1988 жылдан бері Жүлдыз журналының бас редакторы болды. 2002 жылы он үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Көптеген шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылып та шыққан.
Мұхтар Мағауин – қайраткерлігі мойындалған жазушы. Профессор Тұрсын Жұртбай жазғандай «ол - азаматқа тән өмірлік көзқарас қайшылығы бар, жазушыға тән тағдыры бар, оқымыстыға тән ой тартысы бар тағдырлы тұлға».
«Мұхтар Мағауиннің тәуелсіздік жылдарында жазған жаңа тұрпаттағы шығармалары көркемдік әлемді игерудің тың арнасын қалыптастырып, ұлттық рухты сілкіндіретін өзгеше дүбірлі құбылысқа айналып отыр». Жазушыны терең зерттеген филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы да Мағауиннің шығармашылығына осындай ерек баға береді.
"Әдебиеттің “сегіз қиыр шартарап” ғаламында өзінің сәруар сәулелі әлемін жасайтын қаламгерлер сирек. Бұл шапағатты бақыт кез келгеннің маңдайына бұйыра бермесе керек. Айталық, “Абай әлемі”, “Әуезов әлемі” дейміз. Заманалар зарлығы, қазақтың Махамбеттен кейінгі қызғыш құсындай, Бұқар жыраудан кейінгі ұлт ұраншысындай Мағжанның мұздай құрсанған қайсар да мұңлық байтағы бір бөлек. Осы аталған және аталмаған Алаш руханиятының алыптарымен арқаулас, алқаулас һәм рухтас та бауырлас Мұхтар Мағауин әлемінің де ілкіде сонау ел анасы “Еділден аққан сызашықтай” бірте-бірте жылғалана арна тартып, ұлттық рух кеңістігін мың жылдық қобыз үніндей әуелете кернеп, бұрқанған бұлтты аспанда қаракөктене мұнартып келіп, ақтығында Алаш баласының тоқсан толғаулы жан күйін толғаған аласапыран ұлы сарынға ұласқаны да күн сайын атар таңдай ақиқатқа айналғалы қашан. Ата-баба аруақтарынан аманат арқалаған алдаспан жазушының мәңгілік күйі де осы Мағауин әлемінің айнасындағы Алаш рухты аласапыран сарын екендігін зиялы қауымның құйма құлақ, зерен көкіректері қапысыз аңғарып, ұққанына және күмәніміз жоқ", - дейді жазушы, журналист Қорғанбек Аманжол.
Ендеше, Ұлт порталы сексеннің сеңгіріне шыққан қабырғалы қаламгерге зор денсаулық һәм шығармашылық табыс тілейді.
Ақсақал отбасы мен жақындарының ортасында бақуатты ғұмыр кешіп, көзі ашық, көкірегі ояу оқырманын ғажайып дүниелерімен қуанта бергей!
Тәңірі Алаштың алдаспанына айналған ұлы жазушыға ұзақ ғұмыр беріп, көрер қуанышын еселей түссін!